Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАН РАХАТЫ АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУДАН ТҰРАДЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 12.06.2026 34 0 пікір
ЖАН РАХАТЫ АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУДАН ТҰРАДЫ

ЖАН РАХАТЫ АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛУДАН ТҰРАДЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Алланы еске алу – жүректің тыныштығы, рухтың азығы және пенденің Раббысымен байланысын нығайтатын ең ұлы құлшылықтардың бірі.

Ислам діні адамның рухани дүниесіне ерекше көңіл бөліп, жүрек тыныштығы мен жан рахатының ең сенімді қайнар көзі ретінде Алланы еске алуды насихаттайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ ۗ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Міне, солар – иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай табады», – деген («Рағыд» сүресі, 28-аят).

Бұл аят мұсылман баласының жүрегінің тыныштығы мен жан рахаты Аллаға иман келтіріп, Оны еске алудан болатынын білдіреді. Өйткені Алланы еске алу – пенденің Раббысымен байланысын нығайтып, жүрегіне тыныштық пен сенімділік ұялатады. Міне, сондықтан да жүректің шынайы тыныштығы мен жанның мәңгілік рахаты Аллаға жақындап, Оны еске алуда жатыр. Алламен бірге болған жүрек ешқашан жалғыздықты сезінбейді, ал Алланы еске алумен нұрланған жан әрдайым тыныштық пен бақыттың ләззатын сезінеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте:

إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ: أَنَا مَعَ عَبْدِي إِذَا هُوَ ذَكَرَنِي وَتَحَرَّكَتْ بِي شَفَتَاهُ

«Расында, Алла Тағала: «Құлым Мені еске алып, еріндері Мені зікір етумен қимылдағанда, Мен онымен біргемін», – дейді», – деген (имам ибн Мәжә).

Бұл хадис Алланы еске алудың маңыздылығын, оның үлкен артықшылығын және Алланы зікір еткен құлдарына Алланың ерекше қамқорлығы мен жәрдемі бірге болатынын көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте былай деген: «Алла Тағала айтады: «Құлым Мен жайлы қандай ойда болса, Мен сондай боламын, әрі ол Мені есіне алған кезде, Мен онымен бірге боламын. Егер ол мені іштей есіне алатын болса, Мен де оны жасырын есіме аламын. Ал егер ол мені мәжіліске жиналған көпшілік адамдар арасында есіне алатын болса, онда Мен де оны олардан да жақсырақ мәжілісте есіме аламын. Ал егер құлым Маған бір қадам жақындайтын болса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Егер пендем маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп барамын» деген» (имам Бұхари Мүслим).

Алланы еске алудың артықшылықтары өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:

Бірінші: Алла Тағаланы еске алудың маңызы

Барша мадақ пен ұлықтау күллі әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға тән. Ислам діні адам баласын Жаратушысын тануға, Оны ұлықтап, кемшілік атаулыдан пәк деп білуге үндейді. Өйткені Алла Тағаланы дұрыс танып, Оның ұлылығы мен кемелдігін жүрекке орнықтырған жанның иманы күшейіп, құлшылығы көркейе түседі. Алланы барлық кемшілік пен нұқсаннан ада деп білу, Оның ұлылығын мойындап, құдіретін дәріптеу деген сөз. Қасиетті Құранда Алла Тағала Өзінің барлық жаратылыстарының Оны дәріптеп, пәктейтінін баяндайды. Аспандар мен жердегі барлық нәрсе өз халінде Раббысын ұлықтап, Оның кемелдігін жария етеді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

تُسَبِّحُ لَهُ السَّمَاوَاتُ السَّبْعُ وَالْأَرْضُ وَمَن فِيهِنَّ ۚ وَإِن مِّن شَيْءٍ إِلَّا يُسَبِّحُ بِحَمْدِهِ وَلَٰكِن لَّا تَفْقَهُونَ تَسْبِيحَهُمْ ۗ إِنَّهُ كَانَ حَلِيمًا غَفُورًا 

«Жеті қабат аспан мен жер және ондағы күллі жаратылыс атаулы Аллаға тәсбих айтады. Оны мадақтамайтын әрі ұлықтамайтын бірде-бір жаратылыс жоқ. Алайда сендер олардың айтқан мадағы мен ұлықтауын түсіне алмайсыңдар. Өйткені Ол аса мейірімді, кешірімді», – деген («Исра» сүресі, 44-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

كَلِمَتَانِ خَفِيفَتَانِ عَلَى اللِّسَانِ، ثَقَيلَتَانِ فَي الْمِيزَانِ، حَبِيبَتَانِ إِلَى الرَّحْمَنِ: سُبْحَانَ اللهِ وبِحَمْدِهِ، سُبْحَانَ اللهِ العَظِيمِ.

«Тілге жеңіл, таразыға ауыр келетін, әрі Рахманға өте сүйікті екі сөз бар: «Субханаллаһи уә бихамдиһи» (Алла барлық кемшіліктен ада, әрі барлық мақтау Оған тән) және «Субханаллаһил-Азим» (Ұлы Алла барлық кемшіліктен ада), – деген (имам Бұхари).

Алла Тағала тағы бір аятта:

فَٱذۡكُرُونِيٓ أَذۡكُرۡكُمۡ وَٱشۡكُرُواْ لِي وَلَا تَكۡفُرُونِ

«Ендеше, сендер Мені еске алыңдар, сонда Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік етпеңдер», – деген («Бақара» сүресі, 152-аят).

Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Адам баласы: لَا إِلٰهَ إِلَّا ٱللهُ «Лә иләһә иллаллаһ» (Алладан басқа ешбір тәңір жоқ) деген кезде, бұл – ықылас пен таухидтің сөзі. Алла Тағала бұл сөзді айтпайынша ешкімнің амалын қабыл етпейді. Ал егер: ٱلْحَمْدُ لِلَّٰهِ «Әлхамдулилләһ» (Барлық мақтау Аллаға тән) десе, бұл – шүкіршілік сөзі. Құл осы сөзді айтпайынша Аллаға толық шүкір еткен болып саналмайды. Ал егер: سبحان الله «Субханаллаһ» (Алла барлық кемшіліктен пәк) десе, бұл – бүкіл жаратылыстың құлшылығы. Өйткені Алла Тағала Өзінің жаратқандарының ешқайсысын құлшылықтың және Алланы пәктеудің нұрынан мақұрым қалдырмаған, қайта оларды сол құлшылық пен Алланы зікір ету арқылы нұрландырған. Ал егер: لا حول ولا قوة إلا بالله «Лә хаула уә лә қууата иллә билләһ» (Алланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ) десе, Алла Тағала: «Құлым Маған толық мойынсұнды, өзін Маған тапсырды», – дейді».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді Алланы көп еске алуға ынталандырған.  

Бірде: «Сендерге Алла алдындағы ең таза, ең қайырлы, дәрежелеріңді көтеретін, алтын мен күмістен садақа беруден де, тіпті жауларыңмен шайқасып, оларды өлтіруден немесе сол жолда жан тапсырудан да жақсы амал жайлы айтып берейін бе?»дейді.

Сонда сахабалар: «Уа, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Айтып беріңіз!» – деп сұрайды.

 Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – Алланы еске алу (зікір ету)», – дейді (имам Термизи).

Муғаз ибн Жәбәл былай деген: «Адам баласын Алланың азабынан, қаһарынан және тозақ отынан құтқаратын ең ұлы нәрсе бар, ол – Алланы еске алу».

Жалпы «Зікір» сөзі қазақ халқына тансық сөз емес. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Қайырды олай болса, көп беріп қал,

Демейді өлім келсе: жас, кәрі шал.

Пайғамбар хадисінде айтқан екен,

Жігіттер мына сөзге құлағың сал:

Ұжмақдық – шырын сөзді, жылы жүзді,

Тілінде Хақ зікірі сөйлер сөзді – деп, насихат қалдырған.

Бұл – Алланың құлдарына берген үлкен нығметі мен мейірімі. Себебі үздіксіз зікір айту нәпіл құлшылықтардың орнын басып, олардың сауабын алмастырады. Бұл кейде денемен жасалатын әрі кейде мал-дүние арқылы жасалатын ғибадаттардың сауабына пара-пар.  

 

Қисса

Бірде жағдайы төмен мұһажирлер Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп:

  • Уа, Алланың Елшісі! Дәулетті адамдар алдымызды орап жоғары дәрежелер мен мәңгілік нығметтерге ие болып кетті, – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Ол қалай? – деп сұрайды.

Мұһажирлер:

  • Олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза ұстайды. Бірақ олар садақа береді, ал біз бере алмаймыз. Олар құл азат етеді, ал біз құл азат ете алмаймыз, – дейді.

Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Сендерге бір нәрсені үйретейін бе? Сол арқылы өздеріңнен озып кеткендерге жетесіңдер, кейінгілерден алға шығасыңдар. Сондай-ақ сендер жасағанды жасаған адамнан басқа ешкім сендерден артық бола алмайды, – дейді.
  • Олар:
  • Иә, уа, Алланың Елшісі! Айтыңыз – дейді.

Сонда Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Әр намаздан кейін отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамдулилләһ», отыз үш рет «Аллаһу Әкбар» деп айтыңдар, – дейді.

Екінші: Алла Тағаланы еске алудың жолдары

Алла Тағаланы еске алу тек тілмен айтылатын сөз ғана емес, ол – жүрекпен сезіну, оймен ойлау және амалмен бекіту. Сондықтан ғалымдар Алланы еске алудың жолдарын бірнеше түрге бөліп түсіндірген: тілмен зікір ету, Құран оқу, намаз оқу, дұға жасау және Алланың әмірлеріне мойынсұну.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَٱذۡكُر رَّبَّكَ فِي نَفۡسِكَ تَضَرُّعٗا وَخِيفَةٗ وَدُونَ ٱلۡجَهۡرِ مِنَ ٱلۡقَوۡلِ بِٱلۡغُدُوِّ وَٱلۡأٓصَالِ وَلَا تَكُن مِّنَ ٱلۡغَٰفِلِينَ

«Ертелі-кеш іштей жалбарынып һәм (қаһарынан) имене отырып, бәсең дауыспен Раббыңды зікір ет. (Ақиқаттан бейхабар) ғапылдардың қатарына қосылма», – деген («Ағраф» сүресі, 205-аят).

Ең абзал зікір жүрек пен тілдің бірге Алланы еске алуында. Ғалымдар Алланы зікір етудің үш дәрежесі бар екенін айтқан:

Бірінші дәрежесі: Алланы Оның әмірлері келген кезде еске алу. Яғни Алланың бұйрықтарын орындап, парыздарын өтеу.

Екінші дәрежесі: Алланы Оның тыйымдары келген кезде еске алу. Бұл адамды күнә мен арсыздықтан тыяды. Өйткені ол Алладан ұялып, Оны ұлықтағандықтан күнәдан сақтанады.

Үшінші дәрежесі: Алланы жүрекпен және тілмен еске алу. Бұл дәреженің де бірнеше сатысы бар:

  • Ең жоғарысы – жүректе Аллаға деген құрмет, сүйіспеншілік және мадақ сезімі оянып, содан кейін тілдің зікір айтуы. Бұл – Алланы еске алудың ең кемел түрі.
  • Екіншісі – тілмен зікір айтып, кейін оның мағыналарына ой жүгірту арқылы жүректің оған ілесуі.
  • Үшіншісі – тек тілмен ғана зікір айту. Бұл да сауапты амал, бірақ дәрежесі алдыңғылардан төмен.

Үшінші: Алла Тағаланы еске алушылардың сипаттары

Барлық мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға тән. Ол Өз құлдарын иманға, тақуалыққа және жүректі үнемі зікірмен тірілтуге шақырған.

Алла Тағаланы шынайы еске алатын пенделердің өзіне тән сипаттары бар. Құран Кәрімде олардың жүрек тыныштығы, Аллаға деген тұрақты бетбұрысы, ықыласты құлшылығы және үздіксіз зікірмен өмір сүруі баяндалады. Мұндай адамдар әрдайым Раббысын ұлықтап, Одан қорқып әрі Оған үміт артып өмір сүреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَٱلذَّٰكِرِينَ ٱللَّهَ كَثِيرٗا وَٱلذَّٰكِرَٰتِ أَعَدَّ ٱللَّهُ لَهُم مَّغۡفِرَةٗ وَأَجۡرًا عَظِيمٗا

«...сондай-ақ Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер. Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды», – деген («Ахзаб» сүресі, 35-аят).

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِهِمْ وَيَتَفَكَّرُونَ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ رَبَّنَا مَا خَلَقْتَ هَٰذَا بَاطِلًا سُبْحَانَكَ فَقِنَا عَذَابَ النَّارِ 

«Олар тікесінен тік тұрып та, отырып та, бір бүйірлеп жантайып жатып та үнемі Алланы еске алады һәм күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббымыз! Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден аулақсың! Бізді тозақ отынан сақтай көр!» – дейді («Али Имран» сүресі, 191-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

كَانَ رَسُولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم يَسِيرُ فِي طَرِيقِ مَكَّةَ، فمَرَّ عَلَى جَبَلٍ يُقَالُ لَهُ: جُمْدَانُ، فَقَالَ: سِيرُوا، هَذَا جُمْدَانُ، سَبَقَ المُفَرِّدُونَ، قَالُوا: وَمَا المُفَرِّدُونَ يَا رَسُولَ اللهِ؟ قال: الذَّاكِرُونَ اللهَ كَثيرًا والذَّاكِراتُ.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге қарай сапар шегіп бара жатып, Жумдан деп айтылатын таудың тұсына келгенде:

 «Жүріңдер! Бұл Жумдан тауы ғой, Муфарридун озып кетті», – деді.

Сахабалар (Алла оларға разы болсын):

«Муфарридун деген кімдер?» – деп сұрағанда:

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Олар – Алланы үнемі әрі көп еске алатын ерлер мен әйелдер», – деп жауап берді.

Бұл хадисте Пайғамбарымыздың «Бұл – Жумдан» деген сөзден кейін «Муфарридун озып кетті» деуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені Жумдан – маңайындағы таулардан оқшау тұрған жалғыз тау. Сол секілді Алланы көп еске алатын құлдар да адамдардың арасынан ерекшеленіп, жоғары дәрежеге жетеді.

Мұжаһид (Алла оны рақымына алсын): «Тұрғанда, отырғанда және жатқан кезде Алланы еске алмаған адамдар Алланы көп еске алатындардың қатарынан бола алмайды», – деп айтқан.

Ибн Салахтан (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағаланы көп еске алушылар деген кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «Кімде-кім, таңертең және кешке шариғат бекіткен әрі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен зікір сөздерін айтуменен Алланы еске алатын болса, онда ол, Алланы көп еске алушы ерлер мен әйелдердің қатарынан болып есептеледі», – деген.

 

Құрметті жамағат!

Адам баласы өмір жолында түрлі қиындықтар мен сынақтарға тап болады. Кейде жүректі мұң басып, жанды уайым қажытады. Мұндай сәттерде адам тыныштық пен жұбаныш іздейді. Ал ислам жан тыныштығын жүректің Жаратушысымен байланыс орнатудан болатындығын айтады. Адам баласы Алланы еске алған сайын жүрегі жұмсарып, жан дүниесі тынышталып, өмірге деген сенімі арта түседі. Алла Тағаланы еске алған адамның жүрегінде қайғы-мұң болмайды. Керісінше, Жаратушысын еске алмаған адамның жүрегі уайымға, қайғы-мұңға батады. Тіпті, түрлі дерттерге шалдығып, жүректің рухани өлуіне себеп болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 22-ші аятында:

فَوَيْلٌ لِلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ أُولَئِكَ فِي ضَلالٍ مُبِينٍ

«Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге нендей өкініш! Олар ашық адасуда», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَثَلُ الَّذِي يَذْكُرُ رَبَّهُ وَالَّذِي لا يَذْكُرُ رَبَّهُ مَثَلُ الحَيِّ وَالمَيِّتِ

«Раббысын еске алатын адам мен Раббысын еске алмайтын адамның мысалы тірі мен өлген адамның мысалына ұқсайды», – деген (имам Бұхари).

Алланы еске алу үшін ешбір уақытқа да, ешбір жағдайға да шектеу қойылмаған. Алланы отырған кезде де, тұрған кезде, жалғыз да, көпшілік жамағатпен де еске алуға рұқсат етілген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жәннат бақшаларының жанынан өтсеңдер ләззат алыңдар», – деген. Пайғамбарымыздан: «Жәннат бақшалары дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алатын мәжілістер», – деп жауап береді» (имам Термизи). 

Алла Тағала біздерді әркез Өзін еске алып, дәріптейтін құлдарының қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру