Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАНАҒАТ-РАҚЫМ ОЙЛАП ҚОЙ, БЕС АСЫЛ ІС БІЛСЕҢІЗ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 07.08.2026 28 0 пікір
ҚАНАҒАТ-РАҚЫМ ОЙЛАП ҚОЙ, БЕС АСЫЛ ІС БІЛСЕҢІЗ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Ислам діні адамзатты асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, көркем мінезді, парасатты тұлға болып қалыптасуға үндейді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّ اللهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ

«Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зиян келтіруден тыяды», – деген («Нахыл» сүресі, 90-аят).

Бұл аят мұсылманды дүниеге шектен тыс құмар болмай, Алланың бергеніне қанағат етіп, ақырет игілігін бәрінен жоғары қоюға шақырады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قد أفلَحَ مَن أسلَمَ، ورُزِقَ كَفافًا، وقَنَّعَه اللهُ بما آتاه.

«Мұсылман болып, жеткілікті ризық-несібесі болған және Алланың бергеніне қанағат еткен кісі табысқа жетеді», – деген (Имам Ахмад).

Бұл хадис бізге екі үлкен тағылым береді:

Біріншісі – шынайы жетістік жету мен құтылу Аллаға толық мойынсұнып, Оның жазған тағдыры мен берген несібесіне разы болуда.

Екіншісі – қанағат адамды бақытқа, рухани тыныштыққа және дүниеде де, ақыретте де игілікке жеткізетін ең ұлы қасиеттердің бірі.

Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الرَّاحِمُونَ يَرْحَمُهُمْ الرَّحْمَنُ ارْحَمُوا مَنْ فِي الْأَرْضِ يَرْحَمْكُمْ مَنْ فِي السَّمَاءِ

«Адамдарға рақым еткендерге Рахман Алла рақымын төгеді. Жердегі жаратылыстарға мейірім көрсетіңдер, сонда Алла сендерге мейірім етеді», – деп өсиет қалдырған (имам Тирмизи).

Ендеше, қанағат – жүректі дүниеқоңыздықтан қорғайтын рухани байлық болса, рақым – адамды Алланың мейіріміне бөлейтін көркем мінез. Осы екі қасиет мұсылманның отбасына береке, қоғамына тыныштық, ал өзіне дүние мен ақырет бақытының кілтін сыйлайды. Адам баласының бұл дүниедегі ең үлкен мұраты – Алланың разылығына қол жеткізіп, көркем мінезді, ізгі амал иесі ретінде өмір сүру. Бұл мақсатқа жету үшін жүректі тәрбиелейтін асыл қасиеттер қажет. Сол қасиеттердің қатарында қанағат пен рақымның орны ерекше. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, білсеңіз, – деп, адамды кемелдікке жеткізетін бес асыл қасиетті өсиет еткен.

Бірінші: талап – бес асыл істің бастауы

Адам баласын биік мақсатқа жетелейтін, өміріне мән беріп, кемелдікке бастайтын ең маңызды қасиеттердің бірі – талап. Талапсыз адам алға ұмтылмайды, білімге құштарланбайды, ізгі амалға асықпайды. Сондықтан дана халқымыз да, асыл дініміз де талаптың қадірін ерекше бағалаған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы адамды кемелдікке жеткізетін «бес асыл істің» ең алдына талапты қойған. Бұл – кездейсоқ емес. Өйткені талап – білімге де, еңбекке де, терең ойға да, қанағат пен рақымға да жетелейтін бастау. Абай халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнап: «Талапты ерге нұр жауар», – деген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنفَعُك، وَاسْتَعِنْ بِاللَّهِ ولا تَعجِزْ

«Өзіңе пайдалы нәрсеге ұмтыл, Алладан жәрдем сұра, дәрменсіздік танытпа», – деген (имам Мүслим).

Талап бар жерде ізденіс бар, ізденіс бар жерде даму бар, ал даму бар жерде Алланың разылығына жеткізер игі амалдар көбейеді. Сондықтан әрбір мұсылман жүрегінде биік мақсатқа ұмтылған талапты оятып, оны пайдалы біліммен, адал еңбекпен және көркем мінезбен ұштастыра білуі қажет. Себебі талап – дүниелік жетістіктің ғана емес, ақыреттік бақыттың да кілті.

Екінші: еңбек – берекенің бастауы

Алла Тағала адам баласын жер бетінде игілік жасап, адал еңбекпен өмір сүруге міндеттеді. Еңбек – тек нәпақа табудың ғана емес, адамның қадір-қасиетін арттырып, қоғамға пайдасын тигізетін ізгі құндылық. Адал еңбек арқылы ризыққа береке дариды, отбасы нығаяды, елдің ырысы артады. Сондықтан Ислам діні жалқаулықты құптамай, әрбір мұсылманды адал кәсіп етіп, маңдай терімен ризық табуға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانْتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّهِ وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, (күнделікті бес уақыт намаз һәм басқа да құлшылықтар арқылы) Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де азаптан әрі қор болудан) құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер», – деген («Жұма» сүресі, 10-аят).

Дана халқымыз: «Еңбек – бәрін жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп еңбектің адам өміріндегі орнын айқын көрсеткен.

Хакім Абай айтқан бес асыл істің бірі де – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп білді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық», – деп, ақын заман шерін ақтарған.

 

Қисса

Бірде аңсарлардың бірі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, көмек сұрады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Үйіңде қандай да бір дүниең бар ма? – деп сұрады.

Ол:

  • Иә, бар. Бір төсенішіміз бар. Оның бір бөлігін төсейміз, бір бөлігін жамыламыз. Сондай-ақ су ішетін бір тостағанымыз бар, – деді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Екеуін де маған алып кел, – деді. Сонда әлгі аңсарлық сахаба оларды алып келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды қолына алып:
  • Мыналарды кім сатып алады, – деп сұрады.

Бір кісі:

  • Мен оларды бір дирһамға аламын, – деді.

Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Бір дирһамнан артық беретін кім бар? – деп екі-үш рет қайталады.

Сонда тағы бір кісі:

  • Мен оларды екі дирһамға аламын, – деді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі заттарды соған сатып, екі дирһамды аңсарлық кісіге ұстатып:
  • Мына ақшаның бір дирһамына отбасыңа азық-түлік сатып алып бер. Ал екінші дирһамына балта сатып алып, маған алып кел, – деді. Әлгі кісі балтаны алып келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған өз қолымен сап жасап берді де:
  • Енді бар! Отын шауып, сатып күн көр. Он бес күн бойы маған көрінбе, – деді. Әлгі адам барып, отын шауып сатып жүрді. Он бес күннен кейін қайта келіп, он дирһам табыс тапқанын айтты. Сол ақшаның бір бөлігіне киім, екінші бөлігіне азық-түлік сатып алған еді.

Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Бұл сен үшін Қиямет күні қайыр сұраудың бетіңе қара дақ болып басылып келгенінен әлдеқайда қайырлы. Шын мәнінде, қайыр сұрауға тек үш адамға ғана рұқсат етіледі: аса ауыр жоқшылыққа тап болған адамға, көтере алмайтын қарыздың астында қалған адамға және құн (қан ақысы) өтеу секілді ауыр міндет жүктелген адамға ғана, – деді (имам Әбу Дәуд).

Үшінші: терең ойдың пайдасы

Ислам дінінде ақылдың, терең ойланудың маңызы өте зор. Оны тәфәккүр деп атайды. Ал шариғатта тәфәккүр деп Алла Тағаланың әлемді жаратқан жаратылыстарына терең ой жүгіртіп, ғибрат алуын айтады. Хакім Абай: «терең ойды» бес асыл істің қатарына жатқызғаны тегін емес. Аталмыш қасиеттердің қай-қайсысын алып қарасақ та исламның рухымен астасып жатқандығын көреміз. Ислам діні еңбекке, алға талпынуға, қанағат пен мейірімге және терең ойға шақырады. Соның ішінде тәфәккүр, яғни ой жүгіртудің орны бөлек.

Тәфәккүр – пайғамбарлардың ғибадаты, ізгілердің әдеті, Жаратушы Аллаға жеткізер жарқын жол. Терең ойға бойлаған адам әлемнің жаратылысындағы әсемдікті, табиғаттағы таңғажайып үйлесімді, Жаратушы Алланың бар, бір, әрі аса құдіретті екендігін ұғынып, бас иері сөзсіз. Алла Тағала Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын ойлануға шақырып:

قُلْ إِنَّمَا أَعِظُكُمْ بِوَاحِدَةٍ أَنْ تَقُومُوا لِلَّهِ مَثْنَى وَفُرَادَى ثُمَّ تَتَفَكَّرُوا ...

«(Уа, Мұхаммед) Оларға: «Сендерге бар-жоғы бір ғана насихат айтамын: Естеріңді жиыңдар, мейлі жұптасып, мейлі оңаша қалып Алла үшін (менмендікті қойып) шын көңілмен ақылға салып ойланыңдаршы!..» – деп айт», – дейді («Сәбә» сүресі, 46-аят).

Сондықтан мұсылман адам бүкіл жаратылыс жайында тәфәккүр етіп, терең ойлануы тиіс. Ал мына әлемге терең ой салып, шынайы ойланған адам оны жаратқан Жаратушысының шеберлігіне көз жеткізіп, құдіретіне бас иеді. Осы себепті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың жаратылысы турасында ойлаңдар, Алланың заты турасында ойланбаңдар», – деген (имам Табарани).

Хакім Абай:

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей, – деген.

Төртінші: қанағат қарын тойғызар

Ислам – адамзат баласын көркем мінез-құлыққа, әдептілікке, сабырлылыққа, шүкіршілікке тәрбиелейтін кәміл дін. Яғни дініміз мұсылман адамның бойында табылуы тиіс рухани қасиеттерге шақырады. Осы рухани қасиеттердің бірі – қанағат. Қанағат қолыңдағы барға разы болу, шүкіршілік ету, сондай-ақ нәпсі қалауларынан тыйылу, шыдау деген сөз. Ал қанағат сөзінің шариғаттағы діни терминдік мағынасы – Алла Тағаладан өзге ешкімнен, ештеңе дәметпеу. Яғни тек Алладан ғана үміт етіп, ризық-несібесіне разы болу. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Қандайда мүмин ер немесе әйел кісі түзу (ізгі) іс істесе, біз оған міндетті түрде жақсы өмір (тіршілік) сыйлаймыз. Әрі біз оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз», – деп айтқан.

Ғалымдарымыз осы аяттағы «Жақсы өмір сыйлаймыз» деген сөзді «қанағат еткен тіршілік», – деп түсіндірме берген. Демек, қанағат еткен кісінің өмірі жақсылыққа, ізгілікке толы болады деген сөз.

Халқымызда қанағат туралы өнегелі өсиеттер көп сақталған. Айталық, «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», – сынды мақал-мәтел халқымыздың рухани жадында мәңгі сақталып келеді.

Әйгілі ғалым Фудайл ибн Ғиад (Алла оны рақымына алсын): «Дүниені тәрк ету – Аллаға разы болу деген сөз. Ал қанағатшылдық дүниеден безінуді де, оған ұмтылуды да қатар қамтиды. Яғни қанағат еткен кісі кедейлікте де, байлықта де өмір сүре алады», – деген.

Қанағат ету мал-дүниенің ісі емес, ол – жүректің ісі. Аллаға шынайы сенген пенделердің ісі. Қанағат дегенді мүлде әрекет етпей, жұмыс істемей, тапқанына риза болып, отыра беру деп түсіну қате. Мұсылман адам барын салып еңбек етеді, еңбегінің жемісі ретінде Алла Тағаланың бергеніне риза болады. Негізгі мақсат тапқан табысы аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ете білу. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз осы себептен: «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл», – деп насихат еткен.

Бірде Сахабалардың бірі Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен адамдардың ішінде ең бай адам болғым келеді. Не істесем болады? Маған жол көрсетіңіз?» – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Сен қанағатшыл бол. Алланың саған берген үлесіне разылық таныт», – деп барға разылық білдіруге, қанағат етуге өсиет етеді.

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын) өзінің баласына былай деп өсиет етіпті: «Уа, балам! Егер Алладан байлық сұрайтын болсаң, қанағатты сұра. Қанағат ақиқатында таусылмайтын байлық».

Міне, сол үшін халқымыз: «Қанағат – бітпес қазына» – деген. Осы себепті отбасы бақытының да, кәсіпте берекенің де негізгі кілті – қанағат. Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан: «Уа, Жаратқан Алла! Сенің құзырың да ең бай пенде кім?» – деп сұрапты. Сонда Алла Тағала: «Менің берген ризық-несібеме қанағат еткен кісі», – деп жауап берген екен.

Бесінші: рақымды болғанға Алла рақым етеді

Mейірім – адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен туындайтын жүрек мейірбандығы. Ол рақым шуағынан тарайтын этика нормасы. Рақым мен мейірім – бір ұғым. Негізінде рақым деп жүрек нәзіктігін, жұмсақтығын айтамыз. Алайда ол мейірім, сүйіспеншілік деген мағыналарды да білдіреді. Назар аударатын болсақ, мейірім мен рақымның ортақ нүктесін «сүйіспеншілік» қалыптастыруда. Егер жүректен сүйіспеншілік алынып тасталса, мейірім мен рақымның ұшқыны да қалмайды. Олай болса, мейірім мен рақымның өзегі – сүйіспеншілікте. Сондықтан екеуі бір арнада тұрса, ол жерде міндетті түрде сүйіспеншілік бар деген сөз.

Құран Кәрімде Алла Тағала:

إِنَّ اللَّهَ بِالنَّاسِ لَرَءُوفٌ رَحِيمٌ

«Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды», – деп («Хаж» сүресі, 65-аят), құлдарын өте жақсы көретінін және оларды қолдап, қорғайтынын айқын білдірген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ لا يَرْحَمْ النَّاسَ، لا يَرْحَمْهُ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ

«Адамдарға рақым етпегенге, Ұлы әрі Ұлық Алла рақым етпейді», – деген (имам Мүслим).

Рақым – жүректі жұмсартып, қоғамды біріктіретін ең асыл қасиеттердің бірі. Адамдарға мейірім танытқан жан Алланың ерекше рақымына бөленеді. Сондықтан жүрегімізді рақымға толтырып, ата-анамызға құрмет көрсетіп, бала-шағамызға қамқор болып, көршімізге жанашырлық танытып, мұқтажға қол ұшын созып, жетімнің басынан сипауға асығайық. Өйткені өзгеге жасаған әрбір мейірім – Алланың рақымына жетелейтін ізгі амал. Хакім Абай да адамға деген сүйіспеншіліктің бастауы – Аллаға деген махаббат екенін былайша өрнектейді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Демек, Алланы шынайы сүйген адамның жүрегі адамдарға деген рақым мен мейірімге толы болады. Адамзатқа жанашырлық таныту – иманның көрінісі, ал рақымдылық – мұсылманның ең көркем мінездерінің бірі. Сондықтан әрбір ісімізде мейірімділік пен жанашырлықты ту етіп, Алланың рақымына лайық құлдардан болуға ұмтылайық.

 

Құрметті жамағат!

Хакім Абай өсиет еткен талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – адамның ғана емес, тұтас қоғамның кемелденуіне негіз болатын асыл қасиеттер. Бұл бес қасиет қазақ даналығының жемісі ғана емес, Құран мен сүннеттен бастау алатын мұсылманның өмірлік ұстанымы. Алла Тағала қасиетті Құранда:  

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى

 «Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер!» – деп әмір етеді («Мәида» сүресі, 2-аят). 

Бұл аят мұсылман қоғамының ізгілікке, көркем мінезге және өзара жанашырлыққа негізделуі керектігін білдіреді. Ал аталған қасиеттердің барлығы жақсылық пен тақуалықтың негізін құрайды. Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُعِثتُ لأُتَمِّمَ صالِحَ الأخْلاقِ

«Мен көркем мінез-құлықты кемеліне жеткізу үшін ғана жіберілдім», – деген (имам Бұхари).

Хакім Абай дәріптеген талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – мұсылманның кемел мінезін қалыптастыратын асыл қасиеттер.

Сол асыл қасиеттердің бірі – қанағат. Қанағат – адамның рухани тыныштығы мен шынайы бақытының негізі. Қанағатшыл адам жүрегіне тыныштық орнатып, Алла Тағаланың берген нығметтеріне әрдайым шүкіршілік етеді. Өйткені қанағат адамды ашкөздіктен сақтаса, рақым оны мейірімділікке, жанашырлыққа жетелейді. Қанағат бар жерде шүкіршілік орнығады, рақым бар жерде ізгілік пен татулық салтанат құрады. Сондықтан қанағат – жүректің байлығы. Ал жүрегі бай адамның өмірі берекелі, көңілі тоқ, қоғамға тигізер пайдасы мол болады.

Алла Тағала баршамызға талапты болуды, адал еңбек етуді, терең ойлауды, қанағатшыл әрі рақымды болуды нәсіп етіп, екі дүниенің бақытына кенелткен пенделерінің қатарынан етсін! Әмин.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру