Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 11.05.2023 3737 0 пікір
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه اجمعين       

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Құдай қосқан екі жас отау құрған соң, Алланың қалауымен перзент сүю бақытына ие болады. Сол перзентті қоғамға пайдасын тигізетін тұлға ретінде тәрбиелеумен қатар, Алланың ізгі құлы етіп өсіру жауапкершілігін мойындарына алады. Осы ретте ата-ананың баласының алдындағы міндеттерінің бірі – дұрыс әрі ізгі тәрбие беру. Тәрбиесіз, надан әрі залым ұрпақ бұл дүниеде әке-шешесін қарабет қылып, абыройдан жұрдай қылса, арғы дүниеде өзі мен бала-шағасына зиянын тигізетінін ескертіп, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُو اقُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَ الْحِجَارَةُ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар», – деген («Тахрим» сүресі, 6-аят).

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде:

أَلاَ كُلُّكُم رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ: فَالأَمِيرُ الَّذِي عَلَى النَّاسِ رَاعٍ عَلَيْهِم وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُمْ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ وَهُوَ مَسْئُول عَنْهُمْ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْهُمْ

«Біліп қойыңдар! Сендердің барлығың бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші (басшы) – адамдарға бақташы, ол – сол отарына жауапкер, ер кісі – өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі солардан сұралады», – деген (Әбу Дәуіт).

Халқымыздың ұғымында «Отан отбасынан басталады» деген түсінік бар. Баласына бесігінде жатқанында-ақ

Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған.

Ақын болар ма екенсің?

Не болмаса жүректі,

Күш, қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін,

Батыр болар ма екенсің? деп, кішкене періштені елге тұтқа болар зор азамат болуға баулыған. Даналардан қалған «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – атадан кері кете туады» сынды нақыл сөздер – осы айтқанымыздың айғағы.

Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мәнді нақылы бар. Демек, алдымен сол бесікті тербететін адамды, сол ұрпақты дүниеге әкелуге себепші болатын екінші жарты, яғни жұбайын жақсыдан таңдауы керек. Ер адам табиғатында түздің адамы болып жаратылған. Оған төрт қабырғаға қарап, үйде отыру жараспайды. Осы себепті бала-шағасының нәпақасын даладан табуы оның мойнындағы міндет болғандықтан, ұрпақ тәрбиесіне үлесін аз тигізері анық. Алайда, ер адам нәпақа табумен қатар, бала тәрбиесі жауапкершілігінен босатылмайтынын айта кеткен жөн.

От анасы басым көпшілік уақытын балалардың жанында өткізгендіктен, олардың бойына анасынан көптеген қасиеттер сіңеді. Осы жағдаяттарды ескерген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен өзінің бір хадисінде былай дейді:

تُنْكَحُ المَرْأَةُ لِأَرْبَعٍ: لِمَالِهَا، وَلِحَسَبِهَا، وَلِجَمَالِهَا، وَلِدِينِهَا، فَاظْفَرْ بذَاتِ الدِّين تَرِبَت يَدَاكَ

«Әйелге төрт қасиетіне қарап үйленеді: Байлығына, тегіне, сұлулығына және дініне». Осы сөзді әлдебір сахабасына айтып тұрған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен діні мен адамгершілігі жақсысына азу тісіңмен жармас, сонда екі қолың ұзарып, мақсатыңа жетесің», – деп кеңес берген.

Аталмыш хадистен ізгі жардың (ананың) бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін анық байқауға болады.

Қисса

Ханафи мәзһабының негізін қалаған аты әлемге әйгілі Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің өмірінен біздер үшін сабақ болатын мынадай бір өнегелі қисса бар.

Сәбит жастайынан иманын сақтаған, өте тақуа адам екен. Бірде арық бойында жуынып жатып, ағып келе жатқан алманы ұстап алады. Қызарып піскен алмаға қызығып, бірден жей бастайды. Сәлден соң «Бұл жемістің иесі бар шығар? Оның рұқсатын алмағаным қалай?» – деген ой келеді. Сөйтіп, алманың иесін іздеп, арық бойымен өрлеп келе жатып, бір баққа тап болады. Оның иесін іздеп тауып, алманы рұқсатсыз жегені үшін кешірім сұрайды. Бақ иесі де жай адам болмаса керек, Сәбитті сынап көру үшін: «Кешірім бере алмаймын. Қайткенде де разылығымды аламын десең, үш жыл менің үйімде қызмет етесің, арғысын тағы көрерміз», – дейді. Үш жыл қызмет еткеннен кейін Сәбит үйіне қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда бағбан: «Енді бір шартымды орындасаң, разылығымды беремін», – дейді. Сәбит бұған да келіседі. Бағбан оған: «Менің көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, қол-аяғы сал әрі мылқау қызым бар. Соған үйленесің», – деп шарт қояды. Сөйтіп, Сәбит пен бағбан қызының некесі қиылыпты. Бірақ қыз әкесі айтқандай емес, сап-сау әрі көрікті болып шығады. Сәбит қыздың әкесіне барып, мұның сырын сұрағанда: «Қызым ұят нәрселерге қарамайды, сондықтан соқыр дедім. Ұят, балағат әңгімелерді, өсек сөзді тыңдамайды, сондықтан керең дедім. Тыйым салынғанға қол созбайды, лас жерге бармайды, сондықтан да қол-аяғы сал дедім. Жаман сөз айтпайды, сондықтан мылқау дедім. Сен маған бір көргеннен-ақ ұнасаң да, үш жыл сынадым. Сенің адалдығыңа көз жеткізгеннен кейін, қызым екеуіңді бір-біріңе лайық көрдім», – деп жауап беріпті. Міне, осындай жандардың некесінен Әбу Ханифа секілді ұлы тұлға, әлемге мәшһүр ғалым дүниеге келген екен.

Қасиетті Құранда Алла Тағала:

وَاعْلَمُواْ أَنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْ لاَ دُكُم فِتْنَةٌ وَ أَنَّ اللّهَ عِندَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ 

«Біліп қойыңдар, мал-дүниелерің мен бала-шағаларың сендер үшін сынақ. Негізінде зор сыйлық Алланың қасында», – деп ескертеді («Әнфал» сүресі, 28-аят)

Адамның дүние-мүлкі, жанұясы – үлкен сынақ. Өйткені, Алла Тағала жанұямыздың шариғат шеңберін қаншалықты сақтайтынымыз жайында бізден есеп алады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде былай деген:

كُلُّ مَوْلُوْدٍ يُوْلَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ، فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ أَوْيُمَجِّسَانِهِ أَوْ يُنَصِّرَانِهِ

«Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста», яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди қылады, не христиан қылады, не отқа табынушы қылады» (Бұхари).

Қисса

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мынау менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», – деп шағымданады. Омар балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» – деп ұрсады. Бала еш қаймықпастан: «Халифам, сіздің айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал, баланың ата-анасында ешқандай ақысы жоқ па?» – деп сұрайды. Омар: «Иә, ата-ананың мойнында баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда, оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде, оған Алланың кітабы Құранды үйрету қажет», – деп санамалап береді. Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базардан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден, Құраннан бір әріп те үйретпеді», – деп өз уәжін айтады. Омар баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Енді амал жоқ. Бар жолыңды тап», – деп шығарып салады.

Қазіргі таңда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып, психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Бала – әке мен ананың көлеңкесі екенін ұмытпау керек. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көрсетіп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ, айқай-шу, төбелес, сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал. Көп жағдайда ата-аналар баласының бойынан табылған кейбір келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өздерінің сол қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен сәбилерінің неліктен сондай болып шыққанына кейін қайран қалады. Атақты имам Ғазали осы турасында мынадай құнды пікір қалдырған екен: «Баланың тәрбиесі ата-ананың алдында таза парақ секілді, қалаған нәрсеңді жаза аласың».

Тақырыптың тұздығы ретінде тағы әйгілі Әбу Ханифаның бала тәрбиесіне қатысты мына оқиғасын айтып өтсек. Шариғат ілімінің негізін салушы, төл мәзһабымыздың жетекшісі болған Имам Ағзам Әбу Ханифаның бүкіл ғұмыры исі мұсылманға игі өнеге десе болғандай.

Қисса

Бірде Әбу Ханифаға баласын ертіп бір әйел келеді. Ол имамға баласының бір жағымсыз әдеті туралы шағым айтады. Айтуынша оның ұлы тәттіге (балға) өте құмар екен. Сол әдеттен, яғни құмарлығының салдарынан тістері ауырып, түсуге айналыпты. Жанашыр ана Әбу Ханифадан осының амалын сұрай келген. Әйелдің әңгімесін естіген Әбу Ханифа аз-кем ойланып отырады. Сосын: «Сіз балаңызбен бірге қырық күннен кейін қайтып келіңіз», – дейді.

Арада қырық күн өткен соң әлгі әйел баласын ертіп ұлы ғұламаға қайта оралады. Шариғат білгірінен баяғы мәселенің жауабын сұрайды. Сонда Әбу Ханифа балаға қарап: «Ей, ұлым! Тәттіні көп жеме. Шынында тәттіні көп жесең, тісің ауыратын болады, басқа денсаулығыңа да зияны тиеді. Анаңды тыңда. Тәттіні көп жеме», – дейді.

Баланың анасы тағы бірдеңе айтар деген үмітпен ғалымның жүзіне қарайды. Бірақ ғалым барлық жауабым осы дегендей ишарат жасайды. Сонда баланың анасы: «Уа, мұсылмандардың имамы! Мен сізден нақты ақыл күткен едім. Қырық күн күттіріп қойғанда бар айтқан жауабыңыз осы ма сонда? Олай болса бұл жауабыңызды сол кезде айта салмадыңыз ба?» – деп ренішін білдіреді. Сонда Әбу Ханифа: «Уа, дін қарындасым! Сіз маған алғаш келгеніңізде өзім де тәттіні көп жейтін едім. Сондықтан да ол кезде балаға ақыл айта алмадым. Өзім тәттіні көп жеп тұрып, басқаға жеме десем, менікі нағыз екіжүзділік, жалғандық болар еді. Ондай сөзімнің балаға да әсері болмас еді. Сондықтан осы бала үшін өзім тәтті жеуді қырық күн доғардым. Сөйтіп барып балаңызға кеңес айттым», – деген екен.

Әрине, барлығымыз да балаларымыздың  әдепті болғанын, үлгілі  жүргенін қалаймыз. Сол үшін де үнемі тәртібін қадағалап, тәрбиелеп отыруға әрекет етеміз. Бірақ біздің бұл бағыттағы әрекеттеріміздің көбісі «кінәліні» жазалаудан ары аспай жатады. Жөнсіз қылығын байқай қалсақ, бас салып ұрысып немесе сотқарлығына сай «сыйлық» беріп жатамыз. Бірақ, баланы «таяқпен» тәрбиелеу – оның болмысының қалыптасуына кері әсер тигізері анық.

Осы орайда тәрбиелі әрі ізгі ұрпақ өсіру жолында назар аудару керек болатын мынадай бірнеше себептер мен жеңіл тәрбие беру әдістері туралы ұсынбақпыз.

 

Бірінші, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу – Алланың алдындағы мәртебені өсіреді

Ата-ана ең әуелі балаға жақсы білім беріп, Алланы таныту керек. Сахаба хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Баланың ең үлкен дұшпаны кім десеңдер? Оған Алланы танытпаған, бұл дүниеде мәңгі өмір сүретіндей тәрбиелеген әке-шешесі», – деп айтқан екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаға ең алдымен Жаратушысын танытуды өсиет етіп былай айтқан:

اِفْتَحُوا عَلَى صِبْيَانِكُمْ أَوَّل كَلِمَةٍ بِلا إِلَهَ إِلَّا اللهُ وَلَقِّنُوهُمْ عِنْدَ المَوْتِ لَا إِلَهَ إِلَّا الله

«Перзенттеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» бастаңдар және өлер кезінде «Лә иләһә иллалланы» айту керектігін үйретіңдер», – деген.

Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне көп сүйену керек.

Сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп өсиет еткен:

إِذَا مَاتَ ابنُ آدم انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثٍ: صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ، أوعِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْوَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Адам баласы дүние салғанда оның үш нәрсесінен басқасы тоқтайды. Алайда үзілмейтін садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе, мешіт т.б. салса) немесе пайда келтіретін білімі немесе салиқалы ұрпағының жасаған дұғасы тоқтамайды» (Мүслим).

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадисінде бала тәрбиесіне қатысты мынадай кеңес береді:

مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَلْيُحْسِنْ اِسْمَهُ وَأَدَبَهُ فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ.

«Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсы етіп қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса), оның күнәсі әкесіне».

Егер ата-ана перзентін нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы қияметте жәннат қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе, мен де кірмеймін», – деп, ата-анасына ақыретте өлшеусіз сый жасайтын болмақ. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар.

Бірде қажылық кезінде бір әйел Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолындағы нәрестесін көрсетіп: «Мынаған да қажылық жазыла ма?» – деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, ол үшін саған да үлкен сауап бар», – деп жауап берген.

 

Екінші, кез келген істе рұқсат сұрауға үйрету

Бала ата-анасының жатын бөлмесіне рұқсат сұрап кіруі керек. Бұл туралы Алла Тағала былай бұйырады:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لِيَسْتَأْذِنْكُمُ الَّذِينَ مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ وَالَّذِينَ لَمْ يَبْلُغُوا الْحُلُمَ مِنْكُمْ ثَلاثَ مَرَّاتٍ مِنْ قَبْلِ صَلاةِ الْفَجْرِ وَحِينَ تَضَعُونَ ثِيَابَكُمْ مِنَ الظَّهِيرَةِ وَمِنْ بَعْدِ صَلاةِ الْعِشَاءِ ثَلاثُ عَوْرَاتٍ لَكُمْ لَيْسَ عَلَيْكُمْ وَلا عَلَيْهِمْ جُنَاحٌ بَعْدَهُنَّ طَوَّافُونَ عَلَيْكُمْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمُ الآيَاتِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ (٥٨)وَإِذَا بَلَغَ الأطْفَالُ مِنْكُمُ الْحُلُمَ فَلْيَسْتَأْذِنُوا كَمَا اسْتَأْذَنَ الَّذِينَ مِنْ قَبْلِهِمْ كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Уа, иман келтіргендер! Сендердің қол астыңдағылар және балиғат жасына жетпеген балалар сендерден үш жағдайда рұқсат сұрасын: таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен кездеріңде және құптан намазынан кейін. Осы үш уақыт сендер үшін ұятты. Осы уақыттан басқа кездері рұқсатсыз кіруге сендерге де, оларға да еш айып жоқ, өйткені бір-бірлеріңе араласып жүресіңдер. Алла белгілерді сендерге осылайша баяндайды. Расында, Алла бәрін Білуші әрі аса Дана. Ал сендердің балаларың балиғат жасына толған кезде, өздерінен бұрынғылардың рұқсат сұрағандарындай рұқсат сұрап кіретін болсын. Алла Өз белгілерін сендерге осылайша баяндайды. Расында, Алла бәрін Білуші әрі аса Дана» («Нұр» сүресі, 58-59-аяттар).

Сонымен қатар, бала басқа да істерде ата-ананың рұқсатын алуы керек.

 

Үшінші, балаға мейірімділік таныту

Алла Тағаланың адамзатқа түсірген ең соңғы елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күллі жаратылысқа әрбір істе көркем үлгі бола білді. Дәл Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сияқты балажан, мейірбан адам болған емес.

Сахих хадистер жинақтарында Әбу Қатададан жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Зейнептің қызы Умәмәны көтеріп тұрып намаз оқыған. Сәждеге барғанда жерге қойып, тұрғанда қайтадан иығына салған.

Мүслим риуаят еткен хадисте сахабалар Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ойнап жатқан балаларға сәлем беретіндігі туралы айтылады.

Тағы бір сахаба Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын): «Мен Алланың елшісіне сегіз жасымнан бастап қызмет еттім. Ол мені бүлдірген нәрсем үшін ешқашан айыптаған емес», – дейді (Бәйһақи).

 

Төртінші, балаға мамандық таңдауда дұрыс бағдар беріп, адамзатқа пайдалы білімге бағыттау

Ата-ананың баласын тек би, патша боласың, жоғарғы лауазымды тұлға, сот, заңгер, есепші боласың деп материалдық қажеттілікті алғышарт ретінде көрсетіп тәрбиелеуі – олардың үлкен қателігі.

Хакім Абайдың:

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, деп айтуының астарында үлкен даналық жатыр.

 

Бесінші, дұрыс орта, сырлас дос табуға жәрдемдесу

Алғашқы кезеңде бала айналасындағы адамдарға еліктейді. Ал, 5-7 жастан бастап, жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол», – деп халқымыз тегін айтпаған. Достары мен араласатын ортаның бала өміріне әсері өте зор.

Қисса

Көне кітаптарда әке мен қызы туралы ой саларлық бір әңгіме баяндалады. Қыз ес білгелі әке шаңырағында өнеге көріп өседі. Әкесі қызының бойына бар ізгілікті сіңіреді. Әлі ойын баласы кезінде көршінің қызымен ойнауға барады. Әкесі мұнысын жақтырмайтын. Себебі, көрші төңірекке жаман аты шыққан кісі еді. Қызы: «Әке, мен ол қызбен тек ойнаймын. Ол сияқты өтірік сөйлемеймін. Сіздің әр кез шыншыл бол деген сөзіңіз жадымда», – деп ақталады. Сонда әкесі қызынан қора жанындағы көмір тасты алып келуді сұрайды. Әкесіне көмір тасты ұсынғанда: «Қызым, қолыңа қарашы! Көмірдің күйесі қолыңа жұғып қалыпты. Міне, осылайша жаман жолдастың жүріс-тұрысы адам бойына жұғады» – деп, өмірлік тәлім берген екен.

Перзентімізге қалай сөйлеуді және қалай киінуді үйретуден бастап, көпшілік орында өзін ұстауға дейін тәлім беру – ата-аналық парызымыз. «Ұят – ер азаматтың бойында болса жақсы, ал қыз баласында болса өте жақсы» деп текке жазылмаған. Өйткені ер жігіттің оғаш әрекеті ерсі көрінгенімен, қыздың титтей ұятты қылығы сияқты сынға ұшырамайды. 

 

Құрметті жамағат!

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік жағдай мен экономикалық табысты ескерер болсақ, кейбір ата-аналар таңнан кешке дейін жұмыста, тіпті кейбірі екі жерде жұмыс істейді. Осындай сәтте бала тәрбиесіне уақыттың болмауын алға тартуы мүмкін. Алайда мұны ұрпақ тәрбиесіне салғырттық жасауға негізгі себеп етіп сылтаурату дұрыс емес. Ата-баба тарихына көз жүгіртсек, небір аумалы-төкпелі, қиын-қыстау замандар мен кезеңдерді бастан кешіргенін білеміз. Ол заманда да ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалған жоқ. Иманды, ұлтжанды, білімді, батыр әрі ақыл-парасаты мол ұлт тұлғалары дүниеге келді.

Баланың тәрбиесі мен білімін балабақша мен мектептегі ұстазға тапсыра салмай, ең алғашқы әрекетті ата-ана жауапкершілікпен өз тарапынан қолға алу керек екенін түсіну керек.

Әрине, бала тәрбиесінің сан-қырлы жолдары көп. Айталық, балаға мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау. Ата-ана кез келген жағдайда өзін-өзі ұстай білу, сабырлы болып, үлгі көрсету. Әсіресе, ата-ана балаға жалған сөйлемегені жөн. Қандай жағдайда да ата-ананың баласына өтірік айтпауы қажет. Бұл туралы мынадай хадис бар. Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) былай дейді:

«Бір күні үйімізде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отырғанда анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», – деп мені шақырып алды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған не бермекші едің?» – деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», – деді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ештеңе бермегеніңде саған бір өтірік жазылар еді», – деді (Әбу Дәуіт).

Сонымен қатар ата-ана әрдайым өз перзенттері үшін игі дұғада болу. Олардың тәрбиелі, салиқалы болуы ата-анасының дұғасына тікелей қатысты. Бұл жайында Құранда мысалдар көп. «Фұрқан» сүресінің, 74-ші аятында:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا

«Сондай-ақ олар: Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің. Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» – деп дұға жасайтын кісілердің мысалын баяндайды.

Сондай-ақ қасиетті Құранда Ибраһим (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбардың да мынадай дұғасы бар:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَ مِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَ تَقَبَّلْ دُعَاءِ

«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымды намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз, дұғамды қабыл ала гөр!»

Алла Тағала баршамыздың шаңырағымыздағы ұл-қыздарымызды тура жолда тәрбиелеуге күш-қуат берсін! Оларға ізгі тәрбие беру жолында жәрдемдесетін бізге ізгі жұбайлар нәсіп етсін. Салиқалы жандардан болуымызға өздерімізге тақуалық, білім және сабыр берсін деп сұраймыз! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру