Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАҒДЫРҒА РАЗЫЛЫҚ ТАНЫТУ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 19.05.2023 4028 0 пікір
ТАҒДЫРҒА РАЗЫЛЫҚ ТАНЫТУ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дінімізде иманның жеті шарты бар. Біз оны «Әмәнту» деп атаймыз. Хакім Абайдың «Әмәнту оқымаған кісі бар ма? Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» деп айтатыны сондықтан болса керек.

Тағдыр дегеніміз не? Әуелі осыған тоқталсақ. Тағдыр араб тілінде «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, ша­ри­ғат­ термині бойынша Алла Тағаланың әу ба­ста болатын бар­лық нәрсені жа­рат­па­стан бұ­рын шек­сіз ілі­мі ар­қы­лы ег­жей-тег­жейіне дейін білуін және оларды бел­гі­лі бір өл­шем­ге қа­рай реттеуін, жүйе­леуін, арнайы бел­гі­леуін «тағ­дыр» дей­міз.

Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған. Қасиетті Құранның «Рағыд» сүресі, 8-ші аятында:

وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِمِقْدَارٍ

«Оның жанында әр нәрсе өлшеулі», – деп айтылған. 

«Қамар» сүресінің, 49-шы аятында:

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ

«Шын мәнінде, біз әрбір нәрсені бір өлшеумен жараттық» делінсе, «Фұрқан» сүресінің, 2-ші аятында:

وَخَلَقَ كُلَّ شَيْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْدِيرًا

«Ол (Алла) әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін (тағдырды) белгіледі» делінген.

Бұл Алла Тағаланың шексіз ілімі. Алла өткенді, қазіргіні және келешекті бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. Әлемдегі бұрын болып кеткен, қазіргі болып жатқан және болашақта болатын барлық нәрсе Алланың үкімі мен тағдырына сәйкес жүреді.

Тағдыр – барша адам баласына ортақ түсінік. Адамзат өз өміріндегі орын алған түрлі жақсы, жаман әрекеттерді тағдырдың жазуы деп біледі. Тағдыр – Алладан. Қандай жағдай болмасын Алланың тағдырына разы болуымыз керек.

Лұқман Хакім өзінің ұлына: «Мен саған Аллаға жақындататын және оның ашуынан алыстататын істі өсиет етемін: Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай құлшылық жаса, саған ұнаса да, ұнамаса да Алланың тағдырына разы бол», – деген екен.

Яғни, Алла Тағаланың жазған тағдырына разы болу – бақытты өмір сүрудің кепілі десек те болады. Алла Тағала өз разылығының бір белгісі ретінде құлының тағдырына разы болуында екендігін қасиетті Құран Кәрімде «Бәийнә» сүресінің 8-аятында былай деп білдіреді:

رضي الله عنهم ورضوا عنه

«Алла оларға разы, олар да Аллаға разы болды».

Қазақ халқында «Жазмыштан озмыш жоқ» деген өнегелі сөз бар. Бұл дегеніміз тағдырдың жазуынан асып кете алмайсың, тағдырдың басқа салғанын көресің дегенді меңзейді. Халық арасында адам баласының басына қандай да бір іс түссе, «тағдырдың жазуы» немесе «маңдайға жазылғаны сол» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп жатады. Осындай қиындық туған сәттерде тағдырға разы болып қана қоймай, сабырлық танытудың өзі – құлшылық.

Құран Кәрімде «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:

وَاللَّـهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ

«Алла сабырлыларды жақсы көреді» десе, «Зумар» сүресінің 10-аятында:

 إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Шын мәнінде, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі», – деп айтылады.

Сабыр ету арқылы адам баласының бойында мойынсұну, көну, Алланың жазған тағдырына разылық таныту қасиеттері оянады. Алла Тағала пендесіне әрбір жағдайға шүкіршілік жасауды насихат етеді. Сол арқылы Алланың разылығына бөленіп, ризығының артатынын уәде етеді. Осы ретте мына төмендегі қиссаны келтіре кетсек:

 

Қисса

Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаламен тілдескен сәттерінің бірінде оған: «Әй, Мұса! Бір пенде менің тағдырыма разы болмай жатыр. Менімен қарсыласып жатыр», – дейді. Сонда Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Сенің тағдырыңа разы болмай жатқан ол қандай адам? Мен оны көргім келеді. Маған оны көрсетші», – деп Алладан сұрайды.

Алла Тағала Мұсаға (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі адамның отырған жерін айтады. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) айтылған жерге барғанда, екі қолы мен екі аяғы жоқ адамды көреді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі адамды сыртынан біразға дейін бақылап тұрады. Бір сәтте әлгі адамның алдынан қымбат шапан киген, сұлу ат мінген бай кісі өтіп бара жатып, қолындағы қамшысын түсіріп алады. Бұйрық беріп үйренген, еңкейіп зат көтеріп көрмеген ол мүгедекке қарап, «алып бер анау қамшыны» деп бұйыра сөйлейді. Ол бейшара не қылсын, «өзің көріп тұрғандай аяқ-қолым жоқ, алып бере алмаймын», – деп жауап қатады. Сол кезде бай: «Мұндай ғаріптікпен қалайша өмір сүріп жүрсің?» – дейді. Сонда әлгі ғаріп: «Несібемді Алла жеткізіп, өмір сүріп жүрмін», – дейді. 

Әлгі бай кісі бұйрығының орындалмай қалғаны есіне түсіп, ашуланып, атынан түсіп қамшысын өзі алып, отырған ғаріптің басынан салып қалады. Кейін тағы ұрады, сөйтіп тоқтамастан шаршағанға дейін ұрады. Әлгі ғаріп не қашып та кете алмай, не қорғана алмай отыра береді. Қашуға аяғы жоқ,  қорғануға қолы жоқ күйде отырады.

Бірақ әрбір таяқ тиген сайын көмекке адам шақырып, «көмек беріңдер» деудің орнына: «Иә, Алла, тәубе еттім, түсіндім. Иә, Алла, мені кешіре гөр!» деп қайталай берген екен. Осылайша, бай адам өз жөнімен кете барады.

Мұны бақылап тұрған Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі ғаріптің жанына келіп: «Таяқ жеген адамдар айналасынан көмек сұраушы еді, сен болсаң «Кешір Алла, тәубе еттім, түсіндім» деп кешірім сұраумен болдың. Не үшін олай айттың?» – деп сұрайды. Сонда әлгі ғаріп кісі: «Оның себебін білгің келсе мені тыңда», – деп әңгімесін бастайды.

Мен осы қалпымда дүниеге келгенмін, жүрерге аяғым жоқ, ұстауға қолым жоқ. Бірде түсімде Алла Тағала маған жәннатты көрсетті. Жәннаттағы түрлі нығметтерді, оның кеңдігін, хор қыздарын, басқа да сөзбен жеткізіп айтуға келмес әдемілікті көріп: «Еее, дүниеде аз ғана сабыр етсем, осы күніме разы болсам, Алланың қалауымен жәннатқа барады екенмін», – деп, Алла Тағалаға және Оның берген тағдырына разы болдым. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Алла Тағала маған түсімде жәһаннамды (тозақты) көрсетті. Ондағы азапты, сасық иісті, жалындаған отты, азаптаушы періштелерді көрдім. Сосын маған «дүниеден өткеннен кейін тозаққа түсіп қалуым да мүмкін екен ғой» деген ой келді. 

Содан мен: «Уа, Раббым! Жәннатты жаратып дұрыс қылған екенсің, алайда тозақты бекер жаратқан екенсің. Мен осы үкіміңе риза емеспін», – дедім. Сонда Алла Тағала маған: «Жәннаттың да, тозақтың да өз иелері бар», – деді. Ал, мен: «Уа, Алла Тағала! Менің тозаққа түсіп қалуым мүмкін болса, егер тозақты жоқ етпесең, мен Саған разы емеспін», – дедім. Енді, міне, себепсізден-себепсіз таяқ жеп, зұлымдық көрген сәтте: «Уа, Аллам! Сен Хикмет иесі екенсің ғой, мынандай зұлым адамдар тозаққа түседі екен ғой, енді ғана есім кірді деп тәубе еттім», – деп түсіндірген екен ғаріп кісі.

Міне, сол таяқ жеген сәті ғаріп үшін азап болып көрінгенімен, ақыретте Алла Тағала ол кісінің ақысын алып береді. Залымдардың ісіне қарап, Алланы ғапыл деп ойламаңдар. Тағдырға разы болудың бір сыры осы. Оны ғаріп адамға хикметін сездіріп, көрсетіп қойды. Ол осылайша ғаріптігіне де, таяқ жегеніне де разы болды.

Әбу Яхия Сухайб ибн Синан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мұсылманның жайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген жайында игілік бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында игілік бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған да сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне игілік болып оралады» (Мүслим).

Дәреже тұрғысынан разылық сабыр етуден жоғары тұрады. Яғни, тағдырға разы болу – мұсылманның рухани кемелденуінің белгісі. Кейде тағдыр мәселесіне дендеп кіріп, оны басқаша түсініп жататындар да кездеседі.

Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:

إِنَّ أَحَدَكُمْ يُجْمَعُ خَلْقُهُ فِي بَطْنِ أُمِّهِ أَرْبَعِينَ يَوْمًا نُطْفَةً، ثُمَّ يَكُونُ عَلَقَةً مِثْلَ ذَلِكَ، ثُمَّ يَكُونُ مُضْغَةً مِثْلَ ذَلِكَ، ثُمَّ يُرسَلُ إِلَيهِ الْمَلَكُ فَيَنْفَخُ فِيهِ الرُّوحُ وَيُؤْمَرُ بِأَرْبَعِ كَلِمَاتٍبِكَتْبِ رِزْقَهِ وَأَجَلِهِ وعَمَلِهِ، وَشَقِيٌّ أَوْ سَعِيدٌ

«Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді: ризығын; қанша өмір сүретінін; істейтін ісін; бақытты не бақытсыз болатынын».

Кейбір адамдар осы және осыған ұқсас «әрбір пенденің тозақтағы немесе жұмақтағы орны белгілі» деген мағынадағы хадистерді оқығанда, «менің жұмақтық яки тозақтық екенім жазылып қойған болса, несіне әуре боламын? Мен жұмаққа қанша тырыссам да, тағдырымда тозақтық деп жазылған болса, соңында бәрібір тозаққа түсемін ғой. Ал егер жұмақтық деп жазылған болса, қанша күнә істесем де соңында жұмаққа кірмеймін бе?! Онда ешқандай істің қажеті жоқ қой!» – деген шайтани азғыруларға еріп жатады.

Осы жерде ескерілуі керек нәрсе – Алла Тағала пендесіне таңдау құқығын берген. Алла Тағала Өз құлдарына тозақ иелерінің немесе жұмақ  иелерінің ісін мәжбүрлеп істеткендіктен емес, керісінше, пенделердің Алла Тағала берген таңдау құқығын пайдалана отырып, қандай таңдау жасайтындығын білгендіктен, олардың тағдырын жазды.

Шындығында, Алла пенделеріне зұлымдық етпейді. Бұл пенденің таңдау және қалау еркі бар екендігін білдіреді. Сонымен бірге, «Алла осыны қалап тұр» деу ғайыптан хабары бар сияқты сөйлеу боп табылады. Ол дұрыс емес. Себебі тағдыр – Жаратушыға ғана мәлім ғайып іс. Күнә жасаушы және құлшылық етпейтін адам барлық кінәні тағдырға артып қоя салады. Құран Кәрімде: 

وَإِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً قَالُوا وَجَدْنَا عَلَيْهَا آبَاءَنَا وَاللَّـهُ أَمَرَنَا بِهَاۗ قُلْ إِنَّ اللَّـهَ لَا يَأْمُرُ بِالْفَحْشَاءِۖ أَتَقُولُونَ عَلَى اللَّـهِ مَا لَا تَعْلَمُونَ

«Имансыздар жиіркенішті іс жасаған кезде: «Аталарымызды осылай жасайтынын көрдік әрі бізге мұны Алла бұйырды», – дейді. Оларға айт: Анығында, Алла жиіркенішті іске бұйырмайды. Өздерің білмейтін нәрсені Аллаға жала етіп таңасыңдар ма?» – деп ашық ескертеді («Ағраф» сүресі, 28-аят).

Тағдыр – адам баласының ақылы танып біле алмайтын ғайып іс. Бірде тағдыр жайлы сөз таластырып отырған сахабаларын көріп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты ашулы күйде орталарына келеді. Сосын: «Сендер осыған әмір етілдіңдер ме? Әлде мен сендерге осы жайтты алып келдім бе? Ақиқатында, сендерден алдыңғы үмбеттердің түбіне тағдыр төңірегінде тартыс жетті. Мен сендерге бұл жайлы талас-тартыс жасауды үзілді-кесілді тыйым саламын», – дейді (Тирмизи).

Сахабалар бұл жағдайдан кейін тағдыр жайлы сөз таластырмайтын болды. Тіпті, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін де бұл тақырыпты қозғамаған.

Әзіреті Әлиден (Алла оған разы болсын) тағдыр жайлы сұраған кісіге: «Терең теңіз, түбіне жете алмайсың», – деп жауап береді. Екінші рет қайта сұрағанда: «Қараңғы жол, онымен жүрме», – дейді. Үшінші рет сұрағанда: «Тағдыр – Алланың сыры, оны тінтіп әуре болма», – деген екен.

Имам Тахауи тағдыр жайлы былай деп сөз қалдырған:

«Ғылым екі түрлі: бір ғылым – жұрт арасында бар ғылым. Екінші ғылым – халық арасында жоқ ғылым. Бар ғылымды мойындамау – күпірлік. Жоқ ғылымды білемін деу де – күпірлік. Бар ғылымды қабылдамайынша және жоқ ғылымда тастамайынша, адамның иманы кемелденбейді».

Әрбір пенде өз жолын өзі таңдайды. Бұл турасында Алла Тағала «Кәһф» сүресінің 29-аятында: 

فَـمَـنْ شَــــاءَ فـَلـْيـُؤْمـِنْ وَمـَنْ شَــــاءَ فـَلـْيـَكـْفــُرْ

«Кім қаласа иман келтірсін, кім қаласа күпірлік қылсын», – десе, «Инсан» сүресінің 3-аятында:

إِنّــَا هَـدَيـْنــَاهُ السـّـَبـِيـلَ إِمــَّا شَــاكــِرًا وَإِمــَّا كَـفــــــُورًا

«Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін», – деген.

Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Ең жек көретін құлың кім?» – деп сұрағанда, Алла Тағала: «Бір құлым менен қайырлысын сұрап, Мен оған қайырлы үкім бергенімде, оған разылық көрсетпеген құл», – деп жауап берген екен. 

Дегенмен тағдырға қатысты мынадай түйіндеме айтуға болады:

Біріншіден, жаратылыста иләһи тағдыр мен бағдарлама бар, ал адамда ерік пен пейіл бар.

Екіншіден, Алла Тағаланың ілімі шексіз, ол уақыт пен кеңістікке тәуелді болмағандықтан өткенді, қазіргіні және болашақта болатын барлық нәрселерді толық біледі.

Үшіншіден, біз ісімізді Алла Тағала солай жазды деп істемейміз, керісінше, Алла Тағала біздің өз қалауымызбен не істейтінімізді білгендіктен солай жазады.

Төртіншіден, Алла Тағала тағдырымызды жазатын кезде, біздің дербес қалауымызды ескереді әрі оны қалай қолданатынымызды да есепке ала отырып жазады.

Бесіншіден, егер біз қалауымызды ізгі жолда қолданатын болсақ, онда Алла Тағала өзінің мол мейірімімен бізге мына өмірде көптеген нығметтер беріп, ақыретте де жәннатты нәсіп етеді.

 

Құрметті жамағат!

Ислам ғалымдары адамның тағдырын ерікті және еріксіз тағдыр деп екіге бөледі. Адамның еркінен тыс тағдырға оның қай елде, қандай отбасыда туылуы, еркек немесе әйел болуы, қай ұлттың өкілі болуы, ауруға шалдығуы, т.б. нәрселер кіреді. Мұның барлығы адам баласы жаратылмай тұрып, Ләухул махфузда жазылып қойылған. «Ләуһул Махфуз» дегеніміз – тағдыр кітабының негізгі нұсқасы. Барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады. 

Қасиетті Құранның «Рағд» сүресі, 39-шы аятта:

يَمْحُو اللَّهُ مَا يَشَاءُ وَيُثْبِتُ ۖ وَعِندَهُ أُمُّ الْكِتَابِ

«Алла қалағанын өшіреді, қалағанын бекітеді. Негізгі кітап (Ләуһул Махфуз) Алланың құзырында» делінген.   

Жоғарыда аталған нәрселер пенденің еркінен тыс, оған таңдау берілген дүниелер болмағандықтан, пенде Алланың алдында аталмыш дүниелерге қатысты жауапқа тартылмайды. Яғни, Алла Тағала оған «не үшін қазақ немесе араб болып туылдың, не үшін қыз болып туылдың, не үшін ауруға шалдықтың» деген сұрақтар қоймайды. Өйткені бұл адамның өз еркімен таңдап алған нәрселері емес. Адам тағдырының ерікті түріне – оның иманға келу-келмеуі, Алланың бұйрықтарына бойсұнып немесе қарсы өмір сүруі, басына түскен қиыншылықтарға сабыр етуі, жақсылықтарға шүкіршілік етуі, тұрмыстық жағдайына разы болуы секілді пендеге таңдау берілген тұстары кіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Абдулла ибн Масғұдқа былай деп айтқан екен:

لَا تُكْثِرْ هَمَّكَ، مَا يُقَدَّرْ يَكُنْ، وَمَا تُرْزَقْ يَأْتِكَ

«Қатты қайғырма, тағдырыңда не тұрса, сол болады және тағдыр етілген несібең өзіңе келеді» (имам Бәйһақи).

Қазақ халқының ұғымында да адам өмірінің «тағдыры» жайында айтылған ғибратты сөздер мен мақалдар көп қалыптасқан. Мәселен, «Жазмыштан озмыш жоқ», «Маңдайға, пешенеңе жазылғанды көресің», «Тағдырға не жазылса, соны көресің», «Ажалдан бір сәтте қашып құтыла алмайсың» және т.б.

Қорыта айтқанда, тағдыр жайында пенденің білімі жете бермейтін тұстары көп. Мұсылман баласының міндеті тағдырына разы болып, Алла Тағаладан жақсылық күту және дұға ету. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Тағдырға иман әртүрлі қайғы мен қасіретті жеңілдетеді», – деген.

Алланың сүйікті құлы болу, оның разылығын алу – баршамыздың арманымыз. Олай болса, Алланың тағдырына разы болып, шүкіршілік етуіміз керек. Алла Тағала бізді тағдырына разы болған, Өзінің разылығына ие болған құлдарының қатарынан етсін! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру