اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала бұл шексіз ғаламды ешқандай кемшіліксіз, таңғажайып бір тәртіппен әрі мүлтіксіз дәлдікпен жаратты. Егер біз айналамызға зер салып, ақыл көзімен ой жүгіртетін болсақ, әрбір жаратылыстың мейлі ол көк аспандағы алып жұлдыз болсын, мейлі жердегі кішкентай жәндік болсын бәрінің де өз орнында, өз жүйесімен қызмет етіп тұрғанын көреміз. Жаратушы Алла қасиетті Құран Кәрімде:
لَا الشَّمْسُ يَنبَغِي لَهَا أَن تُدْرِكَ الْقَمَرَ وَلَا اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ ۚ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ
«Күннің айды қуып жетуі лайықсыз, сондай-ақ түннің күндізді басып озуы да мүмкін емес. Әрқайсысы өз жолымен көк кеңістігінде жүзіп барады», – деген («Ясин» сүресі, 40-аят).
Бұл аят – ғаламдық тәртіптің заңы. Имам Қуртуби (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде осы аятқа қатысты ғұламалар түрлі пікірлер айтқандығын келтіреді: «Кейбір ғалымдардың пікірінше: Күн мен Айдың әрқайсысының өзіне ғана тән билігі (ықпал ету аймағы) бар. Алла Тағала Өзінің алдын ала белгілеген ұлы жүйесін тоқтатып, Күн батыстан шыққанға дейін, олардың бірі екіншісінің шекарасына кіріп, билігін (қызметін) тартып ала алмайды», – деп айтқан.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللهَ تَعَالَى يُحِبُّ إِذَا عَمِلَ أَحَدُكمْ عَمَلًا أَنْ يُتْقِنَهُ
«Расында, Алла Тағала сендердің бірің бір іс істегенде, оны мұқият орындауын жақсы көреді», – деген (имам Табарани).
Алла Тағала бұл әлемді белгілі өлшеммен, әдемі үйлесіммен және мінсіз тәртіппен жаратты. Күн өз жолымен, ай өз жолымен жүреді. Әрбір жаратылыс өзіне белгіленген шектен аспайды. Адамзат қоғамы да сол секілді бір жүйеге құрылған. Оның берік тұруы тек экономикаға немесе технологияға құрылмаған, ең алдымен рухани тәртіпке, әділдікке, жауапкершілікке және әдепке байланысты. Әр адам өз шегін біліп, өзгенің ақысын таптамай, әділеттен айнымай, жауапкершілігін орындаған кезде қоғамда үйлесім орнайды. Ал әділет жоғалып, ар-ұят әлсіреп, әркім өз нәпсісінің соңына ерсе қоғамның сыртқы қабырғасы оның рухани іргесі сөне бастайды. Қоғамның тұрақтылығы – тәртіпке, әділетке байланысты. Сондықтан тәртіп адамның еркіндігін шектейтін бұғау емес, ол – еркіндікті сақтайтын шекара. Әділет қоғамды ұстап тұрған тірек. Ал адамгершілік – сол тәртіпке жан беретін рух.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Тәртіп бұзылған жерде «бүлік» басталады. Ал бүлік – берекенің жауы. Көпшілікке түсінікті болуы үшін тәртіпті мынадай түрге бөліп түсіндіруге болады:
Адамның адамгершілігі, мінез-құлқы мен әдебі өзін қалай ұстауына, тәртібі мен тәрбиесінен байқалады. Ислам тарихына назар аударсақ уахидың алғашқы кезеңінен бастап, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын тәртіп пен әдепке тәрбиелеген. Өйткені адамзатқа асыл дінімізді жеткізетін жандар өте көркем мінез-құлық иесі, тәртібі мен әдебі үйлескен жандар болуы керек еді. Сондықтан асыл дініміздегі әдеп қағидалары толығымен тәртіп пен тәрбиеден тұрады. Кімнің тәртібі берік болса, оның әдебі көркем болады. Ал кімнің әдебі көркем болса, оның діні көркем болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресі, 6-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», – деп айтқан. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Оларға әдеп пен білім үйрет», – деп түсіндірген. Демек адамның екі дүниелік бақытқа жетуінің бір себебі – әдепті де білімді, тәртіпті де тәрбиелі болуы.
Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары арқылы Алла Тағаланың Өзі тәрбиелеген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ أَدَّبَنِي فَأَحْسَنَ أَدَبِي
«Расында, Алла Тағала мені тәрбиелеп, әдебімді көркем етті», – деген.
Алла Тағала үйреткен Иләһи тәртіппен Алла Елшісі адамдарға дінді өте жеңіл қабыл ететіндей, бірте-бірте үйреткен. Біздерді жүйелілік пен тәртіпке шақырған хадистерінің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَحَبُّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللهِ تَعَالَى أَدْوَمُهَا وَإِنْ قَلّ
«Амалдардың ішінде Алла Тағалаға ең сүйікті болғаны – аз болса да үзілмей жалғасып тұратыны», – деген (имам Бұхари).
Бұл хадисте мұсылман адам қандай да бір істі бастағаннан кейін, оны үзбей, өз уақытында, тәртібіне сай әркез жасап тұруы қажеттігі айтылған. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) атылмыш хадисті: «Бұл хадис бір іс жасауда тұрақты болуға жігерлендіреді. Онда аз болса да үзілмей, әркез жалғасып тұратын амал, кейде атқарылатын көп амалдан артық екені әрі үзілмей атқарылатын аз амал кейде ғана атқарылатын көп амалға қарағанда әлде қайда көп пайда әкелетіні баяндалуда», – деп түсіндірген.
Сондықтан жеке бастың тәртібі дегеніміз адамның өз нәпсісін басқарып, уақытын, сөзін, ісін және жауапкершілігін реттей білуі деген сөз. Өзін тәртіпке келтірген адам ғана өз өмірін басқара алады. Өйткені қоғамдағы үлкен тәртіп әр адамның ішкі тәртібінен басталады. Ал адамның өзін тәртіпке келтіруі ең алдымен өзіне есеп беріп, әр ісін саралай білуінен басталады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الكَيِّسُ مَن دَانَ نَفْسَهُ...
«Ақылды адам өзін есепке алады...», – деген (имам Термизи).
Отбасы мүшелерінің бақытты да баянды ғұмыр кешуі үшін отбасында белгілі бір тәртіп пен жүйе болғаны дұрыс. Халық дәстүрінде үлкендерді құрметтеу, олардың ризалығын алу, ер мен әйелдің бір-бірін сыйлауы, дастарқанда ең әуелі үлкен кісі бастап асқа қол салу, астан кейін бата жасағаннан соң тұру сияқты тәртіп пен тәрбиемізді көрсететін істер көп. Отбасылы ер мен әйелдің өз отбасылық міндетін атқаруы да отбасындағы тәртіпке байланысты. Алла Тағала Құранда:
وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 228-аят).
Дініміздегі отбасылық тәртіп ер мен әйелдің екеуінен де талап етіледі. Ер адам әйел адамның нәзік табиғатын ескеріп, оны балаларының анасы ретінде сыйлап, барынша құрмет етуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ
«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – деген (имам Тирмизи).
Мұғауия (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Бірде мен: «Уа, Алланың Елшісі! Бізде әйелдеріміздің қандай ақысы бар?» – деп сұрадым. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен өзің тамақ ішсең, оны тамақтандыруың керек, өзің киінсең, оны киіндіруің керек және де сен оны ұруыңа, жаман сөздер айтуыңа, үйден тыс жерде одан теріс айналып кетуіңе болмайды», – деп жауап қатты», – деді (имам Әбу Дәуід).
Сол сияқты әйел адам да ер адамды балаларының әкесі, шаңырағының иесі ретінде сыйлай білуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِذَا صَلَّتِ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا، وَصَامَتْ شَهْرَهَا، وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا، وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا، قِيلَ لَهَا: ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ
«Әйел адам бес уақыт намазын оқыса, рамазан айының оразасын ұстап, ар намысына ие болып және күйеуіне бағынатын болса, жәннаттың қалаған есігінен кіретін болады», – деген.
Осындай тәртіп пен жүйе, өзара сыйластық қалыптасқан отбасында береке орнайды. Жүсіп Баласағұни: «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде», – деп айтқанындай отбасында әдеп пен тәрбиені, тәртіп пен жүйені көріп өскен балалардың бойында да ізгі қасиеттер көрініс табады. Берекелі отбасы қаталдықпен емес, тәртіп, мейірім және әділетпен құрылады. Әр адам өз міндетін орындап, өзгенің ақысын сақтаған жерде отбасыда тыныштық пен береке орнайды.
Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауы маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу – күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُبِينًا
«Сондай мүмин ер мен мүмин әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар жала жауып, өздеріне ашық күнә жүктеп алды», – деп айтқан.
Ислам тарихында орын алған Ухуд шайқасындағы садақшылардың Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан тәртіпке бағынбай, таудан түсіп кеткені үшін мұсылмандардың жеңіліске ұшырауы баршамызға үлкен ғибрат.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау сияқты т.б. істер жатады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ بَعْدَ إِصْلَاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا إِنَّ رَحْمَتَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ
«Жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Мұсылман адам өзге адамдарға зиян беретін кез келген іс-әрекеттен сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
اتَّقُوا اللَّعَّانَيْنِ بِصِيغَةِ التَّثْنِيَةِ وَفِي رِوَايَةِ مُسْلِمٍ قَالُوا : وَمَا اللَّاعِنَانِ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ أَوْ فِي ظِلِّهِمْ
«Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар!» – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген» (имам Мүслим).
Тағы бір хадисте:
اتَّقُوا الْمَلَاعِنَ الثَّلَاثَةَ الْبَرَازَ فِي الْمَوَارِدِ وَقَارِعَةِ الطَّرِيقِ وَالظِّلِّ
«Лағынет әкелетін үш істен сақтаныңдар (олар): бұлақтарға, жол ортасында және көлеңкеде үлкен дәрет сындыру», – деп айтылған (имам Әбу Дәуіт).
Ислам – адамдардың мүддесін ескеретін, олардың игілігі мен пайдасына мән беретін дін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін осыған ұмтылуға және адамдардың мәжбүрлі түрде пайдаланатын орындарында, отыратын жерлерінде, су ішетін орындарында және қоғамдық орындарда оларға зиян келтіруден аулақ болуға тәрбиеледі. Яғни, Алланың лағынетінен аулақ болуға шақырды. Өйткені лағынет Алланың рақымынан қуылу дегенді білдіреді. Олар:
- «Су көздеріне дәрет сындыру»– яғни құдықтар, өзендер және басқа да су көздеріне адамның дәрет сындыруы. Мұндай әрекет судың ластануына әкеледі.
- «Жол үстіне дәрет сындыру» – адамдар жүріп өтетін жолдарға, көшелерге қалдықтар тастамау. Өйткені бұл адамдарға зиян келтіріп, олардың мазасын алады.
- «Көлеңкеге дәрет сындыру»– адамдар ыстықтан қорғанып, демалатын көлеңкелі орындарды ластамау. Бұл қабырғаның, ағаштың немесе адамдардың жиналып отыратын көлеңкелі орындар.
Яғни хадистің негізгі мәні – адамдарға зиян келтірмеу, қоғамдық орындарды ластамау және өзгелердің игілігіне құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтау.
Төртінші: құлшылықтағы тәртіп
Көптеген адамдар «тәртіп» дегенді тек қағаздағы заңдар немесе сыртқы шектеулер деп түсінеді. Алайда мұсылман үшін тәртіп – бұл иманның жемісі және құлшылықтың ажырамас бөлігі. Ислам – тәртіпсіздікке қарсы дін. Біздің әрбір құлшылығымыз – адам баласын жүйеге баулитын үлкен тәрбие мектебі. Айталық:
- Намаз – уақыт пен жинақылықтың мектебі
Күніне бес рет оқылатын намаз – мұсылманның тәулік бойғы уақытын ретке келтіретін жүйе. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا
«Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді», – деген («Ниса» сүресі, 103-аят).
Намаз – мұсылманды уақытқа, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелейтін ұлы құлшылық. Ондағы әрбір қимылдың өз ретімен орындалуы, имамнан озбай, сапты бұзбай ұйып оқу бізге жүйелі жұмыс жасауға үйретеді. Намазда сапты түзей алған адам өмірде де өз жолын түзеуі тиіс. Мешіттегі тәртіп отбасыға, жұмысқа және қоғамға ұласқанда ғана оның тәрбиелік мәні толық көрінеді. Өйткені тәртіп – иманның өмірдегі көріністерінің бірі.
- Ораза – ішкі тәртіп пен нәпсіні тізгіндеу мектебі
Тәртіптің ең қиыны – сыртқы заңға емес, өз нәпсіңе тәртіп орнату. Өйткені қоғамдағы тәртіпсіздіктің бастауы көбіне адамның өз қалауын тия алмауынан туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, ораза – мұсылманды ішкі тәртіпке тәрбиелейтін ерекше мектеп. Оразада адам таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылып, уақытқа және Алланың әміріне бағынуды үйренеді. Ауызашар уақыты келмей тұрып, өзіне рұқсат етілген нәрсенің өзін тәрк етуі нәпсіні басқарудың үлкен жаттығуы. Сондықтан ораза адамға өзін бақылауды, сабыр сақтауды және шекарадан аспауды үйретеді. Өз нәпсісін тәртіпке келтірген адам қоғамда да тәртіп пен жауапкершілікті сақтай алады. Оразаның тәрбиесі мешітпен шектелмей, мұсылманның күнделікті өміріне айналуы тиіс.
- Қажылық – миллиондаған адамдардың бірізділігі мен тәртібінің көрінісі
Миллиондаған адамның бір уақытта, бірдей киіммен (ихрам), бір бағытқа қарай бет алуы – исламдағы ғажайып тәртіптің көрінісі. Онда ешқандай бейберекеттікке жол жоқ, тек белгіленген заңдылықтар орындалады. Бұл мұсылман үмбетінің тәртіп пен жүйелілікке негізделгенін көрсетеді.
Ғаламдағы Күн мен Айдың қозғалысы қалай мүлтіксіз болса, адамзат қоғамы да белгілі бір ережелер мен тәртіпке бағынғанда ғана береке табады. Тәртіп жоқ жерде «бүлік» (фитна) басталады. Бүлік – халықтың арасына іріткі салу, өтірік ақпарат тарату, орнаған тыныштықты бұзу. Оның зардабы – кез келген қақтығыстан да ауыр. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Әсілі бүлік – кісі өлтіргеннен де бетер», – деген («Бақара» сүресі, 191-аят).
Хакім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің», – дейді.
Надандық – ақиқаттан қашу. Надан адам өз ісінің салдарын аңғармай, өзіне де, өзгеге де зиян шектіреді.
Еріншектік – жауапкершіліктен қашу. Ол адамды қоғам алдындағы міндеттерінен алыстатады.
Залымдық – осы екеуінің шегіне жеткен тұсы. Өз мүддесі үшін өзгеге қиянат жасау – қоғам тыныштығын бұзатын ең ауыр кесел. Зұлымдық алдымен адамның ішкі ниетінен басталады. Сондықтан хакім Абай адам баласын өз ішкі дүниесін таразылауға шақырған. Тәртіп бар жерде – береке, тәртіпсіздік бар жерде – қасірет болары белгілі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ بَعْدَ إِصْلَاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا ۚ إِنَّ رَحْمَتَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ الْمُحْسِنِينَ
«Жер бетін түзеп, жөнге келтіргеннен кейін, онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Құрметті жамағат!
Алуан ұлт пен сан түрлі дін өкілдерін біріктіретін күш – ортақ тәртіпке бағыну және бір-біріне құрметпен қарау. Қоғамдағы тұрақтылық пен ішкі бірлік әр азаматтың заң мен тәртіпті құрметтеуінен басталады. Бұл – Ислам дінінің тәртіпке, әділдікке және жауапкершілікке үндейтін қағидаларымен сабақтас. Тәртіп бар жерде – береке, тәртіпсіздік бар жерде – қасірет бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деген. Егер әрбіріміз өз нәпсімізді тізгіндеп, аманатқа адал болып, заң мен әдеп шеңберінен шықпасақ, қоғам тыныштықтың мекеніне, берекенің ұясына айналады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
28.08.2026
22
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру