اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адамды Аллаға жақындатып, кемелдікке жетелейтін қасиеттің бірі – Жаратушыға тәуекел ету. Тәуекел – жүрекпен һәм он екі мүшемен жасалатын ерекше ғибадат.
Тәуекел дегеніміз – себептерін жасаған соң барлық істі Аллаға тапсырып, кез-келген жағдайда Алла ғана арқа сүйеу деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ
«Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді», – деген («Әли Имран» сүресі, 159-аят).
Әбу Сағид әл-Хараз (Алла оны рахымына алсын): «Тәуекел – атқаратын істе Аллаға сену, Оған арқа сүйеу, үміттену және Оны еске алып, жүректің тынышталуы. Сонымен қатар дүние істерінде, ризық-несібеде және жүзеге асуы Аллаға тиесілі болған барлық іске қатысты қайғы-мұңнан жүректі арылту», – деп түсінік береді.
Ал ибн Аббас (Алла оған разы болсы): «Тәуекел – Аллаға толық сенім арту. Ал шынайы тәуекел – Аллаға және Оның уәде еткен игіліктеріне қолыңда тұрған нәрседен де артық сену», – деген.
Ал «Алма піс, аузыма түс» дегендей, ешбір әрекетке бармай, істің нәтижесін Алладан күту. Бұл – тәуекел ұғымын терең түсінбеуден туындайтын жаңсақ көзқарас. Шынайы тәуекел мен ешбір әрекетсіз тәуекелшілдік өткенде де, бүгін де адамдардың санасын көп толғандырған екі ұғым. Адамдардың басым бөлігі бұл екі ұғымның арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін аңғара бермейді. Яғни адам жаратылғандарға емес, Жаратушыға; себептерге емес, сол себептерді жаратқан Аллаға ғана сенім артады және тәуекелдің дұрыс болуы үшін адам ең әуелі өзіне жүктелген міндеттерді толық орындауы қажет. Яғни Алла алдындағы барлық парыздарын мүлтіксіз атқарып, адамдардың да ақысын өтеуге күш салуы тиіс. Осы міндеттерді орындағаннан кейін ғана ол өзін Алланың қорғауына, қамқорлығы мен жәрдеміне толық тапсырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
قَالَ رَجُلٌ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَعْقِلُهَا وَأَتَوَكَّلُ أَوْ أُطْلِقُهَا وَأَتَوَكَّلُ قَالَ: اعْقِلْهَا وَتَوَكَّلْ
«Бір кісі Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе, жоқ әлде бос жібере салып, тәуекел етейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет»», – деген (имам Термизи).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадисінде мұсылман адам алдымен өзіне тиесілі себептердің бәрін жасап, содан кейін ғана нәтижесін Аллаға тапсыру керек екенін айтқан. Бұл – әрекетсіздік емес, керісінше ақылға сүйенген, жауапкершілікпен жасалған тәуекел. Осы ұстаным қазақтың қайсар перзенті Бауыржан Момышұлының: «Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды», – деген қанатты сөзімен де үндеседі.
Қисса
Ибраһим ибн Адһам деген ғалымның Шақиқ әл-Бәлхи деген досы болған екен. Ол кісі сауда-саттықпен айналысып, ұзақ сапарларға шығып жүреді. Бір күні Ибраһим ибн Адһам досын сапарға шығарып салады. Бірақ ол көп ұзамай қайтып келеді. Ибраһим досының қайтып келгенін көріп, мұның мән-жайын сұрайды. Сонда Шақиқ әл-Бәлхи оның себебін былай деп түсіндіреді: «Жолда демалып отырғанымда, қанаты сынған, көзі көрмейтін, бір құсты көрдім. Мына байғұс қалай қоректенеді екен деп ойланып отырғанымда, қанаты бүтін бір құс келіп, жаңағы құстың аузына тамақ салды. Сонда мен: «Иә, Алла, мына көзі көрмейтін, қанаты сынған құсты тамақтандырған кезде, мендей құлыңды міндетті түрде аштан қалдырмайсың ғой», – деген ойға келдім де, кері қайттым», – дейді. Сонда Ибраһим: «Иә, Шақиқ! Сен қанаты сынған құсқа емес, қоректендірген құсқа ұқсауды ойламадың ба? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Беруші қол, алушы қолдан қайырлы», – деді емес пе?» – дейді. Шақиқ ойланып қалып: «Иә, Ибраһим! Мен қате ойлаппын, сен біздің ұстазымызсың», – деп өзінің қателігін түсінген екен (Ибн Асакир «Тариху Димашқ»).
Тәуекелдің маңызды көріністерінің бірі адамның өз нәпсісін тәрбиелеу, иманын нығайту және Аллаға құлшылығын кемелдендіру жолында Алла Тағалаға тәуекел етуі. Өйткені адамның ең үлкен күресі – өз нәпсісімен күресі. Пенде нәпсісінің қалауы мен шайтанның азғыруына қарсы тұру үшін ең алдымен Алладан жәрдем сұрап, барлық ісінде Оған сүйенуі қажет. Себебі Алланың жәрдемінсіз ешбір жан өзін толық түзеп, тура жолда нық тұра алмайды. Алла Тағала Құранда:
وَمَنْ يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ
«Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті», – деген (Талақ сүресі, 3-аят).
Бұл аят тәуекелдің тек дүниелік істерде ғана емес, рухани да шешуші орын алатынын көрсетеді. Өз нәпсісін тәрбиелеуге талпынған адамға Алла жеткілікті көмекші әрі қорғаушы болады.
Тағы бір аятта Алла Тағала:
وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ
«Мүміндер (қандай жағдайда болмасын) ұдайы бір Аллаға тәуәкел етуі керек», – деген («Әли Имран» сүресі, 122-аят).
Нәпсіні тәрбиелеу – бір күнде орындалатын іс емес. Ол үздіксіз күресті, сабырды және тұрақтылықты қажет етеді. Осы себепті мұсылман адам әрдайым Раббысынан туралық пен табандылық сұрайды. Өйткені жүректердің билігі де, иелігі де – Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا مُقلِّبَ القُلُوبِ ثَبِّتْ قَلْبِي عَلَى دينِكَ
«Уа, жүректерді құбылтушы Алла! Жүрегімді Өзіңнің дініңде нық ет!» – деп жиі дұға ететін (имам Ахмад).
Бұл хадис адамның өз жүрегінің тұрақтылығына толық кепіл бола алмайтынын, сондықтан Аллаға тәуекел етіп, Оның жәрдеміне мұқтаж екенін білдіреді. Өзін тәрбиелеуде тәуекел ету – әрекетсіздік емес. Керісінше, адам күнәлардан сақтануға, білім алуға, намазын түзеуге, Құран оқуға, ізгі адамдармен араласуға және жаман ортадан аулақ болуға бар күшін салады. Осындай себептердің бәрін орындағаннан кейін ғана нәтижесін Аллаға тапсырады. Өйткені Алланың дінінде нық тұру, күнәдан сақтану, ізгі амалға береке беру – Алланың қалауымен жүзеге асады.
Тәуекелдің ең жоғары дәрежелерінің бірі – адамның жеке басының игілігін ғана емес, Алланың дінінің өркендеуін, қоғамның түзелуін және адамдардың тура жол табуын мақсат етіп, осы жолда бар күш-жігерін жұмсап, нәтижесін Алла Тағалаға тапсыруы. Бұл – пайғамбарлардың, сахабалардың және ізгі ғалымдардың ұстанған жолы.
إِنْ أُرِيدُ إِلَّا الْإِصْلَاحَ مَا اسْتَطَعْتُ وَمَا تَوْفِيقِي إِلَّا بِاللَّهِ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَإِلَيْهِ أُنِيبُ
«Бар қалауым – қолымнан келгенше сендерді түзету ғана. Бұл ісімде табысқа жетуім бір Алланың қолдауымен ғана болмақ. Мен Оған тәуекел еттім һәм бір Өзіне ғана жан-тәніммен ниет қойып, бет бұрамын», – деген («Һуд» сүресі, 88-аят).
Мұндай тәуекел адамды тек өзін ғана ойлаудан шығарып, қоғамның игілігі үшін еңбек етуге жетелейді. Ол адамдарды Алланың жолына даналықпен шақырады, жақсылықтың таралуына, жамандықтың азаюына күш салады, әділеттің орнығуына үлес қосады. Сонымен қатар дінді насихаттау барысында кездесетін қиындықтар мен сынақтарға сабыр етіп, жүрегін Аллаға байлайды.
Тәуекелдің бірнеше дәрежесі бар.
Біріншісі: тәуекелдің ең төменгі деңгейі. Алла Тағаламен қарым-қатынасында сенімді де мейірімді, әрі қамқор өкілінің жанында жүрегендей сезімде болу.
Екіншісі: тәуекелдің орташа деңгейі. Алла Тағаламен қарым-қатынасында мейірімді де қамқор анасының жанында жүрген сәби секілді сезімде болу.
Үшіншісі: тәуекелдің ең жоғарғы деңгейі. Алла Тағаламен қарым-қатынасында өзін білікті дәрігердің қамқорлығындағы науқас секілді сезіну. Тәуекел – тек тілмен айтылып қоятын дүние емес. Оның асыл мағынасы тамақтан әрі өтіп жүрек түбінде орын алуы тиіс. Азғалардың патшасы оны қабылдаса күллі дене еріксіз бағынады. Тіпті осыған жеткен пенденің жүрегінен үрей атаулы жойылып, бір қалыпты соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Алла Тағала ақыретін уайымдаған пенденің жүрегін бір қалыпты соқтырып, дүниелік ісі бір уысына жинап береді. Дүние уайымынан көз айырмаған пенденің ішегіне кедейлік мөрі басылып, істері шашырайды, кедейлікті көз алдынан кетірмейді...», – деген (имам Термизи).
Тәуекел сөзі жүрегіне орныққан кісі өзгелер секем алып қауіптенетін жерде байсалдылық танытып салмақты һәм сабырлы мінез көрсетеді.
Қисса
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сапардан қайтып келе жатып, шаршағанын басу үшін бір ағаштың көлеңкесінде жантайып көз іледі. Осы кезде дін дұшпандарының бірі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына баспалап келіп, қылышын қынынан суырып алып: «Қане, тап қазір сені менен кім құтқара алады?» – деп, төбесінен төнгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлы қалпын жоғалтпай дұшпанына тесіле қарап, айбаттана «Алла! Алла! Алла!» – деп дауыстайды. Мұншама тәуекелге ие, дұшпанынан еш қаймықпаған пайғамбардың мысы басқан дұшпанның құты қашып, қорыққаннан қолынан қылышы түсіп, аяқтарының буыны босап кетеді. Осы кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қылышын қолына алып, дұшпанына тақап «Ал енді сені кім құтқарады?» – дейді. Дұшпаны сол сәтте жансауға сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны кешіріп өз жөніне қоя береді.
Бәшар әл-Хафи (Алла оны рақымына алсын): «Кейбіреулер «Аллаға тәуекел еттік», – деп айтқан сөзін өзі өтірікке шығарады. Егер оның Аллаға деген тәуекелі шынайы болғанда, ол Алланың өзіне қатысты ісіне де разылық танытар еді», – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін үнемі Аллаға тәуекел етіп өмір сүруге бұйырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ قَالَ إِذَا خَرَجَ الرَّجُلُ مِنْ بَيْتِهِ بِسْمِ اللَّهِ تَوَكَّلتُ عَلَى اللَّهِ وَلَا حَولَ وَلَا قُوَّةَ إلَّا باللَّهِ يقالُ له هُدِيتَ وَكُفِيتَ ووُقِيتَ فَيَتَنَحَّى عَنْهِ الشَّيطانُ ويَقُولُ شَيْطانٌ آخرُ كَيفَ لَكَ بِرَجُلٍ هُدِيَ وكُفِيَ وَوُقِيَ
«Кімде-кім үйінен шығар кезде: «Бисмиллаһи тәуәкәлту алаллаһи, уа ләә хаулә уа ләә қууата иллә билләһ» (яғни «Алланың атымен, Оған тәуекел еттім. Алланың күш-қуатына жететін ешқандай күш-қуат жоқ»)», – десе, оған: «Сен тура жолмен жүргізілудесің, құтқарылдың және қорғауға алындың», – делінеді де, шайтан алыстайды. Сонда бір шайтан екінші шайтанға қарап: «Тура жолмен жүргізілген, (екі дүниенің жамандығынан) құтқарылған және (кез келген жаудың зұлымдығынан) қорғауға алынған адамға қалай қарайсың?», – деп айтады», – делінген (имам Әбу Дәуід).
Құрметті жамағат!
«Тәуекел түбі – желқайық, жүзесің де өтесің», – дейді халқымыз. Дегенмен, тәуекел ету – ол істің басы ғана. Тәуекелмен басталған әрекеттің ары қарай баянды болуы үшін адамға – қажырлы еңбек қажет. Екінші – ақыл-ой мен білім қажет. Өзінің іс-әрекеті арқылы айналасына зиянын тигізбейтін – тазалық қажет. Өйткені исламда тәуекел – себептерді тәрк ету емес, керісінше барлық мүмкіндікті пайдаланып, нәтижесін Аллаға тапсыру. Алла Тағала құлына ең алдымен Өзіне құлшылық етіп, барлық ісінде Оған сүйенуді бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
فَاعْبُدْهُ وَتَوَكَّلْ عَلَيْهِ
«Ендеше, Оған ғана құлшылық ет һәм тәуекел ет», – деген («һуд» сүресі, 123-аят).
Тәуекел – бүкіл пайғамбарлардың, сахабалардың ең ерекше қасиеттерінің бірі. Тәуекел жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَوْ أَنَّكُمْ تَتَوَكَّلُونَ عَلَى اللَّهِ حَقَّ تَوَكُّلِهِ، لَرَزَقَكُمْ كَمَا يَرْزُقُ الطَّيْرَ؛ تَغْدُو خِمَاصًا وَتَرُوحُ بِطَانًا
«Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді», – деген (имам Термизи).
Бұл хадис ризық іздеудің де белгілі бір себептерге сүйену арқылы жүзеге асатынын көрсетеді. Өйткені құс та ұясында отырып алмайды, таң атысымен ризық іздеп ұшады. Демек, шынайы тәуекел – әрекетсіздік пен жалқаулық танытып еш әрекет жасамай отыру емес. Керісінше, пенде ризық табудың себептерін орындап, жүрегін Аллаға байлап, Оның уәдесіне нық сенім артуы және оған дүние тіршілігі ақыретті ұмыттыруына жол бермеуі қажет.
Алла Тағала жүректерімізді Өзіне деген шынайы тәуекелмен бекем етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
24.07.2026
202
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру