اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ислам діні – адамзатты бірлікке, татулыққа және бауырмалдыққа шақыратын, жүректерді жақындастырып, қоғамда өзара сыйластықты орнықтыратын дін. Дініміз адамдарды нәсіліне, ұлтына немесе жағдайына қарап бөлмей, бәрін тең көріп, бір-біріне жанашыр болуға үндейді. Ислам діні адамдар арасындағы алауыздықты жойып, бір-біріне кешіріммен қарауға, сонымен қатар өзара бауыр болып, татулықты сақтауға шақырады.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنْتُمْ عَلَى شَفَا حُفْرَةٍ مِنَ النَّارِ فَأَنْقَذَكُمْ مِنْهَا كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ
«Барлығың Алланың жібіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендерге тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін алауыздықтан сақтандырып, мейірім мен бауырмалдыққа шақырған, өйткені мұсылмандар бір дене секілді: бір ағзасы ауырса, бүкіл дене соны сезеді. Сондықтан қоғамдағы береке ең алдымен ынтымақтан басталады.
Ал ынтымаққа зиян келтіретін нәрселерге әділетсіздік, біреудің ақысын жеу, құрметсіздік, күншілдік, өсек пен ғайбат жатады. Мұсылман адам бұлардан сақтанып, бір-біріне қамқор болып, бір бүтін дене іспетті өмір сүруі керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَثَلُ الْمُؤْمِنينَ فِي تَوَادِّهِمْ وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى
«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).
Дененің ағзалары бір-бірімен үйлесіп, дұрыс қызмет атқарғанда ғана адам тәні сау болады. Сол секілді қоғамның мүшелері де өзара бауырмалдық пен ынтымақта өмір сүргенде ғана дамып, көркейеді. Сол үшін ата-бабаларымыз: «Бірлік бар жерде береке бар», «Ынтымақ бар жерде ырыс мол болады» деп айтқан. Мұны Ақтамберді жырау бабамыз да өсиет жырларында былайша жеткізеді:
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке.
Қисса
Бірде Төле би бала кезінде Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Сонда Төле би:
– Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ, – дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады. Сосын:
- Балам, мынаны сындырып көрші? – дейді. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
- Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Сонда Әнет баба Төлеге:
- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді», – демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой, – дейді.
Сосын Әнет баба:
Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын», – дегеннің мәнісі осы, – депті.
Бауырмалдық – адамзаттың жүрегін жақындастырып, қоғамның іргесін бекемдейтін асыл қасиеттердің бірі. Әсіресе, ұлт пен ұлыс, ру мен қауым арасындағы татулық пен бірліктің сақталуы осы бауырмалдық сезіміне тікелей байланысты. Адам баласы бір-біріне жанашыр болып, қуанышта да, қиындықта да қолдау көрсете білсе, қоғамда алауыздық емес, керісінше, өзара түсіністік пен сенім орнайды. Сол үшін асыл дініміз бауырмалдықты ең жоғары құндылықтардың қатарына қояды.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ
«Расында, мүминдер бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен), бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!» – деген («Хұжұрат» сүресі, 10-аят).
Сондықтан бауырмалдық – тек жеке адамның көркем мінезі ғана емес, ол – тұтас қоғамның бірлігі мен тұрақтылығының негізгі тірегі.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ، لَا يَخُونُهُ ولا يَكْذِبُهُ ولَا يَخْذُلُه، كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ؛ عِرْضُهُ وَمَالُهُ ودَمُهُ، التَّقْوَى هَاهُنَا، بِحَسْبِ اِمْرِئٍ مِنَ الشَّرِّ أنْ يَحْقِرَ أَخَاهُ الْمُسْلِمَ
«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол оған қиянат жасамайды, өтірік айтпайды және оны көмексіз қалдырмайды. Мұсылманның мұсылманға қатысты ар-намысы, мал-мүлкі және қаны – бәрі де харам (қасиетті, қол сұғуға болмайды). Тақуалық: «Міне, осында!» – деп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегіне нұсқады. Адамға жамандық ретінде өз мұсылман бауырын менсінбей, кемсітуінің өзі жеткілікті», – деген (имам Мүслим).
Ислам діні қоғамдағы бүлік пен өшпенділікке себеп болатын барлық нәрсеге тыйым салған. Алла Тағала мүминдердің дінде бауыр екенін айтқан, ал бауырмалдыққа іштарлық (көреалмаушылық) пен жеккөрушілік қайшы келеді. Керісінше, бауырмалдық өзара сүйіспеншілікті, жәрдемдесуді және татулықты талап етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманның (мейлі ол азат не құл, ересек не бала болсын) мұсылманға бауыр екенін айтты. Сондықтан мұсылман мұсылманға:
- Зұлымдық жасамайды: Алла зұлымдықтың азына да, көбіне де тыйым салған.
- Жәрдемсіз қалдырмайды: яғни мұқтаждықта қалдырмайды, көмегін аямайды.
- Төмен санамайды: өзін жоғары санап, өзгені кемсітпейді, бұл мұсылманға жат.
Мұсылман адам ешбір жанның жеке басына, ар-намысына қол сұқпайды, қолы және тілімен зиян тигізбейді. Себебі Алла Тағала адам баласын қадірлі етіп жаратқан, оның ар-намысын да құрметті еткен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُبِينًا
«Сондай мүмин ер мен мүмин әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар жала жауып, (өздеріне) ашық күнә жүктеп алды», – деп айтқан.
Көбіне дау, жанжал атаулы өзге адамның ақысына қол сұғудан, құрметсіздік танытудан бастау алады. Сондықтан алауыздыққа жетелеп, бірлік пен ынтымаққа сызат түсіретін мұндай істерден әрбір мұсылман аулақ болуы қажет. Кімде-кім біле тұра, өзгеге зиян тигізсе, ар-намысына тиетін іс жасаса, Алла Тағалаға тәубе етіп, ол адамнан кешірім сұрауы тиіс.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أتَدْرونَ ما المُفْلِسُ؟ قالوا: المُفْلِسُ فينا مَن لا دِرْهَمَ لَهُ ولا مَتاعَ، فقال: إنَّ المُفْلِسَ مِن أُمَّتي يَأتي يَومَ الْقيِامَةِ بِصَلاةٍ، وصِيامٍ، وزَكاةٍ، ويَأتي قد شَتَمَ هذا، وقَذَفَ هذا، وأكَلَ مالَ هَذا، وسَفَكَ دَمَ هَذا، وضَرَبَ هَذا، فَيُعْطِى هَذا مِنْ حَسَناتِهِ، وهَذا مِن حَسَناتِهِ، فَإنْ فَنِيَتْ حَسَناتُهُ قَبْلَ أنْ يُقْضَى مَا عَلَيْهِ أُخِذَ مِنْ خَطايَاهُمْ فَطُرِحَتْ عَلَيْهِ، ثُمَّ طُرِحَ في النَّارِ
«Банкрот (мүфлис) кім екенін білесіңдер ме?» – деп сұрайды.
Сонда сахабалар:
- Біздің арамыздағы банкрот ақшасы (дирһамы) мен дүние-мүлкі болмаған адам, – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
- Менің үмбетімдегі нағыз банкрот – қиямет күні намазымен, оразасымен және зекетімен келеді. Бірақ ол (дүниеде) біреуді балағаттаған, ана біреуге жала жапқан, үшінші біреудің малын (харам жолмен) жеген, тағы біреудің қанын төккен және біреуді ұрған болып шығады. Содан кейін оның сауаптарынан мынаған, сосын анаған (жәбір көргендерге) алып беріледі. Егер оның мойнындағы қарыздары өтелмей жатып сауаптары таусылып қалса, әлгі жәбірленушілердің күнәлары алынып, оның мойнына ілінеді де, кейін ол тозаққа тасталады», – деген.
Дінімізде біреуге себепсіз зиян беруге, жеке басына қатысты лайықсыз сөз айтуға, ар-намысын төгуге, өсектеуге, сыртынан сөз тасуға, мазақ етуге болмайды. Ата-бабаларымыз ұрпағына: «Ешкімнің ала жібін аттама», – деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды, ар-намысына тимеуді кішкентайынан үйретіп, құлағына тәртіп пен тәрбиені құйып өсірген.
Қоғамның беріктігі адамның бір-біріне деген ішкі мәдениеті мен ар-ұжданына негізделеді. Өз нәпсісін тыйып, өзгеге тілімен де, ісімен де жәбір көрсетпеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы, әрі ел бірлігінің берік іргетасы. Біз бір-біріміздің қадірімізді түсініп, қиянат пен жаладан ада, қауіпсіз орта қалыптастырғанда ғана нағыз ауызбіршілікке қол жеткіземіз. Әрбір жылы сөз бен ізгі іс – бақуатты болашаққа қаланған кірпіш, ал өзгенің арын құрметтеу – ұлт ынтымағына баратын ең төте жол.
Сөз – жүректің айнасы, адамның ішкі дүниесінің көрінісі. Сол себепті сөз мәдениеті – әдепті сөйлеп, қоғамдағы татулықты сақтаудың, бауырмалдықты нығайтудың маңызды тетігі. Әрбір адам өз сөзіне жауапкершілікпен қарап, өзгеге құрметпен тіл қатса, қоғамда түсіністік пен сенім қалыптасады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَقُلْ لِعِبَادِي يَقُولُوا الَّتِي هِيَ أَحْسَنُ
«(Уа, Мұхаммед!) «Құлдарыма (өзара мәміле жасағанда) «әрдайым сөздің ең жақсысын айтып, өте сыпайы сөйлессін», – де», – деген («Исра») сүресі, 53-аят).
Бұл аяттың түсіндірмесінде: мұсылмандар өзге біреумен пікірталасқа түскенде ең әдемі, жұмсақ әрі даналыққа толы сөздерді қолдансын делінген.
Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Бұл – өзге дін өкілі дөрекілік танытса, оған: «Алла сені тура жолға салсын! Алла саған рақым етсін!» – деп жауап беру», – деген.
Тағы бір топ ғалымдар: Алла Тағала бұл аятта мүминдерге өзара қарым-қатынас жасағанда әдепті болуға, жұмсақ сөйлеуге, кішіпейілдік танытуға және шайтанның іріткі салуына жол бермеуге шақырады деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وكونوا عِبادَ اللهِ إخوانًا
«Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар», – деген (имам Мүслим).
Адамдар арасындағы татулық пен бауырмалдық ең алдымен айтылған сөзден басталады. Жылы сөз жүректі жақындатып, сенімді арттырса, орынсыз айтылған ауыр сөз, өсек-аяң, бір-біріне жаман ат тағу, өтірік айту қоғамның іргесін шайқап, араға сызат түсіреді. Мұндай жағымсыз әдеттер адамдардың арасын алыстатып қана қоймай, бүкіл қоғамның бірлігіне қауіп төндіреді.
Құрметті жамағат!
Ынтымақ – қоғамның тірегі, берекенің бастауы. Бірлігі бекем ел ғана татулықпен өсіп-өркендейді, ал алауыздық орнаған жерде береке қашады. Сондықтан әрбір адам сыйластық пен бауырмалдықты сақтап, бірлікті нығайтуы тиіс. Ынтымақ бар жерде – тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде – жарқын болашақ бар. Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:
- Өзгенің ақысын бұзбау: Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді»(имам Бұхари).
- Әділ болу және жақсы қарым-қатынас жасау:адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ
«Расында, Алла әділдікті, игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды», – деген («Нахыл» сүресі, 90-аят).
- Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кемелдігі мен қоғам тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады.
- Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды.
- Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан теріс айнал»(«Ағраф», сүресі, 199-аят).
Бабаларымыз «Бақ қайда барасың десе, бірлігі жарасқан елге барамын, ынтымағы келіскен жерге барамын», – деп текке айтпаған. Сол демекші, бақ қонса тек бірлігі мен ынтымағы жарасқан елге қонатындығы ақиқат. Сан түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, берекесі мен берекетін келістіріп отырған Қазақ Елі бүгінде бірлік пен ынтымағы ұялаған жерге айналды. Бірлікті айтудан жалықпаған, ынтымақты насихаттаудан шаршамаған біздің елдің таңы тыныштықпен атып, күні достықпен жалғасып, түні сыйластықпен батса екен деген тілек әр азаматтың көкірегінде болғаны жөн.
Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
01.05.2026
115
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру