Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 01.03.2024 1328 0 пікір
ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! 

 

Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың ұстанған, қас­тер тұтқан жолы. Қазақ халқы ғасырлар бойы Құран Кәрім аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген сара жолды ұстанды. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал мен үкім бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі иман, сенім тұрғыда имам әл-Матуриди қалыптастырған жол.  Имам Әбу Ханифа негізін қалаған Ханафи мәзһабында әдет-ғұрып шариғи қайнар көздердің бірі деп танылады. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз қасиетті Құрандағы:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты басшылыққа алған («Ағраф» сүресі, 199-аят).

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол – ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» (العادة) сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген. «Дәстүр» сөзі де арабша (دستور) «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ما رَآهُ  الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ حَسَنٌ، وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّئٌ

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деп айтқан (имам Ахмад).

Ғалымдарымыз әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

Біріншіден, Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына кереғар келмеуі тиіс.

Екіншіден, үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.

Үшіншіден, қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

 

Бүгінгі жұма уағызымызда дінімізбен ұштасқан кейбір салт-дәстүрлерімізге тоқталамыз:

Бірінші: Азан шақырып ат қою

Ата-ананың баланың алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, жақсы тәрбие беру, үйлендіру. Бұл хадисте де айтылған. Азан шақырып ат қою – сәбиге ат қоюдың мұсылманша дәстүрі. Сәбидің бір құлағына азан шақырып, екінші құлағына қамат айтып есім қою сүннет амал болып саналады. Бұл амал нәрестенің жынысына байланысты емес: ұлға да, қызға да жасалады. Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін жат емес дәстүрлердің бірі болғандықтан «азан шақырып қойған аты» деген тіркесті күнделікті қолданысқа енгізіп жіберген.

Мұндайда баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азап айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше...» немесе «сенің атың пәленше...» деп үш қайтара айтатын болған. Осыған байланысты халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Сахаба Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) өзінің әкесінен:

رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَذَّنَ فِي أُذُنِ الْحَسَنِ بْنِ عَلِيٍّ حِينَ وَلَدَتْهُ فَاطِمَةُ بِالصَّلَاةِ

«Фатима Әлиұлы Хасанды дүниеге әкелгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқанын көрдім», – деген хадисті жеткізген (имам Термизи).

Азанды білген кез келген мұсылман баланың атын қоя алады. Міндетті түрде имамның немесе молданың азан шақыруы шарт емес. Егер де жас кезінде балаға қандай да бір жағдайлармен азан шақырылмаса, есейген кезінде де шақыра беруге рұқсат.

Азан шақырудағы мән-мағына – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетін орындау. Ал екіншіден перзенттің ең алғашқы естіген даусы азан даусы болғаны дұрыс. Ол сәбиге жасалатын ең алғашқы діни дәстүр болып табылады. Азанның мағынасы мен мазмұнында Алланың Ұлылығы, жалғыздығы, пайғамбарлық және намаз сияқты діннің негіздері қамтылған.

 

Екінші: Тәхник жасау

Халқымыздың дәстүрінде кең тараған ырым – нәрестенің, сәбидің аузына түкіру. Халқымыз ел арасында аты шыққан би-шешендер мен ақындарға, батырларға, аузы дуалы ақсақалдарға балаларын әкеліп, аузына түкіртетін болған. Мұндағы мақсат – сәби өскенде сол сияқты үлкен азамат болсын, солардың қасиеті жұқсын, өнегелі кісі болсын деген ниет. Тіпті мұны ел арасында мақтаныш етіп айтатын да болған. Перзентінің болашағына үлкен үмітпен қарайтын ата-ана баласының «аузына түкірген» адамы туралы құлағына құйып, сол азаматтай үлгілі болу керектігін үнемі айтып отырған. Халқымыз өзінің батырларын, атақты ақындарын, билерін, шешендерін өте жоғары бағалағандықтан, өз баласының да соларға ұқсағанын жақсы көрген. Бұл дәстүрде ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Баланың аузына түкіру – халқымыздың жақсы ниетінен туған әрі ел ішінде әлі жалғасын тауып келе жатқан игі дәстүр.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде «тахник» деп баланың таңдайына тәтті нәрсемен сүртуді айтамыз. Яғни нәрестенің аузына шайналған құрманы салып, саусақпен таңдайына жағып, уқалайды. Таңдай уқалаудағы мақсат – жаңа туған нәрестенің ауыз бұлшықеттерін нығайтып, анасын емуге дайындау болса керек. Мұны көп жағдайда көпті көрген салиқалы, ізгі адамдарға тапсырған жөн. Бұл үрдісті кезінде саңлақ сахабалар да жасаған. Айталық, қайсыбірінің үйінде дүниеге сәби келсе, дереу Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып барып, аузына құрманы шайнатып, таңдайына сүрткізетін. Бірде Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) өзінің ұлы туылғанда оны ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды (имам Бұхари, Мүслим).

Сонымен қатар тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Талханың ұлы дүниеге келгенде бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің аузына салып, таңдайын сүрткен. Сосын баласының есімін қойған. Міне, осы секілді ізгі істер әлі де өз құндылығын жойған жоқ. Мұсылман әлемінде бұл іс жалғасын тауып келеді. Біздің дана бабаларымыздан қалған ауызға түкіру дәстүрінің де түп төркінінде осындай сүннет амалдың бар екендігін айтуға болады. Тахник жасағанда баланың таңдайын құрмамен сүрту міндетті емес, құрма табылмаған жағдайда, кез келген тәтті нәрселермен істеуге болады.

 

Үшінші: Ер баланы сүндеттеу

Қазақ халқында ер баланы үш, бес, жеті не тоғыз жасында «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің» деп сүндетке отырғызып, сүндет той жасау дәстүрге айналған. Бұл дәстүр Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан ханифтік діннің рәмізі. Имам Маликтің еңбегінде: «Сағид ибн Мұсайабтан мынадай дерек келтіреді: «Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ең бірінші мұртын қысқартып басқан, ең бірінші болып шашындағы ақты көріп: «Уа, Раббым! Бұл не?» – деген. Сонда Алла Тағала: «Салмақтылық, байсалдылық», – деген. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым, менің байсалдылығымды арттыра гөр!» – деген екен».

«Сүндет» деп аты айтып тұрғанындай бұл рәсім ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الْفِطْرَةُ خَمْسٌ  – أَوْ خَمْسٌ مِنْ الْفِطْرَةِ: الْخِتَانُ ، وَالاسْتِحْدَادُ ، وَتَقْلِيمُ الأظْفَارِ ، وَنَتْفُ الإبِطِ ، وَقَصُّ الشَّارِبِ

«Бес нәрсе фитра саналады: (ер баланы) сүндеттеу, кіндік астындағы түкті қыру, тырнақ алу, қолтықтың түгін кетіру және мұртты басу», – деген (имам Бұхари).

 

Төртінші: Қонақжайлық

Қонақжайлық – қазақ халқының ежелден келе жатқан игі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет». Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Қасиетті аяттар мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиды бабаларымыз Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол қазақы мысалға айналды. Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ومَن كانَ يُؤْمِنُ باللَّهِ واليَومِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.

 

Бесінші: Көрші ақысын өтеу

Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірдің Өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан.

Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша көршінің ақысы, көршіге қайыр жасау асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида.

Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Мысалы:
  1. Туысқан әрі мұсылман көрші.
  2. Туыс бірақ мұсылман емес көрші.
  3. Туыс емес, бөгде мұсылман көрші.
  4. Мұсылман емес көрші.

Туысқан болып келетін көршінің үш ақысы бар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы және көрші ақысы. Туыс болғанымен мұсылман болмаған көршінің екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы. Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар: мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы. Ал мұсылман емес көршінің бір ақысы, яғни тек көршілік ақысы ғана бар. Осылайша ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман, мейлі кәпір болсын. Яғни көршіге қандай жағдайда да ізгі ниетте болып, егер көмек керек болса, көмек беріп, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұру қажет. Тым болмағанда көршіні көргенде сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан.

 

Қадірменді жамағат!

Ислам діні әлемдік дін болғандықтан ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрлерін сақтай отыра ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خُذِي مِنْ مَالِهِ بِالْمَعْرُوفِ مَا يَكْفِيكِ أنْتِ وَوَلَدَكِ

«Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!» – деп жауап берді» (имам Бұхари, Мүслим).

Бұл хадиске қатысты имам Нәуәуи «Сахих Мүслим» кітабында: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп айтқан. Ендеше ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исламға дейінгі салт-дәстүрлердің дінге қайшы келмегеніне тыйым салмай, қайта оған амал еткен.

Әлмисақтан мұсылман болған қазақ халқы да әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген.

Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

 ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру