Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АР-ҰЯТ – ИМАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 22.07.2026 41 0 пікір
АР-ҰЯТ – ИМАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

АР-ҰЯТ – ИМАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Ар мен ұят – асыл дініміздің негізгі құндылықтарының бірі. Адам дініне қаншалықты берік болса, ары мен ұяты соншалықты жоғары болады. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», – деген қазақ халқы ар мен ұятты адам бойындағы негізгі асыл қасиетке балап, тарихта түрлі қилы кезеңдерден өтсе де, әрқашан ары мен ұятын жоғары қоя білген. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан: «Малыңа сүйенбе, арыңа сүйен», «Адалдық – ардың ісі», «Нарым бар деп мақтанба, арым бар деп мақтан» деген мақал-мәтелдер осыған дәлел. Ата-бабаларымыз ұрпағына бата бергенде де: «Арлы бол!», «Алла абыройыңнан айырмасын!» – деп тілек тілеген. Осы арқылы арсыздық саналатын барлық жаман істерден аулақ болуға үйреткен. Себебі, Алла Тағала арын сақтаған, ар-ұятын ту еткен қауымды ғана сүйеді әрі мәртебесін үстем етеді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Қасас» сүресі, 25-аятында:

فَجَاءَتْهُ إِحْدَاهُمَا تَمْشِي عَلَى اسْتِحْيَاءٍ قَالَتْ إِنَّ أَبِي يَدْعُوكَ لِيَجْزِيَكَ أَجْرَ مَا سَقَيْتَ لَنَا

«Содан көп ұзамай қос бойжеткеннің біреуі ұяла келді де: «Сізді әкем шақырып жатыр. Бізге қолұшын беріп, малымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңызды бермек», – деді», – деген.

Алла Тағала осы аятта Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қиссасы арқылы ұят пен әдептіліктің асыл өнегесін баяндайды. Әсіресе, Шұғайып (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың қызының бойындағы шынайы мұсылманға тән ар-ұят пен ибалылықтың көркем бейнесі айрықша сипатталады.

 Ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) тәпсірінде: «Қыз бөтен ер адаммен (Мұсамен) сөйлесуге мәжбүр болған кезде, киімімен де, жүріс-тұрысымен де, дауыс ырғағымен де әдептілік сақтап, жүзінен ар-ұяттың лебі есіп тұрды», – делінген.

Ар-ұяттың иманмен байланысы туралы Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

الإِيمَانُ بِضْعٌ وَسَبْعُونَ شُعْبَةً، فَأَفْضَلُهَا قَوْلُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ، وَأَدْنَاهَا إِمَاطَةُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ، وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الإِيمَانِ

«Иман жетпістен астам тармақтан тұрады. Оның ең жоғарғысы – «Лә иләһа иллаллаһ» сөзі, ал ең төменгісі – жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ал ұят – иманның үлкен бір тармағы» (имам Бұхари).

 

Қисса

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Алладан шынайы түрде ұялыңдар!» – деді.

Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Барлық мақтау Аллаға тән! Біз Алладан ұяламыз!» – деп жауап берді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олар ұятты тек сезім ретінде түсінгендерін аңғарып: «Менің айтып тұрғаным бұл емес. Алладан шынайы түрде ұялу – басыңды және оның қамтыған мүшелерін күнәдан сақтау, қарныңды және оның қамтыған нәрселерін харамнан қорғау, өлімді және тәннің топыраққа айналарын үнемі еске алу. Ал кім ақыретті қаласа, дүниенің өткінші сән-салтанатына алданып қалмайды. Кім осы айтылғандардың бәрін орындаса, міне, сол адам Алладан шынайы түрде ұялған болады», – деп түсіндірді (имам Термизи).

Ғалымдар «ұят» (الحياء) сөзінің түбірі  (حياة) «өмір» сөзінен шығатынын айтады. Тәнге жан кіргенде тірілетіні сияқты, жүрекке де ұят кіргенде ол да рухани тіріледі. Ұят екіге бөлінеді:

  1. Алладан ұялу: Алла Тағаланың әрдайым көріп тұрғанын сезініп, күнәлі істерден, жаман ойлардан бойды аулақ ұстау.
  2. Адамдардан ұялу: жаман сөз айтудан, өтіріктен, біреудің ақысын жеуден және әдепсіздікке барудан қымсыну.

Арлы адамның бойында көрініс табатын негізгі сипаттар мынадай:

Бірінші: адал еңбек етеді.

«Жас ұялшақ келер, арсыз сұраншақ келер», – демекші, өзі еңбек етуге шамасы келе тұрып, өзгенің қолындағыны дәмету, одан сұрау – арлы адамға тән іс емес.  Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – деп айтқандай, мұсылман адам мұқтаж болып тұрса да ешкімге алақанын жаймай, өз маңдай терімен нәпақа тауып, адал еңбегімен табысқа кенеледі. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 173-аятында мүминдердің осындай ізгі сипаты жөнінде:

يَحْسَبُهُمُ الْجَاهِلُ أَغْنِيَاءَ مِنَ التَّعَفُّفِ تَعْرِفُهُم بِسِيمَاهُمْ لاَ يَسْأَلُونَ النَّاسَ إِلْحَافًا

«Білмейтін біреу оларды ар-намыстарын сақтағандықтарынан бай деп ойлайды. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдарға жармасып сұрамайды», – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні сахабаларына:

مَنْ يَكْفُلُ لِي أَنْ لاَ يَسْأَلَ النَّاسَ شَيْئًا وَأَكْفُلُ لَهُ بِالْجَنَّةِ؟ فَقَالَ ثَوْبَانُ: أَنَا فَمَا كَانَ يَسْأَلُ أَحَدًا شَيْئًا

«Кімде-кім маған адамдардан ешнәрсе сұрамаймын деп кепілдік берсе, мен де оның жәннаттық болатынына кепіл боламын», – дейді. Сонда Сәубан (Алла оған разы болсын): «Мен!» – деді. Содан кейін ол ешбір адамнан ешнәрсе сұрамайтын болды», – дейді (имам Әбу Дәуід).

Осы жайтқа куә болған адамдар Сәубанның (Алла оған разы болсын) расында да дүниеден өткенше ешкімнен ешнәрсе сұрамағандығын айтқан. Демек, мүминдер мұқтаж болып тұрса да ешкімге қолын жаймай, ары мен намысын жоғары қойғандықтан, оны сыртынан көрген адамдар бай екен деп ойлап қалуы мүмкін.

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген сахабалар әрдайым тек өз маңдай терімен тапқан нәпақамен күнелткен. Меккедегі мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұһажирлар мен ансарлардың өзара бауыр екендіктерін жариялайды. Бұны естігенде Сағыд ибн Рәби (Алла оған разы болсын) өзінің дәулетінің тең жартысын жаңадан келген діндес бауыры Әбдуррахман ибн Ауфқа (Алла оған разы болсын) бөліп бермек болады. Сонда мұндай жомарт мінезге риза болған Әбдуррахман (Алла оған разы болсын): «Алла Тағала сізге берекесін берсін. Маған базардың жолын көрсетіп жіберсеңіз болды», – деген еді. Осылайша Әбдруррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) дайын дүниені иеленгеннен гөрі өзі еңбектенгенді дұрыс санайды. Базарға барып, сауда-саттық жасап, көп ұзамай үлкен байлыққа кенеледі.

Екінші: рухани құндылықтарды дүниелік істерден жоғары қояды.

«Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа!» – деген ата-бабаларымыз мал-дүниені адамдық қасиеттерден жоғары қоймауды үйреткен. Мұсылман баласының ең үлкен байлығы – оның иманы мен ар-ұяты. Сондықтан ол қандай жағдай болмасын күнәға жоламай, ізгі амалдарға берік болады. Дүниенің өткінші қызығы мен пайдасы үшін арын былғамайды, ақиқаттан айнымайды, өмірлік ұстанымынан ешқашан бас тартпайды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басты мақсаты адамдарға Алла Тағаланың ақиқат дінін жеткізу болатын. Осы жолда дұшпандары тарапынан сан түрлі қиыншылықтар көрді. Бүкіл айлалары іске аспаған мүшріктер, соңында Пайғамбарымызды дүниемен алдауға талпынып: «Қалағаныңды береміз. Дүние сұрасаң дүние, үйленуді қаласаң ең сұлу әйелге үйлендірейік», – деп ұсыныс айтқанда, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатып, бұл жолымнан қайтуымды өтінсе де мен бұл ісімнен бас тартпаймын», – деген еді.

Себебі, бұрынғы өткен пайғамбарлардың жолы да осындай болатын. Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) күнге табынып, түрлі адасушылықтарға түскен Сәбә елінің патшайымы Бәлқис ханшайымның қауымын тура жолға шақырып, хат жолдайды. Сонда Бәлқис ханшайым Сүлейменнің өтінішінен жалтару үшін оған түрлі асыл бұйымдар мен қымбат сыйлықтар жібертеді. Алайда, Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оларға:

أَتُمِدُّونَنِ بِمَالٍ فَمَا آتَانِيَ اللَّهُ خَيْرٌ مِمَّا آتَاكُمْ بَلْ أَنْتُمْ بِهَدِيَّتِكُمْ تَفْرَحُونَ

«Сендер маған дүниемен көмек көрсетпекшісіңдер ме? Алла Тағаланың өзіме бергені, сендер бергеннен де жақсы. Сыйлықтарыңмен өздерің-ақ қуаныңдар», – деп әкелген сыйлықтарын алмай, қайтарып жіберген («Нәміл» сүресі, 36-аят).

Рухани құндылықтар кейінге ысырылып, дүниелік мүдде алдыңғы орынға шыққан кезде қоғамда айлакерлік, парақорлық, сатқындық, нәпсіқұмарлық сияқты рухани дерттер көбейе бастайды. Сондықтан Абай Құнанбайұлы «Пайда ойлама – ар ойла!» – деп айтқанындай, мұсылман адам дүниелік пайдаға кенелуден гөрі әрдайым иманы мен ар-намысын жоғары қоюы қажет.

Үшінші: ар-намысын қорғайды.

«Абыройыңды жасыңнан сақта!» – деп ұрпағына өнеге қалдырған халқымыз ар-намыс пен абыройды адам баласының ең асыл байлығы деп біліп, арлы да ибалы ұрпақ тәрбиелеуді басты құндылықтардың бірі санаған. Дініміз исламда арсыздыққа бару үлкен күнәлі істер қатарына жатады. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

وَلا تَقْرَبُوا الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ

«Арсыздықтың жасырын, жариясына да жақындамаңдар», – деп бұйырған («Әнғам» сүресі, 151-аят).

Бұл аятқа қатысты тәпсірде: «Жәһилет дәуірінде адамдар арсыз істі жасырын, адамдарға көрсетпей істеуді рұқсат деп түсінетін. Осы аятты түсіру арқылы Алла Тағала арсыздықты жасырын да, жария да жасаудың арам екендігін баяндады», – деген.

Төртінші: күнәлі істерден өзін тыяды.

«Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді», – деген Шәкәрім бабамыздың бүкіл көркем мінезділік пен адамгершілікті зерттейтін түсінікті «Ар ілімі», – деп атауы сондықтан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِمَّا أَدْرَكَ النَّاسُ مِنْ كَلاَمِ النُّبُوَّةِ إِذَا لَمْ تَسْتَحِي فَاصْنَعْ مَا شِئْتَ ‏

«Расында, алғашқы пайғамбарлардан адамдарға белгілі болғаны: «Егер ұялмасаң, қалағаныңды істе!» делінген сөз», – дейді (имам Бұхари).

Демек, ар мен ұяттан алыс болған адам кез келген күнәлі іске баруы мүмкін. Ал бойында ары мен ұяты бар адам күнәлі істерден өзін тежейді. Бабаларымыз: «Екі жаман қосылса, күнде жанжал, күнде шу, ұяларлық ар бар ма?!» – деу арқылы ұяттың өзі осы ардан шығатынын айтуда.

Қазақ халқы баласының бойынан теріс қылық көрсе «ұят болады» деп ескертіп, осы арқылы ұрпағына кішкентайынан ар-ұяттың дәнін бойына еккен.

 

Қисса

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшінші халифасы Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) өзінің ұяттылығымен танымал болған сахаба.

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде демалып жатқанда, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) рұқсат сұрап кіреді. Пайғамбарымыз жатқан қалпын бұзбай сөйлеседі. Одан кейін Омар (Алла оған разы болсын) кіреді, Пайғамбарымыз тағы да сол қалыпта қабылдайды. Ал үшінші болып Осман (Алла оған разы болсын) рұқсат сұрап кіргенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дереу бойын түзеп, киімін реттеп, отырады. Сахабалар кеткен соң, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Әбу Бәкір мен Омар келгенде бойыңызды түземедіңіз, ал Усман келгенде неге дереу реттелдіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Одан періштелердің өзі ұялатын адамнан мен қалайша ұялып, ыңғайсызданбайын?!» – деп жауап берген екен (имам Мүслим).

Ұялу сипаты мұсылман үшін өте маңызды сипат болғанымен, дінімізде ұялу дұрыс деп табылмайтын жағдайлар да бар. Олар мыналар:

Бірінші: дінімізде міндет болып табылатын істерді атқарудан ұялу. Дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау т.б. дін міндет еткен ғибадаттарды атқаруға ұялмау керек.

Екінші: ұялшақтық тыйым етілген істерге жетелемеу қажет. Қандай да бір адам «адамдардан ұят болады деп, мен де іштім» деп немесе «құдам ішетін болған соң, ұялғаннан дастарханға арақ қойдым» деп айтуы ұялудың құпталмайтын түріне жатады.

Үшінші: ақиқатты айтудан ұялу. Қазақ халқы да ұятты өте жоғары бағалағаны белгілі. Бірақ кей кездері «Ұлы сөзде – ұят жоқ» деп кей жағдайда ақиқат болған нәрсені сөз ету  ұят болмайтынын айтқан.

Төртінші: білім алудан ұялу. Білім алушы жасының үлкендігінен ұялуы немесе білмейтінін сұраудан қысылуы сияқты т.б. білім мәселесіндегі ұялу құпталмайды.

 

Құрметті жамағат!

Қоғамның сыртқы үлкен мәдениеті әрбір адамның ішкі мәдениетінен басталады. Қазақ халқының «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген аталы сөзі ар мен намыстың адам өміріндегі ең жоғары құндылық екенін айқын көрсетеді. Адамның ішкі мәдениеті – оның иманы, ары, ұяты және әдебі. Егер әрбір адам өз бойында осы қасиеттерді дамытса, қоғамда да әділдік, өзара құрмет пен қауіпсіздік орнайды. Ғалымдар атап өткендей, ұят – жүректің тірілігі. Ар-ұяты бұзылған ортада қылмыс, өтірік және әдепсіздік белең алса, ары таза ортада береке мен ауызбіршілік артады.

Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесінде шекара ретінде екі ауыз сөзді ұстаным еткен:

Бірінші: «Ұят болады» деген сөз баланың бойында ар-намыс пен әдептілікті қалыптастырып, өзгенің алдындағы жауапкершілікті сезіндіреді.

Екінші: «Обал болады» деген сөз жанашырлықты, мейірімділік пен обал-сауапты түсінуге, табиғат пен адамға қиянат жасамауға үйретеді.

Отбасында осы құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бала болашақта әділетті (біреудің ақысын жемей, ақиқатты жақтайтын), тәрбиелі (үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін), таза (рухани да, заңдық та тұрғыдан арына дақ түсірмейтін), еңбекқор (адал еңбек пен маңдай тердің қадірін біліп, ешкімге алақан жаймайтын) тұлға болып өседі. Ар мен ұятты бәрінен жоғары қойған тұлғалар көбейгенде ғана біз рухани кемел, мәдениетті әрі әділетті қоғам құра аламыз.

 Жүректерімізге имандылық пен шынайы ар-ұяттың дәнін ұялата көр! Бізді, ұрпағымызды және бүкіл халқымызды арсыздықтан, әдепсіздіктен және арымызға дақ түсіретін теріс істерден сақтағайсың!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру