Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАСТАРДЫҢ ДІНДЕГІ ОРНЫ МЕН ТӘРБИЕСІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 10.11.2023 2712 0 пікір
ЖАСТАРДЫҢ ДІНДЕГІ ОРНЫ МЕН ТӘРБИЕСІ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!  

Дініміз Ислам жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін айтып, олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырады. Жастық шақты адам өмірінің ең маңызды бөлігі деп санап, оны бос өткізіп алмай, пайдалы іске арнауды өсиет етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 54-аятында: 

اللهُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ وَهُوَ الْعَلِيمُ الْقَدِيرُ

«Ол сондай Алла, сендерді әу баста әлсіз жаратты. Сосын әлсіздіктен кейін күш берді, сосын қайта күш-қуатыңды кемітіп, қартайтты. Ол қалағанын жаратады. Сондай-ақ Ол бәрін білуші, құдірет күштің иесі», – деп айтқан.

Аятта жастық шақтың екі әлсіздік ортасындағы адам бойына күш пен жігер бітетін уақыт екендігі баяндалуда. Осы аят тағылымын әрбір жас ойланып, бойында күш-қуатын білім алуға, игі істер атқарып, өзгелерге пайда келтіруге тырысуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اِغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْل خَمْس: شَبَابك قَبْل هَرَمك, وَصِحَّتك قَبْل سَقَمك, وَغِنَاك قَبْل فَقْرك, وَفَرَاغك قَبْل شُغْلك, وَحَيَاتك قَبْل مَوْتك

«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: қарттық келместен бұрын шастық шақтың, ауру келместен бұрын денсаулықтың, кедейлік келместен бұрын байлықтың, шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және ажал келместен бұрын өмірдің қадірін біл», – деген (имам Бұхари, Термизи).

Әр елдің болашағы ондағы жастардың тәрбиесімен тікелей байланысты. Жастары білімді, рухани дамыған елдің болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан да ақын Мағжан Жұмабаев:

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн, – деп жас ұрпаққа үлкен үміт артқан. Сондықтан қазіргі жастардың мойнында ата-бабаларының үлкен аманаты бар екенін сезіндіру баршамызға міндет. Бүгінгі жұма уағызымыздың тақырыбы да жастық шақтың қадірі және олардың тәрбиесі жөнінде болмақ. Үлкендеріміздің жастардың жақсы болуын тілеуі дұрыс. Бірақ жастардың дұрыс болуы әрбір өскелең ұрпақ жастық шақтың қадірін түйсігімен түсініп, ақылымен ұғынып, бағалай білуі арқылы жүзеге асады.

Үйдің беріктігі іргетасының жақсы қалануына байланысты болса, өміріміздің мәні жастық шағымызды қалай өткізетінімізге байланысты болмақ. Жастық шақтың қадірін түсініп, оны пайдалы етіп өткізуді қалаған жан мынадай амалдарға мән беруі қажет:

 

Бірінші: Жастық шақта білім алу

Білім алу әрбір мұсылманға міндет. Алла Тағала білімді адамның дәрежесін өзге адамдардан жоғары етіп қойған. Қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деген (имам ибн Мәжа).

Жастық шақта адам баласы айналысатын ең қайырлы іс – білім алу. Жастық шақ – адамның тепсе темір үзетін қарулы да қуатты кезеңі. Бұл уқаытта адамның қабылдауы, жаттау қабілеті, есте сақтауы өзге өмірлік кезеңге қарағанда әлде-қайда күшті болады. Сондықтан жастық шақтағы уақытты болмашы дүниенің арзан ойын-күлкісіне алданбай, тиімді пайдаланып, білім алуға, өнер үйренуге, ізгі істерге арнау қажет. Даналық сөзде: «Жастық шақта алған білім тасқа қажап жазғандай, кəрілікте алған білім суға əшейін салғандай», – деп айтылған. Махмұд Қашқари бабамыз: «Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады», – дейді.

Ал жастық шақтағы білімнің берекесін адам баласы қартайғанда алуы қиын. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын) бір сөзінде: «Мен жастық шақты қолымда болып, кейін құлатып алған нәрсемен ғана салыстыра аламын», – деп айтқан. Хакім Абай атамыз:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деген.

Жастық шақта қандай да бір пайдалы білім болса, оны үйреніп қалуға тырысу қажет.

 

Қисса

Кезінде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Бәни исраил қауымына өте әсерлі бір уағыз айтқан екен. Сонда адамдардың ішінен біреуі: «Адамдардың ішіндегі ең білімдісі кім?» – деп сұрақ қояды. Сол кезде Мұса: «Адамдардың ең білгірі – менмін», – деп жауап қатады. Алайда Алла Тағала оған: «Екі теңіздің қосылған жерінде сенен де білімдірек құлым бар», – деп уахи етеді. Сол кезде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қасиетті Құранда айтылғанындай:

لَآ أَبْرَحُ حَتَّىٰٓ أَبْلُغَ مَجْمَعَ ٱلْبَحْرَيْنِ أَوْ أَمْضِىَ حُقُبًا

«Екі теңіздің қосылған жеріне дейін тоқтамаймын. Немесе жүріспен жылдар өткіземін», – дейді. Бұл аят бізге білім алуға деген құштарлықтың, үйренуге деген талап-талпыныстың қаншалықты деңгейде жоғары болу керектігін үйретеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:

Yш-ақ түрлi өмiр бар: бәрi де – мас,

Бiр рәуiштi болады шал менен жас.

Ең керектi дегенiң – ортаншы өмiр,

Түгел қолың жетпейтiн бiр жанталас.

Қапы өткiзбе сол кездiң бiр сағатын,

Өкiнiшi қалмайды, кетсе ағатың.

Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,

Қалсын десең артыңда адам атың, – деп, жастық шақты қапыда өткізіп алмай, ілім-білім үйренуді насихат еткен.

Лұқпан хаким ұлына: «Уа, ұлым! Ғалымдармен бірге отырып, оларға жақын бол. Себебі Алла Тағала даналық нұрымен жүректерді оятады. Уа, балам! Ғалымдардың мәжіліс алқасынан қол үзіп қалма. Даналардың сөзіне көп құлақ сал. Расында Алла Тағала өлген жерді нөсер жауынмен жан бітіргені тәрізді, даналықтың нұрымен өлген жүректерді тірілтеді», – деп өсиет айтқан екен.

 

Екінші: Ізгі дос таңдау

Жастық шақта адамның араласатын ортасын дұрыс таңдауы өте маңызды. Халқымыздың: «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа», – деген сөзінде үлкен мән-мағына бар. Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Ат пен есектің қорасы бір болса, мінездес болады», – деген екен.  Адамның дұрыс не бұрыс болуына, өмірде жақсы адам болып қалыптасуына араласатын ортасы тікелей әсер етеді. Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 119-аятында Алла Тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және (әрдайым) шыншылдармен бірге болыңдар», – деп бұйырған.

Шыншыл да ізгі адамдармен дос болу – адамның ізгілікке бұрылуына, мінез-құлқының көркем болуына, рухани кемелденуіне тигізер пайдасы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ              

«Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!» – деген (имам Термизи).

Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ізгі дос пен жаман достың мысалын былай деп түсіндірген:

المَثَلُ الجَلِيسِ الصَّالِحِ والجَلِيسِ السَّوْءِ، كَمَثَلِ صاحِبِ المِسْكِ وكِيرِ الحَدَّادِ، لا يَعْدَمُكَ مِن صاحِبِ المِسْكِ إمَّا تَشْتَرِيهِ، أوْ تَجِدُ رِيحَهُ، وكِيرُ الحَدَّادِ يُحْرِقُ بَدَنَكَ، أوْ ثَوْبَكَ، أوْ تَجِدُ منه رِيحًا خَبِيثًا

«Жақсы дос пен жаман достың мысалы – әтір сатушы мен темір ұстасы секілді. Әтір сатушыдан әйтеуір бір пайда көресің. Не әтірін сатып аласың немесе хош иісін сезінесің. Ал, теміршінің көрігі денеңді күйдіреді немесе киіміңді жағады, не болмаса, жаман иісіне қаласың» (имам Бұхари).

Ата-бабаларымыз мұны: «Қазанға жоласаң қарасы жұғады, жаманға жоласаң бәлесі жұғады», – деп түсінлірген. 

Әбу Имран (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Бір күні мен Әбу Зәррдің (Алла оған разы болсын) мешітте жалғыз отырғанын көрдім. Одан: «Неге жалғыз отырсың?» – деп сұрадым. Ол: «Жалғыздық – жаман ортамен басқосқаннан әлде қайда жақсы, бірақ жақсы орта жалғыздықтан жақсы», – деп жауап берді».

 

Үшінші: Нәпсі тәрбиесі

Жастық шақ нәпсінің асаудай ырық бермей тұрған кезі. Шайтан да адам баласының осы кездегі күш-жігерін күнәлі істерге бұруға бар айласын салып тырысады. Ал кім шайтанның айласына жығылмай, бойын суық жолдан аулақ ұстап, нәпсісін жамандықтан тыйса, сол адам екі дүниенің бақытына қол жеткізбек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Назиғат» сүресі, 40-41-аяттарында:

وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى

«Ал енді кім Раббысының құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін жаман қалауларынан тыйған болса, негізінде оның баратын жері жәннат», – деп айтқан. 

Алла Тағала қасиетті Құранның «Жүсіп» сүресінде нәпсісін арсыз жолдан тыйған Жүсіп пайғамбарды барша мұсылманға үлгі еткен. Қасиетті Құранда:

وَرَاوَدَتْهُ الَّتِي هُوَ فِي بَيْتِهَا عَن نَّفْسِهِ وَغَلَّقَتِ الأبْوَابَ وَقَالَتْ هَيْتَ لَكَ قَالَ مَعَاذَ اللهِ إِنَّهُ رَبِّي أَحْسَنَ مَثْوَايَ إِنَّهُ لاَ يُفْلِحُ الظَّالِمُونَ

«Жүсіп тұрған үйдің әйелі оның көңілін өзіне тартпақшы болды да есіктерді бекітіп: «Бері кел!» – деді. Жүсіп: «Аллаға сиынамын. Ол (ерің) қожайыным, мені жақсы орынға қойды. Шынында залымдар құтылмайды», – деді», – деп баяндалған («Жүсіп» сүресі, 23-аят). 

Бұрынғы өткен даналар: «Расында нәпсі құмарлығына еру патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен Зылиханың қиссасын көрмейсіз бе?» – дейді екен. Шынымен де нәпсісін жамандықтан тыю арқылы Жүсіп Пайғамбар үлкен дәрежеге қол жеткізді. Ал  Зылиха нәпсі қалауына еріп, Жүсіпке жала жауып, соңында ісі әшкере болды.

Сондықтан да жастық шақта нәпсіні жаман қалауларынан тыя білудің маңызы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, олар: әділ басшы; Аллаға бойсұнып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа берген кісі; жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Жоғарыдағы хадисте: «Аллаға бойсұнып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт», – турасында айтылған. Имам Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл турасында: «Жастарды ерекшелеуінің себебі – адам баласы жастығында шахуатына еріп кетуі мүмкін болғаны үшін. Себебі оның бұл кездегі күші қалаған ісін істеуіне мүмкіндік ашады. Ал, осы сәтте өз тізгінін өз қолына алып тақуалыққа бет бұруы – жас адам үшін ауыр соғады», – деп түсіндірген болатын.

Имам Раббани (Алла оны рақымына алсын): «Жастық шақта шәһуат пен қызбалық қаптап тұрған кезде Ислам дінінің бір әмірін орындау қартайғанда жасалған сол ғибадаттан әлдеқайда үстем және құнды болады», – деген.

 

Төртінші: Қоғамға пайдалы іс жасау

Жастық шақ – қайтіп келмейтін көктем. Осы бір құнарлы кезеңде жас топыраққа егін салып үлгермесеңіз, күзде мол өнім күтпей-ақ қойыңыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَنْ تَزُولَ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أربَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ ، وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَا أَبْلَاهُ، وَعَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ وَعَنْ عِلْمِهِ مَاذَا عَمِلَ فِيهِ

«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды. (Ол): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген.

Хадисте: «Өмірін қалай өткізгендігі» дегеннен кейін, «жастық шағын қалай өткізгендігі», – деп айтылуына мән берер болсақ, жастық шақ та өмірдің ішіне кіреді, бірақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастық шақты өмірден бөліп алып айтуындағы сыр – жастық шақтың адамға берілген ерекше нығмет екенін, әрі ол турасында адам баласынан қиямет күні бөлек есеп алынатынын көрсетеді.

Ендеше, осы бір өмірлік кезеңді қоғамға пайдалы істермен өткізуге тырысу қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында да жас сахабалар өте көп болды. Атап айтар болсақ,  Әли ибн Абу Тәлиб, Абдулла ибн Аббас, Әнас ибн Малик, Мусғаб ибн Умайр, Муаз ибн Жабал сынды жас сахабалар (Алла оларға разы болсын). Олар Алла Елшісіне бар ықыласымен жәрдемдесіп, өздерінің жастық шақтарынан қоғамға пайдалы әрі ізгі істермен өткізген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ شَبَابِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِكُهُولِكُمْ وَ شَرُّ كُهُولِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِشَبَابِكُمْ

«Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деген.

 

Қадірменді жамағат!

Жастық шақ өмірдің ең маңызды кезеңі. Оның қадірін түсініп, бағалап, асыл дінімізде айтылған жоғарыдағы өсиеттерге сай өткізген адам еш уақыт өкініште болмайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріпте:

إنَّ اللهَ لَيَعجَبُ مِنَ الشابِّ ليست له صَبْوةٌ

«Расында Алла арзан ойын-күлкіге салынбаған жасқа міндетті түрде риза болады», – деген (имам Ахмад). 

 

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру