Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ОҒАН АЛЛАНЫҢ САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 21.08.2026 222 0 пікір
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ  (ОҒАН АЛЛАНЫҢ САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ

 

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Оның өмір жолы – адамзатқа туралықты, көркем мінезді, мейірімділік пен кешірімділікті, әділдік пен сабырлылықты үйрететін өшпес өнеге. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا 

«Шүбәсіз, Алла Елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне үмітін артқан һәм Алланы көп еске алатындар үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрбір сөзі мен ісінен мейірімділік, шыншылдық, кешірімділік пен адамға деген жанашырлықтың көркем көрінісін көреміз. Ол – ең көркем мінездің кемел үлгісі, адамзатқа ізгілік пен әділеттің жолын көрсеткен ұлы тұлға. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүректерге жаққан шырағы қаншама ғасырлар өтсе де сөнген жоқ. Бүгінде де оның өнегелі ғұмыры – жақсылыққа ұмтылған әрбір жанға тура жол көрсететін мәңгілік рухани бағдар.

Осылайша, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі адамның Алламен байланысы нығайған сайын жердегі нәпсі қалауларынан биіктеп, адамдар арасында жүретін мейірім иесіне айналатынының дәлелі болды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلَاقِ

«Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген (имам Бұхари).

Жүсіп Баласағұн бабамыз Хақ Сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі турасында:

Рахымды ием, пайғамбарын жіберді,

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол Құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,

Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!..

Елге деген рахымы ол Құдайдың,

Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы.

Жібек мінез, ақылды, әппақ пейілді,

Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.

Қара жерде, жасыл көкте әзіз-ді,

Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.

Бастаулардың басы еді, оңдысы,

Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы! – деген.

Бірінші: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа елші етілуі және бес ерекше қасиеті

Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа ортақ елші етіп жіберді. Ал бұған дейінгі пайғамбарлардың әрқайсысы өз қауымына ғана жіберілген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا كَافَّةً لِّلنَّاسِ بَشِيرًا وَنَذِيرًا وَلَٰكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لَا يَعْلَمُونَ

«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені күллі адамзатқа сүйіншілеуші әрі ескертуші ретінде ғана жібердік. Алайда адамдардың көбі мұны білмейді», – деген («Сәбә» сүресі, 28-аят).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) елшілігі адамдармен ғана шектелмей, жындарға да қатысты болды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

قُلْ أُوحِيَ إِلَيَّ أَنَّهُ اسْتَمَعَ نَفَرٌ مِّنَ الْجِنِّ فَقَالُوا إِنَّا سَمِعْنَا قُرْآنًا عَجَبًا 

«(Уа, Мұхаммед!) былай де: «Маған келген уахи бойынша, бір топ жын (мен оқыған Құранды) тыңдап, кейін (тайпаларына барып): «(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық», – деді», – деген («Жын», сүресі, 1-аят).

Алла Тағала Оны (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеңіспен және дұшпандарының жүректеріне түсірілетін үреймен қолдады. Бұл үрей арақашықтық қанша алыс болса да, олардың жүректеріне әсер ететін еді. Сондай-ақ Алла Тағала оған «жауамиғул-кәлим», яғни аз сөзбен мол мағынаны жеткізетін шешендік қабілет берді. Бұған қоса, оған соғыс олжалары халал етілді. Бұл – оған дейінгі пайғамбарлардың ешқайсысына берілмеген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Маған менен бұрын ешкімге берілмеген бес нәрсе берілді:

Біріншіден, бір айлық қашықтықта болса да, дұшпандарымның жүрегіне үрей салу арқылы жеңіске жетуіме жәрдем берілді.

Екіншіден, жер мен үшін мешіт әрі тазаланатын орын етілді. Сондықтан үмбетімнің кез келген адамына намаз уақыты қай жерде келсе, сол жерде намаз оқи алады.

Үшіншіден, маған олжа малдары халал етілді. Ал менен бұрын ешкімге олжа халал етілмеген.

Төртіншіден, маған шапағат ету құқығы берілді.

Бесіншіден, бұрынғы пайғамбарлардың әрқайсысы өз қауымына ғана жіберілген. Ал мен бүкіл адамзатқа жіберілдім», – деген (имам Бұхари).

Екінші: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла құзырындағы мәртебесі

Алла Тағала ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көкірегін нұрға толтырып, дәрежесін биіктетті әрі есімін күллі адамзатқа өшпес даңқпен асқақтатты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَرَفَعْنَا لَكَ ذِكْرَكَ 

«Сондай­-ақ есіміңді мақтаулы етіп, мәртебеңді көтермедік пе?» – деген («Шарх», сүресі, 4-аят).

Бұл аят: «Алла Тағала еске алынған жерде Оның Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі) есімі де бірге аталады. Бұған шәһадат кәлимасы, азан, қамат, тәшәһһуд және құтпа секілді құлшылықтардағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімінің аталуы», – деп түсіндірілген.

Имам Шафиғи Мужаһидтен (Алла оны рақымына алсын) осы аяттың тәпсіріне қатысты мынадай сөзді жеткізеді: «Мен қай жерде еске алынсам, сол жерде сенің есімің де менімен бірге аталады. Яғни: «Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың Елшісі екеніне куәлік етемін», – деп айтылады».

Имам Шафиғи бұл сөздің мәнін: «Яғни Аллаға иман келтіруде және азан айтылғанда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі Алланың есімімен қатар аталады», – деп түсіндіреді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَتَانِي جَبْرَيْلُ فَقَالَ : إِنَّ رَبِّي وَرَبَّكَ يَقُولُ لَكَ : تَدْرِي كَيْفَ رَفَعْتُ لَكَ ذِكْرَكَ ؟ قُلْتُ اَللهُ أَعْلَمُ، قَالَ لَا أُذكَرُ إلَّا ذُكِرْتَ مَعِي

«Маған Жәбірейіл келіп: Расында Менің де, сенің де Раббымыз Саған (оған Алланың салауаты мен сәлемі): «Мен Сенің есіміңді қалай көтергенімді білесің бе?» – деді. Мен: Алла жақсырақ біледі, – дедім. Сонда (Жәбірейіл Алланың мына сөзін жеткізді): Мен  еске алынған сайын, сен де менімен бірге еске алынатын болдың, – деді», – деген (ибн Хиббан).

Үшінші: Алла Тағаланың ардақты Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қорғап, абыройын асқақтатуы

Алла Тағала Пайғамбарымзға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үн қатқанда ерекше құрмет пен пайғамбарлық мәртебесін айқындайтын ұлық сипаттармен баяндаған. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ لَا يَحْزُنكَ الَّذِينَ يُسَارِعُونَ فِي الْكُفْرِ

«Уа, ардақты Елші! Күпірлікте өзара жарысқандар көңіліңе қаяу түсірмесін», – деген («Мәида» сүресі, аят-41).

Тағы бір аятта:

يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ شَاهِدًا وَمُبَشِّرًا وَنَذِيرًا 

«Уа, Пайғамбар! Біз сені куә болушы, сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік», – деген («Ахзаб» сүресі, 45-аят).

Бұл – Алла Тағаланың Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлықтап, есімін асқақтатып, Өз құзырындағы мәртебесін биіктеткенінің айқын көрінісі. Сондай-ақ Алла Тағаланың осы үмбеттің Пайғамбары әрі пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берген ерекше қасиеттерінің бірі Оны қауымының зиянынан қорғап, оған тағылған жалалар мен орынсыз айыптауларға Алла Тағала Құран арқылы жауап беріп, Өз Елшісінің абыройын Өзі қорғады әрі оның ақиқаттығын айқын дәлелдермен паш етті.

Төртінші: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне деген шексіз мейірімі

Ислам діні – мейірімділік пен рақымдылықты насихаттайтын хақ дін. Ал осы ұлы қасиеттердің ең көркем үлгісін адамзатқа Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көреміз. Ол өзіне иман келтірген үмбетіне ерекше жанашыр болып, олардың дүниесі мен ақыретінің игілігін ойлаған. Алла Тағала қасиетті  Құранда:

لَقَدْ جَاءَكُمْ رَسُولٌ مِّنْ أَنفُسِكُمْ عَزِيزٌ عَلَيْهِ مَا عَنِتُّمْ حَرِيصٌ عَلَيْكُم بِالْمُؤْمِنِينَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ 

«Сендерге өз араларыңнан азиз пайғамбар келді. Тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар. Ол мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деген («Тәубе» сүресі, 128-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّمَا أَنَا رَحْمَةٌ مُهْدَاةٌ

«Расында, мен – сый етіліп жіберілген мейірім иесімін», – деген (имам Табарани).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділігі тек сөзінде емес, бүкіл өмірінде көрініс тапты. Ол үмбетінің қиындыққа ұшырағанына алаңдап, күнәлі іс істеген үметтінің қателіктерінің кешірілуін тілеп, Қиямет күні де «Үмбетім! Үмбетім!» – деп шапағат сұрайды. Бұл – Оның үмбетіне деген теңдессіз жанашырлығы мен мейірімділігінің көрінісі.  

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құрандағы Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасын оқыды: «Уа, Раббым! Ол пұттар көптеген адамдарды тура жолдан тайдырды. Бұдан былай кім маған ерсе, ол – менің үмбетім. Ал кімде-кім маған қарсылық білдірсе, Сен өте кешірімді, ерекше мейірімдісің», – деген («Ибраһим» сүресі, 36-аят).

Сонымен қатар Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың: «Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз, олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, бәрінен үстемсің һәм асқан даналық иесісің», –деген сөздерін оқыды («Мәида» сүресі, 118-аят).

Осы аяттарды оқығаннан кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолын көтеріп: Уа, Алла! Үмбетім! Үмбетім! – деп жылады. Сонда Алла Тағала Жәбірейл періштеге: «Уа Жәбірейл! Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бар да, оның не үшін жылап отырғанын сұра», – деді. Жәбірейіл келіп, Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылауының себебін сұрағанда, ол үмбеті үшін алаңдап жылағанын айтты. Сонда Алла Тағала: «Уа, Жәбірейіл! Мұхаммедке бар да: «Расында, Біз сені үмбетің жайында разы етеміз әрі сені ренжітпейміз», – деп айт», – деді.

Бұл оқиға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне деген мейірімінің қаншалықты терең болғанын көрсететін ғибратты мысал.

 

Қисса

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен дастарқан басында отырған кезде, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойдың жілігі ұсынылды. Одан аздап ауыз тиіп, кейін былай деді: «Қиямет күні мен адамдардың мырзасы боламын. Оның не себепті екенін білесіңдер ме? Алла Тағала алғашқы және соңғы адамдардың барлығын бір жазық жерге жинайды. Ол жерде шақырушының дауысы бәріне естіледі, ал көзқарас еш нәрседен адаспайды. Күн адамдарға жақындап, олардың басына төніп тұрады. Сонда адамдар бұрын-соңды көтере алмаған ауыр қайғы мен азапқа түседі. Сол кезде адамдар бір-біріне: «Бастарыңа түскен жағдайды көрмейсіңдер ме? Сендер үшін кім шапағат ететінін іздемейсіңдер ме?» – дейді. Сонда олар пайғамбарларға барып өздеріне шапағат етуін сұрайды, алайда олар өз жағдайын ойлап, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жол сілтейді.

Сонда олар Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Мұхаммед! Сен – Алланың Елшісі әрі пайғамбарлардың соңғысысың. Алла сенің бұрынғы және кейінгі күнәларыңды кешірді. Раббыңның алдында бізге шапағат етші! Біздің қандай күйде екенімізді көрмейсің бе?» – дейді.

Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: Мен жолға шығып, Аршының астына барамын да, Ұлы Раббыма сәждеге жығыламын. Сонда Алла маған Өзінің ұлық мадақтары мен көркем мақтауларынан бұрын-соңды ешкімге ашпаған нәрселерін ашады.

Содан кейін: Уа, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Басыңды көтер! Сұра – саған беріледі. Шапағат ет – шапағатың қабыл болады, – деп айтылады. Мен басымды көтеріп: «Уа, Раббым! Үмбетім! Уа, Раббым! Үмбетім! Уа, Раббым! Үмбетім!» – деймін.

Сонда: Уа, Мұхаммед! Үмбетіңнің ішінен есепсіз жәннатқа кіретіндерді жәннаттың оң жақ қақпасынан кіргіз. Олар жәннаттың басқа қақпаларынан кіретін адамдармен де ортақтас болады, – деп айтылады. Содан кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін! Жәннат қақпаларының екі жақтауының арасы Мекке мен Химьярдың арасындай немесе Мекке мен Бусраның арасындай кең», – деді.

 

Құрметті жамағат!

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі – адамзатқа берілген ұлы өнегенің ең көркем үлгісі. Оның әрбір сөзі мен ісі мейірімнің, сабырдың, әділеттің, кешірім мен көркем мінездің биік өлшемін танытады. Ол адамдарды тек жақсы сөзге шақырып қана қоймай, сол ізгілікті өз өмірімен дәлелдеді. Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүю оның өнегесін танумен, ал шынайы сүю сол өнегені өмірімізге енгізумен көрінеді. Оның отбасына деген қарым-қатынасынан – мейірімділікті, адамдармен байланысынан – әдептілікті, қиындықтағы сабырынан – беріктікті, үмметіне деген жанашырлығынан – жүрек тазалығын үйренеміз. Сондықтан әрбір мұсылман адам көркем мінезімен және іс-әркетімен қоғамда таза болып, айналасына мейірімділік таныта білуі қажет. 

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ ۚ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

«Расында, Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» – деген («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Кағб ибн Ужра (Алла оған разы болсын) былай деді: Алла Тағаладан осы аят түскен кезде, мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына барып:

– Уа, Алланың Елшісі! Сізге сәлем жолдауды білдік. Ал сізге салауат айту қалай болады? – деп сұрадым. Сонда Алла Елшісі (оған Алла салауаты мен сәлемі болсын):

ﺍﻟﻠَّﻬُﻢَّ ﺻَﻞِّ ﻋَﻠَﻰ ﻣُﺤَﻤَّﺪٍ ﻭَﻋَﻠَﻰ ﺁﻝِ ﻣُﺤَﻤَّﺪٍ ﻛَﻤَﺎ ﺻَﻠَّﻴْﺖَ ﻋَﻠَﻰ ﺇِﺑْﺮَﺍﻫِﻴﻢَ ﻭَﻋَﻠَﻰ ﺁﻝِ ﺇِﺑْﺮَﺍﻫِﻴﻢَ ﺇِﻧَّﻚَ ﺣَﻤِﻴﺪٌ ﻣَﺠِﻴﺪٌ ، ﺍﻟﻠَّﻬُﻢَّ ﺑَﺎﺭِﻙْ ﻋَﻠَﻰ ﻣُﺤَﻤَّﺪٍ ﻭَﻋَﻠَﻰ ﺁﻝِ ﻣُﺤَﻤَّﺪٍ ﻛَﻤَﺎ ﺑَﺎﺭَﻛْﺖَ ﻋَﻠَﻰ ﺇِﺑْﺮَﺍﻫِﻴﻢَ ﻭَﻋَﻠَﻰ ﺁﻝِ ﺇِﺑْﺮَﺍﻫِﻴﻢَ ﺇِﻧَّﻚَ ﺣَﻤِﻴﺪٌ ﻣَﺠِﻴﺪٌ

«Уа, Алла! Мұхаммедке және оның әулетіне Ибраһимге және оның әулетіне рақым етіп, салауат еткендей, салауат ет. Расында, Сен – аса Мақтаулы, Ұлысың. Мұхаммедке және оның әулетіне Ибраһимге және оның әулетіне береке бергеніңдей, береке бере гөр. Расында Сен – аса мақтаулы, Ұлысың», – деді (имам Мүслим).

Демек, Алла Елшісінің есімі аталса «Пайғамбар» немесе «Алла Елшісі» деп, Мұхаммед пайғамбар меңзелсе «оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын» деп салауат айтуымыз қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған салауатты көп айтқан адам Қиямет күнінде маған ең жақын адам болады», – деген. 

Алла Тағала ардақты пайғамбарымызға шынайы үмбет болуды нәсіп етсін!

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру