الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!
Намаз – Ислам дінінің бес парызының бірі, құлшылықтың ең абзалы әрі діннің тірегі. Ол – пендені Раббысымен байланыстыратын рухани көпір, жүректі тазартып, жанды тыныштандыратын, адамды ізгілікке бастайтын ұлы ғибадат. Сондықтан Алла Тағала мұсылманға күніне бес уақыт намазды парыз етіп, оны Өзін еске алудың, иманды нығайтудың және ақыреттік бақытқа жетудің маңызды құралы етті. Намаздың ұлылығын білдіре отырып, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз – діннің тірегі», «Мүминнің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры», – деп оның мұсылман өміріндегі айрықша орнын айқын көрсеткен. Жаратушымыз Алла Тағала қасиетті Құранда намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығына ерекше назар аударған. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنْفُسِكُمْ مِنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِنْدَ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ
«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, соны міндетті түрде Алланың дәргейінен табасыңдар. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде!» – деген («Бақара» сүресі, 110-аят).
Намаз – жүректің нұры, рухтың күші, мұсылманның ұлы нығметі. Мұсылман баласы сәжде арқылы Алланың мейірімі мен кешіріміне ие болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде:
أَقْرَبُ ما يَكونُ العَبْدُ مِن رَبِّهِ، وَ هُوَ سَاجِدٌ فأَكْثِرُوا الدُّعَاءَ
«Пенденің өзінің Раббысына ең жақын болатын кезі – сәждедегі сәт, сәждеде дұғаны көбейтіңдер», – деп мұсылмандар үшін ең жақсы игіліктермен сүйіншіледі (имам Мүслим).
Қисса
Хурайс ибн Қабиса былай дейді:
Мен бір күні Мәдинаға, яғни Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қаласына келдім. Сонда: «Уа, Алла! Маған ізгі бір жолдас нәсіп ете гөр!» – деп дұға жасадым. Содан кейін Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) қасына отырып, (яғни, оның дұғасының қабыл болғаны) Әбу Һурайраға (Алла оған разы болсын):
- Маған Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіңіз естіген бір хадисті айтып беріңізші. Алла сол хадисті мен үшін пайдалы етер деген үміттемін, – дедім.
Сонда Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):
– Мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні құлдың амалдарының ішінен ең алдымен есепке тартылатын ісі – парыз намазы. Егер оның намазы дұрыс, толық әрі Алланың құзырында қабыл болған болса, онда ол құтылып, үлкен жетістікке жетеді. Ал егер намазы кемшілікпен орындалған болса, онда ол зиянға ұшырап, өкінішке қалады. Егер құлдың парыз намазында қандай да бір кемшілік болса, Ұлы Раббысы періштелеріне: «Қараңдаршы, Менің құлымның нәпіл намаздары бар ма?» – дейді. Егер нәпіл намаздары болса, солар арқылы парыз намазындағы кемшіліктер толықтырылады. Содан кейін оның басқа амалдары да осы тәртіппен есепке тартылады», – дегенін естідім дейді.
Демек, намаз – мағынасы мен мәні терең, исламдағы ең ұлы құлшылықтардың бірі. Намазда пенде Раббысын мадақтап, ұлықтайды, Оған шүкіршілік білдіреді, күнәларына тәубе етіп кешірім сұрайды, жәрдем тілеп, жүрек қалауындағы дұғаларын арнайды. Сондықтан намаз – мүміннің миғражы, Жаратушысымен сырласып, рухани тыныштық пен жүрек қуатын табатын ең қасиетті сәт. Осы себепті әрбір мұсылман бұл ұлы ғибадаттың діндегі орнын, артықшылықтары мен рухани жемістерін терең түсініп, оны шынайы ықыласпен әрі өз уақытында орындауға ерекше мән беруі қажет.
Бірінші: уақытында оқылған намаз – жәннатқа бастар жол
Алла Тағала пендесіне көптеген ғибадаттарды парыз етті. Солардың ішіндегі ең ұлысы әрі күн сайын қайталанып орындалатыны – бес уақыт намаз. Уақытында оқылған намаз – Аллаға деген шынайы бойсұнудың, берік иманның және тақуалықтың көрінісі. Сондықтан Құран Кәрім намаздарын ұқыпты сақтайтын мүміндерді Фирдаус жәннатының мұрагерлері деп сүйіншілесе, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды уақытында оқуды Аллаға ең сүйікті амалдардың бірі деп бағалаған.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ أُولَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ
«Намаздарын кемеліне жеткізе, үзбей әрі уақытылы оқиды. Міне, солар нағыз мұрагерлер. Олар Фирдаусқа мирасқор болады. Олар онда мәңгі-бақи мекендейді», – деген («Муминун» сүресі, 9-11-аяттар).
Яғни, олар намазды өз уақытында, барлық шарттарын, парыздарын, уәжіптері мен рүкіндерін толық сақтай отырып, үздіксіз орындайды. Алла Тағала оларды намаздағы ықыласты мойынсұнуы үшін де, намазды ұдайы әрі мұқият сақтағандары үшін де мақтады. Өйткені адамның құлшылығы осы екі қасиет қатар болғанда ғана кемеліне жетеді. Ал кім намазын тұрақты оқығанымен, онда шынайы ықылас болмаса немесе шынайы ықылас болғанымен, намазды уақытында әрі тұрақты орындамаса, ондай адам кемшілікке жол бергені.
Қисса
Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) былай деген: «Мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті амал қайсы?» – деп сұрадым. Ол: «Өз уақытында оқылған намаз», – деді. Мен: «Одан кейін ше?» – дедім. Ол: «Ата-анаға жақсылық жасау», – деді. Мен: «Одан кейін ше?» – деп тағы сұрадым. Ол: «Алла жолында дін мен ақиқат үшін күресу», – деп жауап берді (имам Бұхари).
Имам әз-Зәһәби: «Намазды уақытынан кешіктіруші кісі үлкен күнәның иесі, ал оны мүлде тастап қою зина жасап, ұрлық қылғанмен тең. Барлық намаздарды тастау не уақытын өткізіп алу үлкен күнә. Сондай істі бірнеше мәрте жасаған адам қашан тәубе жасағанша үлкен күнә жасаушылардың қатарында болады. Ал намазды тастауды әдетке айналдырған күнәһәрлардың қатарында», – деген.
Екінші: намаз – жаманшылықтан тыяды
Намаз адамның жан дүниесін тазартып, көркем мінез сыйлайды. Өмірдің ағымын өзгертіп, өмір салтын дұрыстары анық. Алла Тағала Құранда:
اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
«(Уа, Мұхаммед!) Өзіңе Кітаптан уахи етілгенді оқып, өзгелерге жеткіз және намазды кемеліне жеткізіп оқы. Өйткені намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды. Ал Алланы үнемі (жүрекпен, тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі», – деген («Анкәбут» сүресі, 45-аят).
Бұл аят намаздың екі үлкен жемісін баяндайды.
Біріншісі: намаз адамның арсыздық пен күнәлі істерден бойын аулақ ұстауына себеп болады. Өйткені намазды үзбей әрі ықыласпен орындау адамды күнәдан сақтап, жамандыққа баруға тосқауыл қояды.
Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Расында намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды», – деген аяттың мағынасы сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімді намазы арсыздық пен жамандықтан қайтармаса, оның намазы жоқ», – деп жауап берген.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Кімнің намазы оны арсыздық пен жамандықтан тыймаса, ол намаз арқылы Аллаға жақындай түспейді, керісінше, Одан алыстай түседі», – деген.
Екіншісі: намаз Алланы еске алуды қамтиды. Сондықтан Алла Тағала:
وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ
«Ал Алланы үнемі (жүрекпен, тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені», – деп айтты. Яғни, намаздың арсыздық пен жамандықтан тыюынан да жоғары мақсаты – пенденің жүрегін Алланы еске алумен тірілтуі. Сол үшін де намаз жүрекке қуаныш ұялатып, ләззат пен тыныштық орнатады.
Үшініші: намаз – адамның өмірі мен мінезін өзгертеді
Алла Тағаланың парыз еткен намазы жай ғана қимыл-қозғалыс немесе дене жаттығулары емес, бәлки рухани тәрбие мектебі. Дұрыс орындалған намаз адамның мінез-құлқын және оның амалдарын жақсартады, себебі оның негіздері мен шарттарын толық орындау иман мен жақсылыққа ұмтылуды арттырады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ الْإِنْسَانَ خُلِقَ هَلُوعًا، إِذَا مَسَّهُ الشَّرُّ جَزُوعًا، وَإِذَا مَسَّهُ الْخَيْرُ مَنُوعًا، إِلَّا الْمُصَلِّينَ، الَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَاتِهِمْ دَائِمُونَ
«Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар (мұндай) емес». Олар сондай намаздарын ұдайы орындайды», – деген («Мағариж» сүресі, 19-23-аяттар).
Демек, әрбір адам намазды дұрыс орындаса, одан намаз оқитын адам ғана емес, жалпы қоғам да игілігін көрері сөзсіз. Себебі намаздың ықпалындағы адамдар иманды болып, олардан тек жақсылық шығады.
Бір дана айтқандай: «Намаздың сыры – дүниені өзгертпейді, бірақ намаз бізді өзгертеді, ал біз әлемді өзгертеміз». Шынайы оқылған намаз – қоғамды ізгілікке бастаудың таптырмас жолы. Алла Тағала Құранда Алладан түскен кітапты берік ұстанып, намазды жіті орындағандарды «ізгілікке бастаушылар», «өзгені түзететіндер», – деп атап, ондай пенделердің жасаған амалдарын зая кетірмей, оларға шексіз жақсылығын нәсіп ететінін баяндаған.
Адам баласы аса ұлы Алланы ықыласпен еске алып, намазын берілген түрде ұдайы және өз уақытында мұқият орындаса, онда жүрек тазарып, иман күшейеді әрі адам күнәлардан алыс болады. Адам намазда аса ұлы Алланы жанымен, тілімен және тәнімен еске алады, ал бұл – ең игі амал. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عَلَيكَ بالسُّجُودِ؛ فإِنَّهُ لا تَسجُدُ للهِ سَجدَةً إلَّا رَفَعَكَ اللهُ بِهَا دَرَجَةً، وحَطَّ عَنكَ بِهَا خَطِيئَةً
«Сәждені көбірек жаса. Расында әр сәжде жасаған сайын Алла сенің дәрежеңді жоғарылатады және сенің күнәңді өшіреді», – деген (имам Ахмад).
Адам өмірінде түрлі қиындықтар мен сынақтарға тап болады. Мұндай жағдайлар алаңдаушылыққа, күйзеліске (стреске) және депрессияға әкеліп, адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Осындай сәттерде намаз жүрекке тыныштық сыйлап, сабыр мен үміт ұялатады. Сондықтан намаз – өмірдің ауыртпалықтарын жеңуге көмектесетін амалдардың бірі.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Сабырмен және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бipгe», – деген («Бақара» сүресі, 153-аят).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің азаншысына: «Жанымызды намазбен тыныштандыршы, уа, Біләл!» – деп азан шақыруға үндеуі бекер болмаса керек. Демек, намаз – жүректің тыныштығы мен рухани толығудың негізгі көзі. Адам баласы сыртқы әлемнің күйбеңі мен күйзелісінен шаршағанда, сәждеге басын қойып, Жаратушыға мұңын шағу арқылы ішкі азабынан арылады. Сабыр мен намазды серік еткен жан кез келген тығырықтан шығатын жол тауып, жүрегіне тыныштық орнатады.
Құрметті жамағат!
Құран Кәрімде Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاَةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاء
«Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ет! Раббымыз! Тілегімізді қабыл ал», – деп, дұға еткендігі баяндалған («Ибраһим» сүресі, 40-аят). Даналығымен танылған Лұқман Хакім де өзінің ұлына:
يَا بُنَيَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْبِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَكَ
«Әй, ұлым! Намазды толық орында, жақсылықты бұйырып жамандықтан тыйып, басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлы бол», – деп өсиет айтқан («Лұқман» сүресі, 17-аят).
Бұл аяттар намаздың артықшылығын көрсетіп қана қоймай, оны ұрпақ санасына ерте жастан сіңірудің маңызын да аңғартады. Себебі намаз – тәртіп мектебі. Күніне бес уақыт намазын уақытында орындауға дағдыланған адам уақыттың қадірін түсінеді, жауапкершілікке үйренеді. Өмірдегі кез келген жетістік – мейлі ол білімде, ғылымда немесе спортта болсын – ең алдымен темірдей тәртіп пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Сондықтан намазда қалыптасқан тәртіп, адамның бүкіл өміріне әсер етіп, қоғамдық ортада да тәртіпті, жауапты әрі сенімді азамат болып қалыптасуына негіз болады.
Бұқар жырау бастаған асыл ата-бабаларымыз да біздерге намаз оқуды көптеп өсиет еткен:
«Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Бірі қаза болмасқа», – деген.
Осы себепті де, пенде әрбір намазына ерекше мән беріп, оны уақытында әрі шынайы ықыласымен оқуға барынша тырысқаны жөн. Алла Тағала баршамыздың оқыған намаздарымызды, жасаған ғибадат-дұғаларымызды өз құзырында қабыл еткей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
31.07.2026
126
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру