Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚОРШАҒАН ОРТА ДА – АМАНАТ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 30.05.2025 489 0 пікір
ҚОРШАҒАН ОРТА ДА – АМАНАТ

 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қоршаған ортаны аялау және оған бұзғыншылық пен бұзақылық жасамау әрбір адамзаттың – міндеті. Алла өзінің кітабы Құранда жер бетіне адамзатты «халифа» (орынбасар) ретінде жібергенін айтады. Ал бұл нәтижеде жер бетін аялап, ешбір тіршілік иесіне (жанды, жансыз) зиян тигізбеуімізді, керісінше мейріммен қарауды көрсетеді.

Құран Кәрімдегі аяттарға мән берсек адамзаттың жер бетіне жауапкер ретінде жіберілгендігі, аспан мен жердегі барлық нәрсе адамзаттың игілігі үшін жаратылғандығы баяндалады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

أَلَمْ تَرَوْا أَنَّ اللَّهَ سَخَّرَ لَكُم مَّا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ وَأَسْبَغَ عَلَيْكُمْ نِعَمَهُ ظَاهِرَةً وَبَاطِنَةً ۗ

«Көрмедіңдер ме? Алла сендерге көктердегі және жердегі нәрселерді бойсұндырды. Сондай-ақ сендерге жасырын және ашық нығметтерін толықтырды», – деген («Лұқман» сүресі, 20-аят).

Сондай-ақ, Алла жан-жануарларды, құрт-құмырсқа мен жаңбыр, су, бұлт, жер, топырақ, қысқасы жер бетіндегі барлық табиғатты адамзатқа қызмет ететіндігін баяндап тұр. Сол үшін адам баласына да оларға дәл сондай жауапкершілікпен қарауды ескертеді.

Бірінші: қоршаған ортаны қорғау әрбір адамзатқа – міндет

Адам баласы табиғаттың бір бөлшегі. Қоршаған орта – біздің өмір сүру ортамыз, тыныс алатын ауамыз, ішетін суымыз, өсіп-өнетін жеріміз. Сондықтан оны қорғау – тек бір мекеменің немесе үкіметтің ғана емес, әрбір адамның басты міндеті. Бүгінгі таңда қоршаған ортаға төнген қауіп күн санап артуда. Ауаның ластануы, ормандардың оталуы, өзен-көлдердің тартылуы, жануарлар мен өсімдіктердің жойылуы – мұның бәрі адам әрекетінің салдары. Табиғаттың тозуы – адамзаттың да тозуы. Егер біз табиғатқа жанашырлықпен қарамасақ, болашақ ұрпаққа таза ауа, тұнық су, құнарлы жер қалмайды. Қазақ халқы ежелден табиғатты құрметтеп, оны киелі санаған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз соның дәлелі. Табиғатқа зиян келтірмеу – имандылықтың нақ белгісі.

Ислам дінінде қоршаған ортаны қорғау – сауапты іс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

ما من مسلمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أو يَزْرَعُ زَرْعًا فيَأْكُلُ منه طيرٌ ولا إنسانٌ إلا كان له به صدقةً

«Кімде-кім тал отырғызатын болса, яки егін ексе, оның әрбір жемісін құс, адам немесе жануар жесе, ол адамға садақа (сауап) жазылады», – деген (имам Бұхари).

Мұсылман баласына әрбір жасаған пайдалы ісі үшін Алла Тағала міндетті түрде оған сауап жазады. Осы хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағаш отырғызу мен егін егу ісінің қадірі мен артықшылығына назар аудартады. Яғни, мұсылман адам бір нәрсе ексе, ал оның пайдасы басқаға тиіп, сол еккен өсімдіктен адам, құс, жануар, тіпті құрлықтағы не теңіздегі тіршілік иелері жейтін болса, ол үшін әлгі мұсылманға жақсылық жазылады.

Табиғатты аялау – тек сөзбен емес, іспен де көрінуі тиіс. Қоқысты көшеге тастамау, су мен электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу, жануарларға қамқор болу – осының бәрі қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіміз. Яғни, қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі және болашақ ұрпақтың жарқын өмірінің кепілі. Табиғатты аялау – біздің парызымыз, адамдық борышымыз. Ендеше, әрқайсымыз табиғатпен тіл табысып, оны көзіміздің қарашығындай сақтай білейік. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلاَ تُفْسِدُوا فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفاً وَطَمَعاً إِنَّ رَحْمةَ اللَّهِ  قَرِيبٌ  مِّنَ  المُحْسِنِينَ

«Сондай-ақ жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзғыншылық жасамаңдар. Алладан қорыққан күйде әрі үмітпенен оған дұға тілеңдер. Негізінде, Алланың мейірімі жақсылықты (ықыласпен) істеушілерге жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).

Жоғарыда келтірілген бірнеше аяттарға мән берсек дінге, осы өмірге, қоршаған ортаға деген жауапкершілік барша адамзаттың борышына жататындығын көруге болады.

 

Қисса

Бірде бір кішкентай қыз өзінің әкесіне: «Әке мені балалардың ойнайтын жеріне (карусель т.с.с) апарыңызшы» деп өтінеді, оған әкесі: «Қызым мен күнде жұмыстамын, сені Алла жазса демалыс күні апарайын» деп уәде береді. Жексенбі күнін тағатсыз күткен қызы, демалыс күні келгенде, күнде жұмыстан шаршап, теледидар көріп жатқан әкесіне келіп, уәдесін есіне салады. Сонда әкесі қызына берген уәдесін орындамақшы болып, демалып жатқан жерінен тұра бере жердегі жатқан газеттің бетіндегі жердің картасына көзі түседі де, картаның суретін бірнеше бөлікке бөліп, қызына жинауға ұсынады. Картаны бұрынғы қалпынша құрастырғанда ғана ойын алаңына апарып қыдыртуға сендіреді. Әртүрлі құрастырғыштарды құрап жаттығып алған бала, шамалы уақыт өткесін әкесіне келіп, жырым-жырым жыртылған картаның суретін жиналғанын жеткізеді. Тез арада, барлығын орын-орнына қойып, қатесіз жинаған қызына таңқалып, «қызым бұны қалай жинадың» деп сұрайды. Сонда қызы: «Әке газеттің екінші жақ бетінде адамның суреті салынған екен, сол адамның суретін аяғын-аяғына, қолын-қолына келтіріп жинап едім, жердің суреті де шыға келді», – деген екен. Мұны естіген әкесі: «Е, адам түзелсе – жер беті де, қоғам да түзеледі екен ғой», – депті.

Екінші: қоршаған ортаны таза ұстау

Жер беті адамдардың игілігіне берілді, ал ол игілікті таза ұстау Алланың бұйрығы. Жаратушы иеміз көптеген аяттарда жалпы тазалыққа көп көңіл бөлуімізді ескерткен, ал «Бақара» сүресі, 60-аятында жер бетін бұзу, бұзақылық жасау, бүлдіру сынды іс-әрекеттерден аулақ болуымызды бұйырды:

كُلُوا وَاشْرَبُوا مِن رِّزْقِ اللَّهِ وَلاَ تَعْثَوْا فِي الأَرْضِ مُفْسِدِينَ

«Оларға: «Алланың берген ризығынан жеңдер, ішіңдер алайда жер бетінде бұзақылық жасап жүрмеңдер», – деген.

Бұл аятқа ислам ғұламасы Даххак (Алла оны рақымына алсын): «Таза суды қор қылмаңдар, жеміс беретін ағашты босқа кеспеңдер», – деп түсіндірме жасаған екен. 

Сонымен қатар Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) су бұлақтарын, жол мен демалатын орындарды ластаудан тыйған. Хадисте:

اتَّقوا الملاعنَ الثلاثَ: البَرازُ في الموارِدِ ، و قارِعَةِ الطَّريقِ ، و الظِّلِّ

«Қарғысқа ұшырататын мына үш істен сақ болыңдар: су алатын жерге дәрет сындырудан, жолдың қақ ортасына дәрет сындырудан және көлеңкелі жерге дәрет сындырудан», – деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға зиян келтіретін, қоғамдық орындарда әдепсіздік болып саналатын әрекеттерден тыйған. Бұл хадис – тазалық пен қоғамдағы әдеп нормаларын сақтау туралы айтылған. Су алатын жер – басқа адамдардың да пайдалануына арналған орын, жолдың қақ ортасы – жүргіншілерге арналған, ал көлеңке – тынығатын орын. Осындай жерлерді ластау адамдарға қолайсыздық туғызады.

Үшінші: қоршаған ортаға ысырапшылдық жасамау

Жаратушы иеміз ысырап тұрғысында Құранда былай деп келтіреді: 

...وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«... және жеңдер, ішіңдер алайда ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым қоршаған ортадағы беріліп жатқан нығметтерді ысырап етуден тыйып отырды.

Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалардың өзен жағасында дәрет алып жатқандарын көреді де: «Бұл не ысырапшылдық?» – дейді. Сонда сахабалар: «Дәрет алған кезде де ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек пе?» – деп сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, тіпті сен өзен жағасында тұрсаң да», – деп, әрбір берілген нығметке ұқыппен, ысыраптан аулақ болу керектігін насихат еткен (имам ибн Мәжа).

Үшінші: қоршаған ортаға тал шыбығын, дән отырғызу

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

إِنْ قَامَتِ السَّاعَةُ وَفِي يَدِ أَحَدِكُمْ فَسِيلَةٌ، فَإِنِ اسْتَطَاعَ أَنْ لاَ تَقُومَ حَتَّى يَغْرِسَهَا فَلْيَغْرِسْهَا‏

«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», – дейді.

Бұл хадисте, яғни сен қияметтің белгілерін анық көріп, оның орнайтынына көзің жетсе де, қолыңда құрма ағашының көшеті болса, оны жерге отырғызуға мүмкіндігің болса, тартынба, дереу ек! Бұл – әрбір адам баласы үшін жақсылық пен пайдалы іс жасауда шегіне жеткен үгіт. Тіпті ең қиын, үмітсіз сәтте де адам жақсылықтан қол үзбеуі керек деген терең мағына жатыр. Өзі пайдасын көрмесе де, өзгеге пайдасы тиюі мүмкін деген үмітпен амал ету – нағыз мұсылманның сипаты.

Жақсылықтың бір түрі – ағаш отырғызу, құдық қазу, өйткені бұл амалдар адамзат үшін соңғы сәтіне дейін тіршілік көзі болып қалуына себеп болады. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа хадистерде де егін егу мен ағаш отырғызудың сауапты іс екенін айтқан, өйткені ол арқылы адамдар, құстар мен жануарлар қоректенеді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жоғарыда айтылған хадис адамның қолымен жасаған әрбір ісінің құндылығын, оның мақтаулы екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл хадис – өмірдің соңғы сәтіне дейін жақсылық жасауға үндейді.

Ислам шариғаты жерді көркейтуге және оны игеруге, сондай-ақ егін егіп, ағаш отырғызуға үндеген. Сонымен бірге, мұсылманның қандай жағдайда да үмітсіздікке салынбай, өмірге белсенді әрі пайдалы көзқараспен қарауын құп көрген. Ол өзіне де, өзгеге де пайдасы тиетін тұлға болуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық жақсылыққа, ізгілікке үгіттеген. Адам өзі жасаған жақсылықтың нәтижесін көрмесе де, соны істеуден тартынбауы керек екенін ескерткен.

 

Қисса

Бір патша құрма ағашын отырғызып жатқан жасы келген қарияның жанына келіп тоқтайды. Оған таңғалған халде:

– Ей, қария! Бұл ағаштың жемісін жеуге үмітіңіз бар ма? Жасыңыз болса, біразға келіп қалыпты. Бұл ағаш жеміс бергенше біраз уақыт бар ғой!? – дейді. Қария:

– Әй, патша! Бізден бұрынғылар ағаш екті, жемісін біз жедік. Енді, біз егеміз, болашақта ұрпақтарымыз жейді – деп жауап береді. Патша қарияның бұл сөзіне таңданып:

– Қарай гөр – дейді де қарияға 1000 динар беруді әмір етеді. Қария ақшаны алып жатып:

– Бұл ағаш қандай ғажап ағаш. Қазірден бастап жеміс беріп жатыр ғой – дейді. Патша қарияның бұл сөзіне де риза болып тағы 1000 динар беруді әмір етеді. Қария бұл жолы да ақшаны алып:

– Әй, патша! Бұның бәріне таңданып тұрмын. Бұл ағаш бір жылда қатарынан екі рет жеміс берді ғой – дейді. Қарияның бұл сөзі де патшаның көңілінен шығып, үшінші мәрте 1000 динар беруді әмір етеді де, сөз тапқыш қарияны жөніне қалдырып, жолын ары қарай жалғастырып, кете барады.

Төртінші: жан-жануарларға мейірімділік таныту

Ислам – рақым мен мейірім діні. Жан-жануарларға жасалған әрбір жақсылық – сауап. Олар – Алланың үнсіз жаратылыстары, біздің қолымыздағы аманаты. Сол себепті табиғатқа, жан-жануарларға деген жауапкершілігіміз де үлкен. Мейірім көрсеткен жан мейірімге бөленеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَمَا مِنْ دَابَّةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا طَائِرٍ يَطِيرُ بِجَنَاحَيْهِ إِلَّا أُمَمٌ أَمْثَالُكُمْ مَا فَرَّطْنَا فِي الْكِتَابِ مِنْ شَيْءٍ ثُمَّ إِلَى رَبِّهِمْ يُحْشَرُونَ

«Жер басып жүрген жан-жануарлардың, қос қанатымен самғап ұшқан құстардың түр-түрі (өздерің сияқты қоғам болып топтасып тіршілік ететін, әрқайсысының өзіне тән өмір салты болған) өз алдына бірер үмбет болып табылады. Біз Кітапта еш нәрсені қалыс қалдырмадық, титтей де ағаттыққа жол бермедік. Кейін сол тіршілік иелерінің барлығы Раббыларының дәргейіне жиналады», – деген («Әнғам» сүресі, 38-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоршаған ортамызда өмір сүріп жатқан жан-жануарларға мейірімді болуымыз керектігін ескертеді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан-жануарларды қорлауға тыйым салды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінде:

بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي بِطَرِيقٍ إِذِ اشْتَدَّ عَلَيْهِ الْعَطَشُ فَوَجَدَ بِئْرًا فَنَزَلَ فِيهَا فَشَرِبَ وَخَرَجَ فَإِذَا كَلْبٌ يَلْهَثُ يَأْكُلُ الثَّرَى مِنَ الْعَطَشِ فَقَالَ الرَّجُلُ لَقَدْ بَلَغَ هَذَا الْكَلْبَ مِنَ الْعَطَشِ مِثْلُ الَّذِي بَلَغَ مِنِّي فَنَزَلَ الْبِئْرَ فَمَلأَ خُفَّهُ ثُمَّ أَمْسَكَهُ بِفِيهِ حَتَّى رَقِيَ فَسَقَى الْكَلْبَ فَشَكَرَ اللَّهُ لَهُ فَغَفَرَ لَهُ ‏"‏‏.‏ فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَإِنَّ لَنَا فِي الْبَهَائِمِ لأَجْرًا فَقَالَ ‏"‏ فِي كُلِّ ذَاتِ كَبِدٍ رَطْبَةٍ أَجْرٌ.

«Өте ыстық күнде қатты шөлдеген адам құдыққа түсіп, су ішеді. Ол жерден шыққанында шөлдегеннен ластықты жеп тұрған, терең тынысты итті көреді. Сөйтіп, мына ит те менің күйіме жетіпті ғой деп, аяқ киімін суға толтырып, оны аузымен тістеп, жоғарыға көтеріліп, итке береді. Алла ол адамның күнәларын кешіреді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! жан-жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап бар ма? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болын) былай деп жауап береді: «Иә, әрбір тірі жанға жасаған жақсылықта – сауап бар» (имам Бұхари).

Хадистен әрбір адам баласына жақсылық жасауға деген ерекше екпінді көруге болады. Себебі күннің ыстығында шөлдеген итке суды беру арқылы күнәнің кешірілуіне себеп болса, Алла Тағаланың ең көркем жаратылысы адамдарға жақсылық жасау – әлдеқайда үлкен сауап әкелетіні сөзсіз.

 

Құрметті жамағат!

Алланың берген нығметінің саны жоқ, оны көре білген де бар, көрмегендер де қаншама. Сондықтан да, берілген нәрсені жауапкершілікпен қолдану, оған қиянат жасамау, айналаға мейірімділік танытып, қоқыстарды шашпау, яғни  қоршаған айналамызды таза ұстау – барша адамзатқа берілген міндет.

Бұл тек адамдармен ғана емес, Алланың жаратқан барлық тіршілік иелерімен әділ және мейірімді қарым-қатынаста болу деген сөз. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде қоршаған ортаны таза ұстауға, ондағы барлық тіршілік атаулыға қамқорлық танытуға бұйырған. Тіпті жан-жануарларға да рақымдылықпен қарауға үндеген.

Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір түйенің қасынан өтеді. Әлгі түйе қатты арықтап, арқасы ішіне жабысып кеткен екен. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл тілсіз жаратылыстар жөнінде Алладан қорқыңдар! Олар мінгенде де, жегенде де жақсы жағдайда болсын», – деген болатын (имам Әбу Дәуід).

Алла Тағала айналамызға мейірімді, қамқор құлдарынан болуды нәсіп етсін. Қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру