Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮЛКТІ ИГІ ІСКЕ БЕРУДІҢ (УАҚЫП ЕТУДІҢ) ШЕКСІЗ САУАБЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 22.05.2026 30 0 пікір
МҮЛКТІ ИГІ ІСКЕ БЕРУДІҢ (УАҚЫП ЕТУДІҢ) ШЕКСІЗ САУАБЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Мүлкті игі іске беру, яғни уақып ету – ислам мәдениетіндегі ең ізгі және сауабы үзілмейтін амалдардың бірі. Уақыптың басты ерекшелігі ол адам дүниеден өтсе де, артында қалдырған игілігі халыққа пайда беріп тұрғанша, иесіне сауап жазыла беретін «садақа-жәрия» (үздіксіз садақа) болып табылады. Яғни уақыпқа берілген дүние-мүлк қашан да ағымы жалғасып тұратын садақаға жатады. Мысалы, оған бірнеше мүлктерді атауға болады. Айталық, қазіргі таңдағы мешіттер мен медреселер, сондай-ақ жеке адамдардың мұқтаждар үшін пайдалануға беріп жатқан дүниелері және т.б. осыны білдіреді. Уақып – қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де, адамның ақыреті мен осы дүниесі үшін де ең ізгі амалдардың бірі. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады. Уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсінуіміз үшін, мына жайттарды білуіміз қажет.

Бірінші: уақыптың анықтамасы

Уақып сөздікте «ұстау» деген мағынаны білдірсе, ал, терминдік мағынасы белгілі бір мүлкті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану. Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтің (Алла оларды рақымына алсын) көзқарасы бойынша: «мүлкті Алланың (жолына) иелігіне өткізу». Мүлк иесінің меншігінен біржола шығады, оны сатуға, сыйға тартуға немесе мұраға қалдыруға болмайды. Бірақ одан түскен табыс қайырымдылық негізде мұқтаждарға беріледі.

Уақыптың үкімі Құран және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен, сонымен қатар ислам ғұламаларының бір ауыздан келісуімен бекітілген.

Ислам шариғатында уақыптың үкімі – мұстахаб (ұнамды, сауапты іс) және бекітілген сүннет (сүннәтун мүәккәдә) болып табылады. Ол парыз (міндетті) емес, бірақ Алла Тағаланың разылығына жеткізетін ең ізгі амалдардың қатарына жатады.

Уақыптың (игі іске мүлк берудің) сауабы мен артықшылығы туралы Құран аяттарында, хадистерде және тарихи деректерде өте көп мәліметтер бар. Бұл амал исламдағы ең жоғары деңгейдегі жомарттық болып саналады. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ

«Уа, иман келтіргендер! Тапқан дүние-мүлктеріңді және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолына сарп етіңдер», – деп айтқан.

Ибн Кәсир бұл аяттың түсу себебін былайша түсіндіреді: ансарлар (мәдиналық мұсылмандар) құрма жинау уақытында сапасыз, шіріген немесе піспеген құрмаларды мешітке әкеліп, кедейлерге жинап қоятын болған. Сол кезде осы аят түскен. Алла Тағала бұл аятта садақа берер болсаңдар, жақсысынан, әдемісінен беріңдер деп бұйырған. Өйткені Алла – Пәк, Ол тек жақсыны ғана қабылдайды. Яғни, сапасыз, жарамайтын нәрсені Алла жолына бермеуге бұйырады.

Уақып жасаушы адам қоғамға, мешітке немесе медресеге өзінің ең жақсы, сапалы мүлкін (жерін, ғимаратын т.б.) бергені жөн. Тозығы жеткен, ешкімге пайдасы жоқ, жарамсыз дүниені уақып ету бұл аятқа да, ар-ұятқа да қайшы.

Сонымен қатар уақыпқа дәлел бола алатын бірнеше хадистер де бар. Соның ішінде Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِح يَدْعُو لَهُ

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жария садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деп айтқан (имам Мүслим).

Ислам ғұламалары: «бұл хадистегі «жәрия садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деген.

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) өз меншігіндегі жерін уақып етуін ислам ғұламалары «ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған.

 

Қисса

Ибн Омар (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар шайқасында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар шайқасында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай кеңес бересіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң ол жерді уақып ет те одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп садақа ретінде береді.

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүлктерін, бау-бақшаларын уақып ретінде қоя бастаған. Тіпті Жәбір (Алла оған разы болсын) есімді сахаба: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып етпеген ешкім болмаған», – деп айтқан.

Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсінген. Уақып жөнінде сөз қозғағанда, киелі Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Ясауи бабамызға арнап салғызған кесене-мешіті жайлы айтпаса болмайды. Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырғанын білеміз.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ – деген болатын.

М.Дулатұлының діни ұстанымы туралы пікірі Ә.Бөкейханмен үндес. Ол осы жөнінде былай жазады: ««Қазақ халқына діни бір уағыз» атты бөлімінде әр болыста жамағат қаржысына ұсталатын бір мешіт, земство қаражатымен жұмыс жасайтын бір медресе болсын. Мұның сыртында, байлар мешіт, медресе ашамыз деп жатса, тыйым салынбасын», – дейді.

Сол себепті де уақыптың адамның жеке басына да, қоғамның дамуына да тигізер пайдасы өте зор.

Екінші: уақыптың шарттары

Ханафи мәзһабы бойынша уақыптың рүкүні болып الصِّيغَةُ (сөз формасы) ғана саналады. Ал, бұл сөз формасы уақып берушінің, уақып алушының және уақыпқа қойылатын нәрсенің бар болуын талап етеді. Ал, көпшілік ғұламалардың пікірінше уақыптың төрт рүкүні бар:

  1. Уақып беруші: азат, ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған және мүлктің толық иесі болуы керек.
  2. Уақып алушы: өзіне берілген мүлкті дұрыс жұмсай алатын адам болуы керек.
  3. Мүлк: құнды әрі қолдану барысында таусылып қалмайтын (жылжымайтын мүлк, кітаптар, т.б.) болуы шарт. Уақып ретінде берілген мүлк бұдан былай ешкімнің жеке меншігі болмайды. Оны сатуға, сыйға тартуға немесе мұрагерлікке қалдыруға тыйым салынады.
  4. Сөз формасы: мүлктің пайдасы иесі белгілеген мақсатқа ғана жұмсалуы керек (мысалы, егер кітапхана үшін берілсе, оны дүкенге айналдыруға болмайды).

Имам Мұхаммед (Алла оны рақымына алсын) бойынша уақыптың шарты толық, дұрыс болуы үшін ол арнайы басқарушыға «мутәуәллиге» (жауапты адамға) тапсырылуы қажет. Ол мүлктің тозбауын, одан түскен пайданың (игі іске) дұрыс бөлінуін қадағалайды.

Үшінші: сауабы мен пайдасы

Уақып ауызша («уақып еттім», «бұл – садақа») немесе іс-әрекетпен (мысалы, мешіт, аурухана, жол, көпір т.б. салу арқылы халықтың игілігіне беру) жүзеге асады. Алла разылығы үшін шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын Алла еселеп береді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 261-аятында:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّائَةُ حَبَّةٍ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ

«Алла жолында мал-мүлкін садақа еткендер жеті түйір бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді», – деп, Алла жолында жасалған садақаның еселеп сауап болып қайтатынын баяндайды.

Бұл аятта Алла Тағала мал-дүниесін Өзінің жолында сарп еткендердің дүниесі әсте кемімейтіндігін, сонымен қатар әрбір істеген жақсылығы өзіне еселеп қайтатындығын баян еткен. Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَنْ تَصَدَّقَ بِعَدْلِ تَمْرَةٍ مِنْ كَسبٍ طَيِّبٍ، وَ لَا يَقْبَلُ اللهُ إلَّا الطَيِّبَ، ثُمَّ يُرَبِّيهَا لِصَاحِبِهَا، كَمَا يُرَبِّى أَحَدُكُم فَلُوَّهُ حَتَّى تَكُونَ مِثلَ الجبَلِ

«Кімде-кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендердің біреуің тай құлынды кішкентайынан өсіргендей иесіне сауабы үлкейеді», – деген (имам Бұхари).

Мұсылман баласы өзінің дүние-мүлкін Алла жолында уақып етуі арқылы Жаратушыға етене жақындай түседі. Пенде сол арқылы сансыз сауапқа ие болып және оның пайдасын келесі өмірде өзі ойлағаннан да артық берекетін көретін болады. 

Қисса

Мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғанда, қалада ауыз су тапшылығы болады. Қалада «Румә» деп аталатын суы мөлдір, тәтті бір ғана құдық бар еді. Бірақ ол бір яһудидің меншігінде болатын және ол суды мұсылмандарға өте қымбат бағаға сататын.

Мұны көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Румә құдығын сатып алып, оны мұсылмандардың игілігіне берсе, оған жәннатта бұдан да қайырлы бұлақ бар», – дейді. Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) дереу барып, яһудимен саудаласады. Алдымен құдықтың жартысын (бір күн Османдікі, бір күн яһудидікі болатын етіп) сатып алады. Османның (Алла оған разы болсын) кезегі келген күні мұсылмандар екі күнге жететін суды тегін алып, ыдыстарын толтырып алатын болғандықтан, яһудидің саудасы жүрмей қалады. Соңында ол құдықтың қалған бөлігін де Османға (Алла оған разы болсын) сатуға мәжбүр болады.

Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты барша халыққа деп сауап үшін уақып етеді. Қызығы сол, бұл уақып бүгінге дейін сақталған. Содан түскен пайда әлі күнге дейін қайырымдылыққа жұмсалып келеді.

Төртінші: уақып пен зекеттің арасындағы басты айырмашылықтар
  1. Үкімі мен сипаты:
  • Зекет: исламның бес парызының бірі. Нисап мөлшерінде байлығы бар мұсылманға парыз болып табылады.
  • Уақып: ерікті (мұстахаб) амал. Адам өз еркімен мүлкін Алла жолына сарп етеді.
  1. Меншік құқығы (иелік ету):
  • Зекет: мұнда «тәмлик» (иелігіне өткізу) шарты бар. Яғни, зекет ретінде берілген мал кедейдің жеке меншігіне өтуі тиіс.
  • Уақып: мүлктің негізі сатылмайды және мұраға қалмайды. Тек соның пайдасы (жемісі, жалға берілген ақшасы және т.б.) қайырымдылық ретінде жұмсалады.
  1. Жұмсалатын орындары:
  • Зекет: тек Құранда көрсетілген сегіз топқа (кедейлер, міскіндер және т.б.) беріледі.
  • Уақып: аясы өте кең. Оны кедейлерге де, байларға да (мысалы, кітапхана ретінде), қоғамдық мақсаттарға да (мешіт, аурухана, мектеп, жол салу) арнауға болады.
  1. Уақыты мен тұрақтылығы:
  • Зекет: жылына бір рет берілетін құлшылық.
  • Уақып: садақа-жәрия (үздіксіз садақа). Жылдың кез келген мезгілінде бере береді.

Уақып жасаушы адамның ниеті аса маңызды. Уақыпқа берілген мүлк оны Алла жолында жұмсаған иесінің айтуы бойынша пайдалануға беріледі. Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі», – деген.

Құрметті жамағат!

Уақыптың басты құндылығы оның сауабының үздіксіз жалғасуында. Адам баласы дүниеден өткенде оның барлық амалдары тоқтағанымен, уақыпқа қалдырған мүлкі игілікке жарап тұрғанша, иесінің қабіріне сауап нұры болып бара береді. Бұл өткінші фәни дүниенің байлығын ақыреттің таусылмайтын қазынасына айналдырудың ең тиімді жолы. Тарихқа көз жүгіртсек, мұсылман қоғамындағы ең ірі университеттер мен емханалардың, жетімдер үйі мен қайырымдылық мекемелерінің мемлекет бюджетіне салмақ салмай-ақ, жеке тұлғалардың жомарттығымен гүлденуі осы уақып жүйесінің жемісі.

Бүгінгі таңда уақып дәстүрін жаңғырту қоғамдағы мейірімділік пен бауырмалдық құндылықтарын қайта тірілту деген сөз. Ол бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты азайтып, әлеуметтік әділеттілікті орнатады. Сондықтан уақыпты тек тарихи жәдігер ретінде емес, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге қауқарлы заманауи даму құралы ретінде қарастыруымыз қажет.

Алла Тағала ниетімізді, берген садақаларымызды, жасаған уақып істерімізді қабыл етсін. Артымыздан жақсы сөз, игі іс және тоқтаусыз сауап әкелетін нығмет қалдыруды нәсіп етсін!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру