
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ-мақтау әлемдердің Жаратушысы Алла Тағалаға тән, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ассаламуалейкум қадірменді жамағат, құрметті мүмин-мұсылмандар! Әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі, қасиетті құрбан айт құтты болсын!
Алла Тағала пенделерінің ізгілік амал атқарып, көбірек сауап істер жасауы үшін кейбір күндер мен түндерді басқаларынан артық етіп қойды. Сондай мұсылман баласының Жаратушысының кешіріміне бөленуге тырысып, ізгі амалдарға ерекше ынта танытуы қажет уақыттың бірі – осы құрбан айт мерекесінің кезеңі. Бұл ай мұсылман күнтізбесінде зұлхижжа айы деп аталады. Зұлхижжа айы мұсылмандар үшін аса құрметті де және ардақты айлардың бірі. Бұл айдың алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресінің алғашқы екі аятында:
وَالْفَجْرِ، وَلَيالٍ عَشْرٍ
«Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт», – деп айтқан.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Бұл аятта зұлхижжа айының алғашқы он күніне байланысты айтылған», – деп тәпсірлеген. Алла Тағаланың қасиетті Құранда қандай да бір затпен ант етуі – сол заттың маңызын білдіреді. Ендеше бұл аятта зұлхижжа айының он күнінің ерекшелігі мен артықшылығы айтылып тұр.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зулхижжа айының алғашқы он күні жайында:
مَا مِنْ أَيامٍ العَمَلُ الصَّالحُ فِيها أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ مِنْ هذِهِ الأَيَّامِ
«Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деген (имам Бұхари).
Ғалымдарымыз: «Рамазан айының соңғы он күніне қарағанда Зұлхижжа айының алғашқы он күні артығырақ. Ал Рамазан айынының соңғы он түні Зұлхижжа айының он түнінен артығырақ. Себебі, Рамазан айының соңғы он түнінде түндердің ұлысы болған Қадір түні бар болса, ал Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде күндердің ең ұлысы болған арапа күні мен құрбан айты бар», – деген.
Қасиетті құрбан айт уақытында атқарылатын амалдар реті мынадай:
Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде Алла Тағаланы көбірек ұлықтап, мақтау сөздерін айтып жүру қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا مِنْ أيَّامٍ أَعظَمَ عِندَ اللهِ، وَلَا أَحَبَّ إلَيْهِ مِنَ الْعَمَلِ فِيهِنَّ مِنْ هَذِهِ الْأَيَّامِ العَشْرِ؛ فَأَكثِرُوا فِيهِنَّ مِنَ التَّهْلِيلِ، وَالتَّكْبِيرِ، وَالتَّحْمِيدِ
«Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді іс жоқ. Ендеше, ол күндері тасбих (субханалла), тахмид (әлхамду лиллә), тәһлил (лә иләһа илләлла), тәкбір (Аллаһу акбар) сөздерін айтуды көбейтіңдер», – деген (имам Ахмад).
Ал тәкбір ташриқ айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында:
وَٱذْكُرُواْ ٱللَّهَ فِىٓ أَيَّامٍۢ مَّعْدُودَٰتٍۢ
«Санаулы күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған.
Аяттағы «санаулы күндер», – дегенді Әзірет Әли (Алла оған разы болсын) арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп тәпсірлеген. Демек, тәшриқ тәкбірі зұлхижжа айының 9-ы күнгі таң намазынан бастап, әр парыз намаздың соңында айтылып, зұлхижжаның 13-і күнгі екінті намазына дейін жалғасады. Яғни 23 парыз намазды қамтиды. Тәкбір ташриқты намазды жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мұстахап амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет. Сүннет, үтір және нәпіл намаздардан кейін тәкбір ташриқ айтылмайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде:
أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ
«Ташриқ күндері – тамақтану, су ішу және Алла Тағаланы еске алу күндері», – деген (имам Муслим).
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде, намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп, бұл күндері Алла Тағаланы ұлықтаудың артықшылығы жөнінде айтқан.
Тәкбір тәшриқ дұғасы:
اللَّهُ أَكْبَرُ اللَّهُ أَكْبَرُ، لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَاللَّهُ أَكْبَرُ، اللَّهُ أَكْبَرُ وَلِلَّهِ الْحَمْدُ
«Алла ұлық, Алла ұлық. Алладан өзге тәңір жоқ. Алла ұлық, Алла ұлық. Барлық мақтау Аллаға тән», – деп айтылады.
Жәбир атты сахабадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күні таң намазын оқығаннан кейін сахабаларына бұрылып: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилләһи-л-хамд», – дейтін. Осылайша арапа күнінің таң намазынан бастап, соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін айтатын», – делінген (имам Дарақутни)
Мерекенің алғашқы күні айт намазына барарда ғұсыл құйынып, әдемі таза киім киіп, хош иіс сеуіп барған жөн. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында:
خُذُوا زِينَتَكُمْ عِندَ كُلِّ مَسْجِدٍ
«Қай кезде де мешітте болсаңдар таза әрі әдемі киімдеріңді киіңдер», – деп бұйырған.
Факиһ ибн Сағд (فقيه بن سعد) (Алла оған разы болсын!): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, Хасан ибн Әли (Алла оған разы болсын): «Бізге Алла Елшісі айт күні ең жақсы иіссуді себуді бұйырған еді», – деп айтқан.
Айт намазына мешiтке бара жатқанда такбір айтқан дұрыс. Сондай-ақ айт намазына баратын адамның бір жолмен барып, қайтарда өзге жолмен қайтуы – мұстахап. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):
كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَانَ يَوْمُ عِيدٍ خَالَفَ الطَّرِيقَ
«Пайғамбар айт күндері әртүрлі жолмен жүретін», – деп айтқан (имам Бұхари).
Ғалымдарымыз хадистегі «хәләфә әт-тариқ» (خَالَفَ الطَّرِيقَ) дегенді: «Намаздан қайтқан уақытында барған жолынан өзге жолмен қайтатын. Сауабы молырақ болу үшін барғанда ұзақтау жолмен баратын, ал қайтарда қысқа жолмен қайтатын», – деп ашықтаған. Өйткені бару қайтқаннан гөрі сауап тұрғысынан абзал. Сонымен қатар жолда тұратын адамдарды мерекемен құттықтау үшін де Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт намазына бір жолмен барып, қайтарда өзге жолмен жүрген.
Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқа жаяу барып, жаяу қайтатын», – деп айтқан. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады», – деген. Имам Ибн Қудама (Алла оны мейіріміне бөлесін) «әл-Муғниде» имам Ахмадтың (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Егер айт намазы оқылатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз. Айт намазы оқылатын орын алыс болса, онда оған көлікпен баруда еш жаманшылық жоқ», – дегенін жеткізген.
Әрі құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемеу мұстахап амал саналады. Хадис шәріпте:
كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَطْعَمَ, وَلَا يَطْعَمُ يَوْمَ الْأَضْحَى حَتَّى يُصَلِّيَ
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді», – делінген (имам Тирмизи).
Айт намазы шариғат тарапынан мұсылмандарға уәжіп етіліп һижраның бірінші жылында енгізілді. Әнастың айтуынша, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұлар не қылған екі күн?» – деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз» – дейді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айты мен Ораза айтына айырбастады» – деді.
Жұма намазы парыз болған әр мұсылманға айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазының уақыты күн бір немесе екі найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Яғни күн шыққан соң жарым сағат өткенде айт намазының уақыты кіреді. Айт намазын имаммен бірге атқаруға үлгермеген адам оның қазасын өтемейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресінің 2-ші аятында:
فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ
«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!» – деп айтқан. Тәпсірде бұл аяттың Құрбан айт намазы мен құрбан шалу турасында екендігі айтылған.
Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍۢ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُواْ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّنۢ بَهِيمَةِ ٱلْأَنْعَٰمِ ۗ
«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.
Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтса, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында: «Мұсылмандарға жыл сайын зұлхижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды», – деп жазған.
Хадис шәріпте: «Амалдар ниеттерге байланысты», – демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек. Құрбандық малын шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Себебі құрбандығымыз тек Аллаға арналып сойылуы керек. Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ. لَا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
«Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:
وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.
Сүннетке сәйкес құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалуға болады.
Қадірменді жамағат!
Алла Тағала пенделерінің ізгі амал жасап, құлшылықта ерекше бекем болулары үшін жыл ішінен үш он күнді таңдап алды. Олар:
Бірінші, рамазан айының ақырғы он күні. Себебі осы он күн ішінде Қадыр түні бар.
Екінші, зұлхижжа айының он күні. Себебі, бұл он күнде арапа күні, құрбан айт, қажылық сияқты тағы да басқа құлшылықтар бар.
Үшінші, мухаррам айының он күні. Бұл айда Ашура күні бар.
Ендеше, осы күндерді барынша ізгілік, сауапты амалдармен өткізуге тырысайық.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық беріп, қажылық сапарындағы жерлестеріміздің сапарын оң етіп, баршамыздың оқитын айт намазымызды, шалатын құрбандығымызды қабыл еткей! Әумин!
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру