Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – КЕШІРІЛМЕЙТІН КҮНӘ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 11.10.2024 1834 0 пікір
КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – КЕШІРІЛМЕЙТІН КҮНӘ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Дініміз мұсылмандарға адал еңбек етуді бұйрып, біреуге зиян тигізіп, ақысын жеуден тыйған. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ, адамдардың малының бір бөлігін (өздеріңе тиесілі болмағанын) негізсіз алу үшін басшыларға пара ретінде беруші болмаңдар», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 188-аят).

Халқымыз ұрпағына: «Ешкімнің ала жібін аттама» деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды кішкентайынан үйретіп, құлағына құйып өсірген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنِ اقْتَطَعَ شِبْرًا مِنَ الأرْضِ ظُلمًا، طَوَّقَهُ اللَّهُ إِيَّاهُ يَومَ القِيَامَةِ مِن سَبْعِ أَرَضِينَ

«Кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», – деп ескерткен (имам Мүслим).

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Байдың асын сұм менен залым жейді,

Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.

Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың,

Малы түгіл арының бәрін жейді, – біреудің ақысын жеу залым адамның ісі екенін айтып ескерткен.

Қоғамда кісі ақысын жеудің көріністері өте көп. Олардан сақтануымыз үшін бүгінгі жұма уағызымызда кісі ақысы болып саналатын кейбіреуіне тоқталамыз.

 

Бірінші: зұлымдық жасау

Зұлымдық деп – адал етілгеннің шекарасын бұзу немесе адамдарға әділетсіз қатынас жасау дегенді айтамыз. Алла Тағала құдси хадисте:

يَا عِبَادي ، إنِّي حَرَّمْتُ الظُلْمَ عَلَى نَفْسي وَجَعَلْتُهُ بيْنَكم مُحَرَّماً فَلا تَظَالَمُوا

«Уа, құлдарым! Мен Өзіме зұлымдықты харам еттім және оны сендердің араларыңда да харам еттім, енді біріңе-бірің зұлымдық етпеңдер!» – деген.

Ғалымдар зұлымдықтың мынадай үш түрі болатынын айтады:

Әуелгісі, Алла Тағалаға қарсы жасалған зұлымдық. Бұл зұлымдықтың ең үлкені. Яғни Алланы жоққа шығару, Оған серік қосу немесе екіжүзділік таныту. Қасиетті Құранда Лұқман Хакімнің өз ұлына:

يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

«Уа, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу зор зұлымдық», – деп айтқаны баяндалған  («Лұқман» сүресі, 13-аят).

Екіншісі, адамдардың бір-біріне және басқа да жаратылысқа деген зұлымдығы. Жазықсыз адам өлтіру, қан төгу, бүлік шығару, азғындық жасау, адамдар арасындағы қарым-қатынас тәртібін әдейі бұзу, тергеуге жауапты адамның жазықсыз жанға қысым жасап, қорлық көрсету, істемеген ісін істеді деп қинап көндіріп, қиянат жасаудың барлығы адамның адамға деген зұлымдығына жатады. Сол сияқты жан-жануарларды жазықсыз өлтіру, табиғатқа қарсы орман-тоғайларды өртеу сияқты істер де зұлымдыққа жатады.

Үшіншісі, адамның өз-өзіне жасаған зұлымдығы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّ اللَّهَ لا يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ

«Расында Алла адамдарға ешқандай зұлымдық жасамайды. Бірақ адамдар өздеріне-өздері зұлымдық жасайды», – деп айтқан («Жүніс» сүресі, 44-аят). 

Алла Тағала әділдік иесі болғандықтан адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Алайда адамдар өздері ақиқатқа назар салмай, күнәлі істер жасап, өздеріне-өздері зұлымдық жасайды.

Мұсылман адам бұл айтылған зұлымдықтың барлық түрінен сақтануы қажет. Себебі зұлымдықтың бұл дүниеде де, ақыретте де болатын жазасы ауыр. Біреуге жасалған қастандық адамның өз басына міндетті түрде айналып келеді. Сол себепті Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зұлымдық жасаудан тыйылумен қатар зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан сақтандырып:

اتَّقِ دَعْوَةَ الْمَظْلُوْمِ فَإِنَّهُ لَيْسَ بَيْنَهَا وَبَيْنَ اللهِ حِجَابٌ

«Зұлымдыққа ұшыраушының дұғасынан сақтан. Өйткені оны мен Алла Тағаланың арасында перде болмайды», – деген (имам Термизи).

 

Қисса

Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) бір күні: «Уа, Раббым! Маған өзіңнің әділдігіңді көрсетші!» – деп дұға еткен екен. Сонда Алла Тағала: «Уа, Мұса! Мынадай жердегі бұлақтың қасына бар да, менің әділдігіме куә бол», – депті. Мұса айтылған орынға барып, қарап тұрған еді, бір аттылы адам пайда болады. Бұлақтың басына келіп, атынан түсіп, беліндегі үлкен әмиянды жерге қойып, бұлақтан су ішіп, беті-қолын жуып, қайта атына отырып, әмиянын ұмытып кетіп қалады. Осыдан кейін бір жас жігіт келіп, су ішті де, әмиянды алып кетті. Содан кейін бір көзі көрмейтін қарт адам келді. Ол да бұлақтың суын ішіп, дәрет алып, намаз оқыды. Осы кезде аттылы адам әмияны есіне түсіп, қайтадан бұлақтың басына келді. Ол қарт адамнан өзінің әмиянын қанша сұрап, беруін талап еткенімен қария: «Менің көзім соқыр, әмиянды қайдан білейін?» – деп өзінің алмағанын дәлелдемек болды. Соңында атты адам ашуланып, қартты ұрып, қария сол жерде көз жұмды.

Сонда Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Мен көргенімнің сырын түсіне алмадым. Бұл болған оқиғадан әділдігіңді қалай түсінсем болады?» – деген екен. Сол кезде Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) түсіп былай деген екен: «Әмиянды алып кеткен жас баланың әкесі аттылы адамның жұмысшысы болған еді. Ол жас баланың әкесіне еңбегі үшін тиесілі ақшасын бермей қойған болатын. Әкесіне алуы керек болған қаражатты оның баласы алды. Ал көзі көрмейтін қарт адам болса, аттылы адамның әкесін өлтірген еді. Сондықтан да әркімге өзіне тиісті ақысы берілді», – деген екен.

 

Екінші: ұрлық жасау

Өзгенің ақысына қол салудың келесі түрі – ұрлық жасау. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Мұсылман адам бұл жаман күнәдан бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ

«Зинақор зина жасағанда бойында иман болмайды, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда бойында иман болмайды, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде бойында иман болмайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Ұрлық дегенде тек заттай мүлікті ғана рұқсатсыз алу дегенді түсінбеу керек. Мысалы, шығармашылықта авторлық құқықты сақтамау, өзгенің еңбегін келісімінсіз алу, басқа адамның мақаласын рұқсатсыз өз атынан жариялау сияқты істер де ұрлыққа жатады. Сол сияқты технологияның дамуына байланысты қазіргі уақытта өзгенің электрондық есеп счетындағы ақшаны аударып алу, басқа адамның атынан кредит рәсімдеу, түрлі алаяқтықпен айланысу сияқты істердің барлығы ұрлықтың түріне жатады.

«Ұрлық түбі – қорлық» демекші, ұрлықпен келген дүние, жиналған мал ешуақыт адамға пайда алып келмейді. Қайта берекетсіздік пен бақытсыздыққа душар етеді. Хакім Абай:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас,

Сұм нәпсiң үйiр болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың, ондай iстен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп өзгенің ақысына қол салып, ұрлық жасаудан сақтандырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мұсылман адамның хақын (жалған) антымен бөліп алса, Алла оған тозақты міндеттеп, жұмақты харам етеді». Бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Тіпті, мардымсыз нәрсе болса да ма?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тіпті, арак ағашының бір таяғы болса да», – дейді (имам Мүслим). Хадисте келген «арак» атауы мисуак жасалынатын ағаш түріне қолданылады.

 

Қисса

Ислам дініндегі кісі ақысының маңыздылығын түсініп, мұсылмандықты қабылдаған бір кісі былай дейді:

Менің ислам дінін қабылдауыма егістік жердегі көршім молда Рабидің керемет адамгершілігі түрткі болды. Ол сүт сатып күнелтетін. Бір күні кешкісін біздің үйге бас сұғып: «Мына сүт сіздердікі, алыңыздар», – деді. Мен таңырқап: «Қалайша, мен сізден сүт сұраған жоқпын ғой», – дегенімде сезімтал, жаны нәзік көршім: «Мен сіздің бақшаңыздан шөп жеп тұрған сиырымды байқап қалып едім. Сондықтан бұл сүт сіздерге тиесілі. Сиырдың сүті жеген шөптен толық тазарғанға дейін сүтін сіздерге әкеліп тұрамын», – демесі бар ма. Мен азар да безер болып: «О не дегенің көршім! Жегені бір тұтам шөп қой. Адал болсын, кештім», – десем де, молда Рабиды көндіру  қиынға соқты: «Жоқ, болмайды. Оның сүті сіздерге тиесілі», – деген күйі жеген шөбі сиырдың сүтінен толық шыққанға дейін сүт әкелуін үзбеді.

Міне, осы жүзінен нұр тамған мүбәрак кісінің адал-арамды ажыратуда шын пейіл танытқан ықыластылығы маған қатты әсер етті. Іле көзімді көлегейлеген күпірлік пердесі түріліп, жүрегіме иман шуағы ұялады. Қайран қалғанымды жасыра алмай іштей өз-өзіме «Мынадай керемет мінез-құлықты дарытқан адамның діні де міндетті түрде ұлы дін. Осындай жаны таза, ары пәк, адал ниетті жандарды тәрбиелеген діннің ақиқат дін екені де күмәнсіз» деп бірден тілімді кәлимаға келтіріп, мұсылман болдым», – деген екен («Кемелдік кілті» кітабынан).

 

Үшінші: жемқорлық және парақорлық

Жемқорлық – қандай да бір іске жауапты қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану. Ал парақорлық жауапты қызметтегі адамның өзі немесе делдал арқылы тікелей пара берушінің өзінен немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті үшін ақша немесе басқа да құнды затты алуы.

Жемқорлық пен парақорлық екеуі де дінімізде харам әрі кісі ақысын жеудің ең үлкен көрнісі болып табылады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 42-аятында:

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ فَإِن جَآؤُوكَ فَاحْكُم بَيْنَهُم أَوْ أَعْرِضْ عَنْهُمْ وَإِن تُعْرِضْ عَنْهُمْ فَلَن يَضُرُّوكَ شَيْئاً وَإِنْ حَكَمْتَ فَاحْكُم بَيْنَهُمْ بِالْقِسْطِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ

«Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. Егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан теріс бұрыл. Егер олардан теріс бұрылсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Расында Алла турашылдарды сүйеді», – деп айтқан. Сағид ибн Жубайр (Алла оған разы болсын) жоғарыда келген аяттағы «арам жеушілер» деген жерін: «Жемқорлық турасында айтылған», – деп тәпсірлеген.

Халқымызда «Адал кісі арымас, арам кісі жарымас» немесе «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деп айтылған тәмсіл бар. Сондықтан арам жолмен табылған мал-дүниеде еш уақытта береке болмайды. Береке – тек адал табыста болмақ. Адам баласы мұндай теріс жолмен табыс тауып, отбасын онымен асырауына болмайды.

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Азд тайпасындағы бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған (сыйлыққа)», – деп айтады. Мұны  естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Расында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау – сізге, ал мынау маған (сыйлыққа)» – деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде отырмады?» – деген екен.

 

Төртінші: жетімнің ақысын жеу

Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі бірдей жоқ болған баланы ғана емес, анасы бар бола тұрып, әкесі жоқ болса оны да жетім деп таниды. Асыл дініміз Ислам жетім-жесірге қамқорлық жасауға, олардың басынан сипап, көңілін аулауға, олардың мал дүниесіне қиянат жасамауға шақырады.

 Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 10- шы аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْمًا إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَارًا وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيرًا

«Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жеп алғандар, шын мәнінде іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», – деп ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімнің ақысын жеу жеті үлкен күнәның біріне жатқызылатынын айтып: «Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар», – дейді. Адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Бұл қандай күнәлар?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр жасау, Алла өлтіруге тыйым салған жанды (кісіні) өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жауға шапқанда қашу, иманды, таза әрі жаман істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздық жасады деп айыптау», – деген (имам Бұхари, Муслим).

Жетімнің ақысына кіру үлкен күнә екендігін жақсы білген ата-бабаларымыз: «Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр» деп оларға барынша қамқор болуды насихаттаған.  Жетімге қамқорлық деп – жетім қалған кішкене баланың қажетінде болуды, қамқорлық етіп, оны тәрбиелеуді, ер бала болса, ержеткенге дейін, қыз бала болса, бойжетіп, тұрмыс құрғанына дейін оған жақсылық жасауды айтамыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлықтың алғашқы кезеңінен бастап, жетімдерге қамқорлық болуға шақырған.

 

Қисса

Ислам тарихында Мекке мүшіріктерінен қысым көрген мұсылмандар Хабашстанға қоныс аударып барған уақытта, Жағфар ибн Әбу Талиб есімді сахаба Хабашстан патшасы Ән-Нажашиге былай деп айтады: «Алла Тағала бізге өз арамыздан Пайғамбар жіберді. Оның шыққан тегін, шыншыл екендігін, аманатқа қиянат жасамайтындығын, арының таза екендігін жақсы білеміз. Ол бізді Алла Тағаланы жалғыз деп білуге, Оған ғана құлшылық етуге шақырды. Біз және біздің бұрынғы бабаларымыз құлшылық жасаған тастар мен пұттарға сыйынбауымызды бұйырды.

Сонымен қатар, бізді сөзімізде шыншыл болуға, аманатты орындауды, туыстық қатынасты сақтауды, көршіге жақсылық жасауға бұйырып, харам істерден, қан төгуден, арсыздықтан, өтірік ант беруден, жетімнің ақысын жеуден, ары таза әйелдерге күнә тағудан тыйды» (имам Ахмад).

 

Қадірменді жамағат!

Кісі ақысына қол сұғудың бұдан да өзге көріністері өте көп. Қандай болса да мұсылман адам өзгенің ақысына кірмей, адал еңбек жасауы қажет. Өзгенің ақысына қол сұққан адам тәубе етіп, Жаратушы Алла Тағаладан кешірім сұраумен қатар, зұлымдық жасалған адамнан да кешірім тілеуі қажет. Дүниеде кешірім алмаса, ертең қияметте ол адамдар қиянат етушінің сауабына ортақтасатын болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Муфлис (банкрот) деген мынадай адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Оның сауабы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп, жәһәннамға тасталады», – деген (имам Мүслим) 

Алла Тағала баршамызға кісі ақысынан сақ болып, берекелі ғұмыр нәсіп еткей! Бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру