Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСУ – ІЗГІ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 19.06.2026 28 0 пікір
ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСУ – ІЗГІ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСУ – ІЗГІ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Өмір бізге берілген үлкен мүмкіндік, сынақ алаңы. Ал бұл сынақта озып шығудың, ізгі қоғам құрудың бірден-бір жолы бір-бірімізбен жақсылықта жарысу. Өйткені жақсы істерде жарысу – мұсылманның терең ықыласының, ізгі амалдарды жасауға деген құштарлығының көрінісі. Өмірде әркім бір нәрсенің соңынан жүгіріп, өзгелермен жарысып жүреді. Ал мұсылман адам қашан да қайырымдылық пен ізгілік жолында жарысуы тиіс. Бұл туралы Жаратқан Алла қасиетті Құранда:

وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ

«Раббыларыңның кешіріміне және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі көктер мен жердей болған жәннатқа ұмтылыңдар (жарысыңдар) – деген («Әли Имран» сүресі, 133-аят).

Әрине, Алланың кешіріміне ие болу – ең үлкен жетістік. Ал кеңдігі жер мен көктей болған жәннатқа жету – ұлы нығмет. Адам баласы осындай ұлы марапаттарға жақсылық пен ізгілік жолында жарысу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мұсылмандар барлық істе орта жолды ұстануға шақырылғанымен, бұл жерде ізгі істерде жарысуға үндеп тұр. Өйткені мұсылман ұлы мақсаттарға, яғни сауапты істерге жылдам ұмтылғаны жөн.

Сондықтан жақсылықта жарысу – ең үлкен жарыс. Оның нәтижесі – жәннат. Мұндай жарыста кейін қалуға болмайды. Әркім өз мүмкіндігіне қарай, өз саласында болса да, міндетті түрде сауапты істердің жарыс қатарында табылуы тиіс.

Бірінші: жақсылықта жарысудың маңызы

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Мәида» сүресі, 48-аятында:

وَلِكُلٍّ وِجْهَةٌ هُوَ مُوَلِّيهَا ۖ فَاسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتِ

«Әркімнің бет алатын бағыты (құбыласы) бар. Ендеше, жақсылықта бір-біріңмен жарысыңдар», – деп бұйырады.

Имам ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын) бұл аяттың тәпсірінде: «жақсылыққа ұмтылу және оны уақытынан кешіктірмей дереу орындау – адам баласының екі дүниедегі бақытының кілті», – деген. Ғұламаларымыз бұл аяттағы (жарысыңдар) деген бұйрық екі мағынаны білдіреді деген:

  1. Уақыттан озу: яғни жақсылық істі кейінге қалдырмай, бірден іске асыру. Өйткені ажалдың қашан келері белгісіз.
  2. Өзгелерден озу: яғни айналаңдағы адамдарға қарап бой түзеу, сауапты істерде көшбасшы болуға ұмтылу. Мысалы, адам баласы өзге біреудің байлығына не мансабына қызғанышпен қарамай: «Шіркін, қандай жақсылық жасады, мен де сондай игі іс істесем екен!» деп ниет етсе, қоғамда көреалмаушылық жойылып, бауырмалдық артады.

Хакім Абай: «Жүйрік ат кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе. Қыран құс та, жүйрік ит те кейде оның қолында, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе», – деп айтқанындай бүгін әлдебір дүние біреудің қолында болса, ертең басқа адамда болуы әбден мүмкін. Сол себепті мұсылман адам мал-дүниенің көптігімен емес, жақсы амалдарды көбірек жасау арқылы жарысу қажет. Қасиетті Құранда Зәкәрия пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) перзент сұраған дұғасы қабыл етілгені туралы айтылғаннан кейін, аяттың соңында:

إِنَّهُمْ كَانُوا يُسَارِعُونَ فِي الْخَيْرَاتِ

«Өйткені олар жақсылықтарға асығатын», – деп сипатталған.

Бұдан біз жақсы амалдарда жарысу – пайғамбарлардың бойында болғанын әрі бұл сипат дұғаның қабыл болуына себеп болатынын ұғамыз. Олар сауапты істерді кейінге қалдырмайтын, игілік жасауда алдыңғы қатарда болатын. Сондықтан жақсылықта жарысу дұғамыздың қабыл болуына да себеп болуы мүмкін.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

لاَ حَسَدَ إِلاَّ فِي اثْنَتَيْنِ: رَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ مَالاً فَسَلَّطَهُ عَلَى هَلَكَتِهِ فِي الْحَقِّ، وَرَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ حِكْمَةً فَهُوَ يَقْضِي بِهَا وَيُعَلِّمُهَا

«Тек екі түрлі адамға ғана қызғанышпен (қызыға) қарауға болады: біріншісі – Алла Тағала оған мал-дүние беріп, ол оны игі істерге (жақсылыққа) жұмсайтын адам, екіншісі – Алла Тағала оған хикмет (ілім) беріп, ол онымен үкім етіп, оны адамдарға үйрететін адам», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).

Мұндағы «қызғаныш» – күншілдік (хасад) емес, қызығушылық (ғибта). Күншілдік дегеніміз «ондағы игілік құрып, маған келсе екен» деген жаман ниет. Ал қызығушылық – «Алла оған берген нығметті арттырсын, маған да сондай игілік берсе, мен де солай жақсылыққа жұмсар едім» деген ізгі тілек.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадис арқылы бізге байлық пен ілімнің негізгі мақсатын көрсетіп отыр. Байлық – мақтану үшін емес, қоғамға пайда келтіру үшін, ал ілім – тәкәппарлану үшін емес, халықты ағарту үшін беріледі. Сондықтан, соңымыздан қалатын сауапты істерде мейлінше жарысуымыз қажет.

Жәбірден (Алла оған разы болсын)  жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың ең жақсысы басқа адамдарға ең көп пайдасы тигені», –деген (имам Табарани).

 

Қисса

Сахабалар өмірі – жақсылықта жарысудың ең айқын үлгісі. Тәбүк жорығына дайындық кезінде болған мына бір оқиға бәрімізге ой салуы тиіс. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) іштей: «осы жолы Әбу Бәкірден озамын», – деп ойлайды. Өйткені ол кезде Омардың (Алла оған разы болсын) жағдайы өте жақсы еді. Үйіне барып, бүкіл мал-мүлкінің тең жартысын бөліп, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Омар, отбасыңа не қалдырдың?» – деп сұрағанда, ол: «Дүниемнің жартысын қалдырдым», – деп жауап береді. Сәлден соң Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) келеді. Ол үйіндегі барлық мүлкін, ине-жібіне дейін жинап алып келген еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан да: «Уа, Әбу Бәкір, отбасыңа не қалдырдың?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Бәкір: «Оларға Алла мен Оның Елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым», – деп жауап береді. Мұны көрген Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Әбу Бәкір! Мен ешқашан, ешбір істе сенен оза алмайды екенмін», – деген екен. Бұл – Алланың разылығын алу жолындағы сауапты жарыс еді.

Екінші: Құранда жақсылыққа жарысушылардың сипаттары

Құран Кәрімде жақсылыққа ұмтылушыларды, игі істерде алдыңғы қатарда болушыларды سابقون «сәбиқун» (озушылар) немесе مسارعون «мусариъун» (жарысушылар) деп атайды. Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде (мысалы, «Мүминун», «Фатир», «Әли Имран» сүрелерінде) осындай ізгі құлдарының бойында болатын ерекше сипаттарды баяндаған.

Алла Тағала «Мүминун» сүресінің 57-61-ші аяттарында шынайы иман келтірген, жақсылықта алдына жан салмайтын озушы құлдардың сипаттарын былайша келтіреді:

إِنَّ ٱلَّذِينَ هُم مِّنۡ خَشۡيَةِ رَبِّهِم مُّشۡفِقُونَ. وَٱلَّذِينَ هُم بِـَٔايَٰتِ رَبِّهِمۡ يُؤۡمِنُونَ .وَٱلَّذِينَ هُم بِرَبِّهِمۡ لَا يُشۡرِكُونَ. وَٱلَّذِينَ يُؤۡتُونَ مَآ ءَاتَواْ وَّقُلُوبُهُمۡ وَجِلَةٌ أَنَّهُمۡ إِلَىٰ رَبِّهِمۡ رَٰجِعُون. أُوْلَٰٓئِكَ يُسَٰرِعُونَ فِي ٱلۡخَيۡرَٰتِ وَهُمۡ لَهَا سَٰبِقُونَ.

«Расында, олар Раббыларынан қорыққандықтан дірілдеп (сескеніп) тұратындар. Олар Раббыларының аяттарына (кәміл) иман келтіретіндер. Олар Раббыларына ешбір серік қоспайтындар. Және (Алла жолында) бергендерін (садақа, игі амалдарын) Раббыларына қайтатындықтарынан жүректері қорқа отырып беретіндер. Міне, солар жақсылықтарға асығады және олар осы істерде (өзгелерден) озып кетеді», – деп сипаттаған.

Бұл аяттар Алла Тағаланың құзырында «ең жоғарғы дәрежелі» деп танылатын ізгі құлдардың ішкі рухани әлемі мен сыртқы амалдарын сипаттайды. Тәпсірші ғалымдар бұл бес аятты бір-бірімен тығыз байланысты төрт негізгі сипат пен оның нәтижесі ретінде түсіндіреді. Ең маңызды сипат –жасаған амалына мастанбау. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) осы 60-шы аят туралы: «Уа, Алланың Елшісі! Бұл аятта айтылғандар зина жасап, ұрлық қылып, арақ ішіп, содан қорқатындар ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, ей, Сыддықтың қызы! Олар  намаз оқитын, ораза ұстайтын және садақа бере тұра, «істеген амалдарым қабыл болмай қала ма?» деп қорқатындар. Міне, солар жақсылыққа асығушылар», – деп жауап берген (Термизи, Ибн Мәжә).

Осындай ішкі тазалық пен рухани қорқынышқа ие жандарды Алла Тағала: «Міне, солар жақсылықтарға асығады», – деп сипаттайды. Олар уақытты бос жібермейді, ізгі амал жасаудың мүмкіндігі туса, бірден соған ұмтылады. Олар тек байығанда емес, қиын сәттерде де қол ұшын созуға асығады. Өзгелердің қателігін кешіріп, кек сақтамайды. Соның нәтижесінде олар басқалардан озып, жәннаттың ең жоғарғы дәрежелеріне (Фердаусқа) бірінші болып жетеді.

Үшінші: жақсылықта жарысудың пайдалары мен жемістері

Ислам діні адамды бір-бірімен дүние табу мақсатында емес, ізгілік пен сауапты амалдарда жарысуға шақырады. Өйткені жақсылықта жарысу – адамды кемелдікке жеткізетін, қоғамды гүлдендіретін және ақыретте үлкен сыйға бөлейтін ізгі іс. Мысалы,

  1. Алланың сүйіспеншілігі мен разылығына кенеледі. Ізгілікте озуға ұмтылу пенденің тақуалығын көрсетеді. Алла Тағала Құранда жақсылық жасаушыларды ерекше жақсы көретінін айтқан:

وَأَحْسِنُوا إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Жақсылық жасаңдар! Шын мәнінде, Алла жақсылық жасаушыларды (мұхсиндерді) жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 195-аят).

Адам баласы үшін ең үлкен бақыт – Алланың разылығы мен махаббатына бөлену. Өйткені Алла жақсы көрген құлын жердегі де, көктегі де жаратылыстар жақсы көреді. Ал оған апаратын төте жол – «мұхсин» (риясыз жақсылық жасаушы) болу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейілге: «Мен пәленшені жақсы көремін, сен де оны жақсы көр», – дейді. Содан кейін көктегілер де оны жақсы көреді әрі жер бетінде оған құрмет пен сүйіспеншілік беріледі», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Демек, жақсылыққа ұмтылған жан тек ақыретте ғана емес, бұл дүниеде де құрметке ие болады.

  1. Күнәлар кешіріледі. Жақсылықта жарысып, ізгі істерді көбейту өткен күнәлардың өшірілуіне себепші болады. Құран Кәрімде бұл туралы:

إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ

 «Шын мәнінде, жақсылықтар жамандықтарды (күнәларды) жояды», – деген («Һұд» сүресі, 114-аят).

Бір жетімнің басынан сипау, мұқтажға көмек беру, ата-ананы разы ету, көршіге жақсылық жасау, білім үйрету секілді әрбір игі іс адамның күнәларының кешірілуіне себеп болады. Сондықтан мұсылман өткен қателіктеріне қамығып отыра бермей, оларды жақсылықпен жуып-шаюға тырысуы керек.

  1. Жәннатта жоғары дәрежелерге жетеді. Жәннатта әркімнің дәрежесі осы дүниедегі амалына қарай беріледі. Ізгілікте алға озғандар ақыретте де ең алдыңғы қатарда болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَالسَّابِقُونَ السَّابِقُونَ. أُولَـٰئِكَ الْمُقَرَّبُونَ

«Алдыңғы қатардағылар (иманда, жақсылықта озғандар) олар (ақыретте де) алдынғы қатарда болады. Міне, солар (Аллаға) жақын болғандар», – деп баяндаған («Уақиға» сүресі, 10-11 аяттар).

Жәннаттың ең жоғарғы дәрежесі – Фердаус. Оған тек намаз, ораза, қажылық, зекет сынды парыздарды орындаумен қатар, нәпіл құлшылықтарда, садақада, қайырымдылықта және адамдарға пайда тигізуде өзгелерден озық болғандар лайық болады.

Сахабалар да осы мақсатта бір-бірімен ізгі істерде жарысатын болған. Бірі садақа берсе, екіншісі одан да көбірек беруге тырысатын. Бірі білім үйренсе, екіншісі оны амалға асыруға ұмтылатын.

  1. Қоғамда «қайырлы істі» (сүннетті) жалғастырады. Жақсылықта жарысқан адам өзгелерге үлгі болады. Сізге қарап бой түзеген адамның сауабы сізге де жазылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ سَنَّ فِي الْإِسْلَامِ سُنَّةً حَسَنَةً فَلَهُ أَجْرُهَا وَأَجْرُ مَنْ عَمِلَ بِهَا بَعْدَهُ مِنْ غَيْرِ أَنْ يَنْقُصَ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْءٌ

«Кімде-кім исламда көркем бір жол (жақсы үлгі) бастаса, оған сол істің сауабы және өзінен кейін соны амалға асырғандардың сауабы (еш кемітілмей) жазылады», – деген (имам Мүслим).

Мешіт салуға себепші болған адам сол жерде оқылған әр намаздың сауабынан үлес алады. Шәкірт тәрбиелеген ұстаз оның әрбір игі ісінен сауап алады. Қандай да бір жақсы бастама кейде ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған адамға пайдасын тигізуі мүмкін. Сондықтан мұсылман «маған ғана пайдасы тисе болды» деп емес, қоғамға пайдалы іс қалдыруды мақсат етуі тиіс.

  1. Фитналардан (бүліктен) аман қалады. Игі істерге асығу адамның уақытын, малын және өмірін берекелі етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بَادِرُوا بِالْأَعْمَالِ فِتَنًا كَقِطَعِ اللَّيْلِ الْمُظْلِمِ

«Бүліктер (фитна) басталмай тұрып салиқалы амал жасауға асығыңдар! Ол бүліктер тас қараңғы түннің бөлшектері сияқты болады», –  деп ескерткен (имам Мүслим).

Біздің бабаларымыз да осы ислами құндылықтарды ұлттық тәрбиенің өзегіне айналдырған. Хакім Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде адамның ең жақсы қасиеті айналасына пайда келтіру екенін айта келіп: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – дейді. Яғни, Абайдың пайымдауынша, қоғамда кімнің озық екені оның шенімен немесе малымен емес, ар-ұятымен, ілімімен және мінезімен өлшенеді.

Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл», – деп адамның ең басты мақсаты «анық түзу жолға» түсіп, өзгеге зиян тигізбей, пайда әкелу екенін айтады.

 

Құрметті жамағат!

Мұсылман баласы әрдайым жақсылықта жарысып өтуі тиіс. Себебі өмір қысқа, мүмкіндік шектеулі, ал ақырет азығы мәңгілік. Сондықтан әр күнімізді бір жақсылықпен бастап, сауапты амалмен аяқтауға тырысқанымыз жөн. Жақсылықта жарысу үлкен істерден ғана тұрмайды. Жолда жатқан тасты алып тастау, мұқтаж жанға жылы сөз айтып көңілін аулау, көршінің халін сұрау, жетімнің басынан сипау, өз жұмысыңды (дәрігер, мұғалім, құрылысшы, т.б.) адал әрі сапалы атқару – міне, осының бәрі жақсылықтың көрінісі. Қолымыздан келсе көмектесейік, келмесе жақсы сөз айтайық, оған да шамамыз жетпесе дұға етейік. Өйткені жақсылықтың үлкені мен кішісі болмайды, Алла алдында ықыласпен жасалған әрбір іс бағалы. Егер әрқайсымыз «Маған қоғам не береді?» деп емес, «Мен қоғамға қандай пайда келтіре аламын?» деп өмір сүрсек, елімізде мейірімділік артады. Жақсылықта жарысқан жұрттың алмайтын асуы, бағындырмайтын белесі болмайды.

Алла Тағала баршамызды ізгі істерде алдыңғы қатардан көрінуді нәсіп етсін! Елімізге тыныштық, жұртымызға береке бергей!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру