Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ МЕН ЗАРДАБЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 19.12.2025 1343 0 пікір
КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ МЕН ЗАРДАБЫ

 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Көреалмаушылық үлкен – дерт. Ол – жағдайы өзінен төмен адамға емес, жағдайы өзінен жақсы адамға болатын қызғаныш сезім. Көре алмайтын, іштар адам – Алланың өзіне берген нығметіне разы болмаған адам деген сөз. Демек Алла берген нығметке қанағат тұтпай, өзгенің қолындағысына көз тігу, Алла разы болмайтын іс. Жаратқан Алла ондай пендесіне разы болмайды. Егер Алла разы болмаса, онда ол адам құрдымға кетіп, ақыретте де, дүние де жағдайы қиын болмақ.

Шалкиіз ақын: «Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса – қаумалаған көп жаман сол жақсыны көре алмас», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

أَمْ يَحْسُدُونَ النَّاسَ عَلَى مَا آتَاهُمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ فَقَدْ آتَيْنَا آلَ إِبْرَاهِيمَ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَآتَيْنَاهُم مُّلْكًا عَظِيمًا

«Әлде олар Алланың шексіз шарапатымен кейбір пенделеріне (Мұхаммедке және оның қауымына) берген нығметтерін қызғана ма? Иә, біз кезінде Ибраһим әулетіне де Кітап пен хикмет бердік, сондай-ақ оларға мол байлық пен зор билік нәсіп еттік», – деген («Ниса» сүресі, 54-аят).

Хазіреті Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Кімнің Алла берген бір нығметі болса, оны көре алмайтын бір ішітар табылады. Тіпті мін мен айыптан бойы таза адамға да тырнақ астынан кір іздеуші біреу табылады», – деген.

Көреалмаушылықтың тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның рухани өміріне әсер ететінін түсінуіміз керек. Ол адамға бейсаналық күйзеліс әкеліп, жүректі кірбіңмен толтырады, достық пен бауырмашылдыққа, отбасы мен қоғамдағы татулыққа кедергі жасайды. Сондықтан өзгелердің қуанышына шын ниетпен ортақ болып, Алланың берген нығметіне шүкір етуге, қоғамда ізгілік пен татулық орнатуға шақыруымыз керек. Өйткені адам тек жүрегін таза ұстап, қызғаныштан арылса ғана рухани тыныштыққа және нағыз берекелі өмірге қол жеткізе алады. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Көреалмаушыда – тыныштық жоқ, күйгелекте – бауыр жоқ, мінезі жаманның – досы жоқ», – деген екен.

Бірінші: көреалмаушылық ізгілікті жояды

Көреалмаушылық дерті адамның жасаған жақсылығын, сауапты ісін жойып жібереді. Себебі ол – жаман әдет. Адамды тәкаппарлыққа, ғайбат айтуға, өсектеуге итермелейді. Ішітар адам көре алмаған адамын жамандауға аңсары ауып, жамандамаса тұра алмай, жан дүниесі қызғаныштан жарылайын деп тұрады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

إِيَّاكُمْ وَالْحَسَدَ، فَإِنَّ الْحَسَدَ يَأْكُلُ الْحَسَنَاتِ كَمَا تَأْكُلُ النَّارُ الْحَطَبَ

«Көреалмаушылықтан сақтаныңдар! Өйткені көреалмаушылық жақсылықтарды жалындаған оттың құрғақ отынды жалмағаны секілді (түгін қалдырмай) жеп қояды», – деген (Әбу Дәуіт).

Абай атамыз өзінің өлеңінде:

Кемді күн, қызық дәурен, тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін-бірің жеткіз.

Күншілдіксіз тату бол, шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты, естен кеткіз, – деп, Абай атамыз осы шумағында көреалмаушылықтың адам руханиятын ірітіп, қоғамның ынтымағын бұзатын ең қатерлі дерт екенін терең аңғартқан. Ол адам ғұмырының қысқалығын еске сала отырып, өткінші дүниені күндестікке айырбастамай, татулықпен, кеңпейілдікпен өткізуді насихаттайды. «Біріңдікін бірің жеткіз» деуі – бауырмашылдықтың биік өлшемі, имандылықтың мәйегі. Өйткені бір-бірінің қуанышына ортақтасып, кем-кетігін толтырып, нығметін бөліскен ортада көреалмаушылыққа орын қалмайды. Ақын татулықтың шынайы болуын талап етеді, яғни жай ғана сыртқы сыйласу емес, жүректегі кірбіңді тазартып, көңілді түзеп, бір-біріне шын ниетпен жанашыр болу. Ал көреалмаушылық, керісінше, адамды қиянатқа, әділетсіздікке, ішкі күйікке итермелейтін рухани кесел екенін ескертеді. Сондықтан Абай атамыз осы жолдарымен бізді ең әуелі жүректі тазартып, бірлікті көбейтіп, басқаға көлеңке түсірмей өмір сүруге шақырады. Халқымыздың «Біреудің ала жібін аттама» деген сөзі де жәйдан-жәй айтылмаса керек.

Сахаба Мұғауия ибн Әбу Суфян (Алла оған разы болсын) былай деген екен: «Барлық адамның көңілін тауып, риза ете аламын. Тек көреалмаушының көңілін таппадым. Өйткені оның көңілі тек кісіге берілген нығметтің кетуімен тынышталады», – деген. Ал шайыр Саиф Сараи: «Надандар білімді адамды көре алмайды», – деген екен.

 

Қисса

Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Уа, Алланың Елшісі! Адамдардың ең абзалы кім? – деп сұрайды.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Таза жүректі әрбір адам мен сөзі дұрыс болған жан, – дейді.

Сонда Сахабалар:

  • Сөзі дұрыс дегенді түсіндік, ал таза жүректі адам деген қалай? – деп қайта сұрайды.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Ол – күнәдан бас тартқан, алдау мен көреалмаушылыққа орын бермеген жүрек, – деп жауап береді (имам Ибн Мәжә).
Екінші: көреалмаушылық – бақытсыздық жолы

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

لَا تَباغَضُوا، ولَا تَحاسَدُوا، ولَا تَدابَرُوا، وكُونُوا عِبادَ اللَّهِ إخْوانًا، ولَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أنْ يَهْجُرَ أخاهُ فَوْقَ ثَلاثَةِ أيَّامٍ

«Бір-біріңді жеккөрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық жасамаңдар, бір-біріңе айла-шарғы жасамаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылман өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ», – деген (имам Бұхари).

Тарихқа көз салатын болсақ, көреалмаушылық ешқашан да игілікке алып бармаған. Себебі көре алмаушы адам, өзгенің Алла тарапынан берілген нығметіне қаншалықты қастандық жасаса да, еш әсер ете алмайды. Құдайдың қалауын әлсіз адамның әрекеті еш уақытта өзгерте алмауы үзілді-кесілді заңдылық. Ең өкініштісі, көре алмаушы тек өзінен басқаға зиян келтірмейді, нәтижесінде Алланың алдында күнәһар болады. Адам пайғамбарды (Алланың оған сәлемі болсын) Алла Тағала жаратқанда, лағынеті Ібіліс көре алмай, Раббысына қарсы шығып, нәтижесінде жәннаттан қуылады. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құранда:

قَالَ مَا مَنَعَكَ أَلَّا تَسْجُدَ إِذْ أَمَرْتُكَ قَالَ أَنَا خَيْرٌ مِّنْهُ خَلَقْتَنِي مِن نَّارٍ وَخَلَقْتَهُ مِن طِينٍ

«Сонда Алла (Ібіліске): «Саған (Адамға) сәжде ет» деп бұйырғанымда, сәжде етпеуіңе не нәрсе себеп болды?» – деді. Ібіліс: «Мен одан әлдеқайда артықпын. Өйткені Сен мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», – деді», – деген («Ағраф» сүресі, 12-аят).

Сондай ақ, жер бетіндегі ең әуелгі жасалған күнә көреалмаушылық себебінен болған. Адам атамыздың (Алланың оған сәлемі болсын) балалары Қабыл мен Әбілдің қиссасы баршамызға мәлім.

Сол секілді Құранда Алла Тағала Юсуф пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) қиссасын келтіреді. Оны көре алмаған ағалары әкесін алдап, Юсуф пайғамбарды ойнатамыз деп алып шығып, құдыққа лақтырып, әкелеріне оны қасқыр жеп қойды деп, өтірік қан жағылған жидесін көрсетіп, бауырына қастандық жасады.

Міне, осы сынды Құранда баяндалған қиссалардың барлығы да көреалмаушылықтың салдарынан орын алды.

Ғалымдарымыз көреалмаушылықтың бірнеше түрі бар екенін айтқан. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ:

  1. Біреудің байлығын, жетістігін көре алмай, оның кедей болып, барынан айырылып қалуын іштей тілеуі. Бұл – көреалмаушылықтың ең ауыр түрі. Мұндай ой адамды күнәға жетелейді.
  2. Біреудің жетістігін қызғанып, көре алмай, «ол тек менде ғана болсын, өзгеде болмасын» деп ойлау. Бұл да – күнә.
Үшінші: көреалмаушылықтан арылу

Әр адам өмірінде белгілі бір кезеңде көреалмаушылық сезімін бастан кешіруі әбден мүмкін. Бұл – адамның өз мүмкіндігін өзгенің жетістігімен салыстыруынан туындайтын ішкі күйзеліс. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Күншілдік, көреалмаушылық, іштарлық барлық пенделерде болады. Олар,  яғни іштарлық, күншілдік, көреалмаушылық улы жылан секілді. Бас көтертпей, мыжып тастау керек. Іштарлыққа бой алдырып, ой жеңгізсең, ұлтыңа құштарлықпен қызмет ете алмайсың», – дейді.

Көреалмаушылық уақыт өте келе адамның рухани дамуына, қарым-қатынасына және өз-өзіне деген сеніміне кері әсерін тигізері айдан анық. Сондықтан бұл сезімді дер кезінде танып, одан арылу жолдарын табу – тұлғалық өсу мен рухани тыныштықты сақтаудың маңызды шарты. Ол үшін:

  1. Өзіңе қалағанды, мұсылман бауырыңа да тілеу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

لَا يُؤْمِنُ أحَدُكُمْ، حتَّى يُحِبَّ لِأَخِيهِ ما يُحِبُّ لِنَفْسِهِ

«Сендердің ешқайсыларың өзіне қалағанын бауырына қаламайынша, шынайы иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деген (имам Мүслим).

  1. Алладан кешірім тілеу (истиғфарды көбейту)

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хасад пен іштарлық жасаған мұсылманның Алладан кешірім сұрау керектігін өзінің хадисінде былайша баяндайды: 

ثَلَاثٌ لَازِمَاتٌ لِأُمَّتِي : الطِّيَرَةُ ، وَالْحَسَدُ ، وَسُوءُ الظَّنِّ ، فَقَالَ رَجُلٌ : فَمَا يُذْهِبُهُنَّ يَا رَسُولَ اللهِ مِمَّنْ كُنَّ فِيهِ ؟ قَالَ : إِذَا حَسَدْتَ فَاسْتَغْفِرْ ، وَإِذَا ظَنَنْتَ فَلاَ تَحَقِّقْ ، وَإِذَا تَطَيَّرْتَ فَأَمْضِهِ

«Үш нәрсе менің үмметіме жабысып жүреді: ырымға жору, көреалмаушылық жасау және жаман ой», – деген. Сонда бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Ол жамандықтардан қалай құтылуға болады?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер көреалмаушылық жасасаң, Алладан кешірім сұра. Жаман ой келсе, оны қазбалама. Ырымдасаң көңіліңе алмай өткізіп жібер», – деп жауап береді» (имам Табарани).

  1. Әр адамның өзіне тиесілі ризығы бар екенін білу

Бірде Хасан әл-Басриден (Алла оны рақымына алсын): «Сіздің осы дүниеге қызықпайтыныңыздың сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда ғалым: «Оның сыры төрт нәрседе», – деп жауап беріп, былай деп сөзін жалғастырады:

  1. Менің несібемді ешкім ала алмайтынын түсіндім. Сондықтан менің жүрегім тыныш.
  2. Менің жұмысымды ешкім істемейтінін түсіндім де, оны өзім істей бастадым.
  3. Алла мені көріп тұрғанын түсіндім де, менің күнә істеп тұрғанымды көруінен ұялдым.
  4. Мені алда өлім күтіп тұрғанын түсіндім де, Раббыммен кездесу үшін өзіме азық (сауап) жинап жатырмын», – дейді.

Демек, ешкімді қызғанудың керегі жоқ. Себебі Алла әркімге ризық пен дәулет береді және бұйырғанынан басқа ешкім ештеңеге де қол жеткізе алмайды.

 

Құрметті жамағат!

Өзгенің жетістігіне қуанып, Алланың берген нығметіне шүкір ету – нағыз адамгершілік пен имандылықтың көрінісі. Біз бір-бірімізге мейірімді болып, қолдау көрсетіп, жүрегімізді кірбіңнен тазаласақ, қоғамға татулық пен береке келеді. Әрбір жанның жүрегінде ізгілік пен шынайы қуаныш орнағанда, көреалмаушылыққа орын қалмайды және өміріміз мәнді, рухани бай болады. Сондықтан көңілімізді таза ұстап, бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасып, өмірді кеңпейілдікпен тату болып өткізгеніміз жөн. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَقُل رَّبِّ أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَمَزَاتِ الشَّيَاطِينِ وَأَعُوذُ بِكَ رَبِّ أَن يَحْضُرُونِ

«Уа, Раббым! Шайтандардың уәсуәсі мен азғыруынан сақтай көр деп бір Өзіңнен пана тілеймін. Уа, Раббым! Олардың маған жанасуынан сақтай гөр деп бір Өзіңе сыйынамын», – деген («Мүминун» сүресі, 97-98-аяттар).

Алла Тағала «Фалақ» сүресін ойланып, ғибрат алу үшін баян еткен. «Фалақ» сүресінде көреалмаушылықтан (хасад етушіден) және көреалмаушының көреалмаушылығынан Аллаға сыйынуымызды бұйырған. Аятта:

وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ

«Көреалмаушының (күндеген кездегі) кесапатынан Аллаға сыйынамын деп айт!» – деген. Өйткені көреалмайтын, іштар адамның зияны, зардабы тек өзіне ғана емес, көреалмаған адамына да тиеді. Алла Тағала бізге мұндай адамдардың тигізер зиянынан сақтан деп Өзіне сыйынуды әмір еткен.

Қорыта айтқанда, көреалмаушылық – жүрек дерттерінің бірі. Пендеге берілетін нығмет, ризық-несібе ол – Алланың қазынасы. Оны қалаған пендесіне береді. Адамның тек өзінде ғана болуын ойлауы немесе қызғануы – сараңдық, түбі күнәға жетелейтін іс.

Алла баршамызды іштарлық пен көреалмаушылық дертінен сақтасын. Алланың бергеніне разы болып, өзгенің басына қонған бағы мен дәулетіне қызғанудан аулақ болайық.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру