Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛАРЫНЫҢ ДІНДЕГІ РӨЛІ ЖӘНЕ ҮЛЕСІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 05.05.2023 3295 0 пікір
ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛАРЫНЫҢ ДІНДЕГІ РӨЛІ ЖӘНЕ ҮЛЕСІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه اجمعين              

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дініміз Исламда өзгелерге білім үйретіп, сауатын ашу, ағартушылықпен айналысудың маңызы өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 9-аятында:

هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ 

«Білгендер мен білмегендер тең бола ма – деп айтқан.  

Ислам дінінде ағартушылыққа үлкен маңыз берілгендігін орта ғасырларда мұсылман елдерінде философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салаларының қауырт дамығанынан аңғаруға болады. Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Игүнекидің, Баласағұнның және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақ жеріндегі Отырарда дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі ғылымның әр саласына қатысты 150-ге жуық ірі еңбектер жазды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде қоғамға ізгілік нұрын сепкен ғалымдарды пайғамбарлардың мирасқорлары деп атап:

وإنَّ العُلَمَاءَ وَرَثَةُ الأَنْبِياءِ ، وإنَّ الْأَنْبِياءَ لَم يُوَرِّثُوا دينَارًا ولا دِرْهَمًا ، ورَّثُوا الْعِلمَ فَمَنْ أخَذَهُ أخَذَ بِحَظٍّ وَافِرٍ

«Шын мәнінде ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхамді де мұра ретінде қалдырмады. Олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені», – деген.

Жалпы ағартушы деп – халықтың сауатын ашу, білім беріп, оқу, ағарту ісімен шұғылданатын адамды айтатын болсақ, біздің қазақ халқында да терең білімді, имандылықты өмірінің басты ұстанымы еткен, ағартушылықпен айналысып, артында өшпес мұра қалдырған тұлғаларымыз аз болмаған.

Бүгінгі жұма уағызымызда халқымызға қызмет етіп, олардың ғылыми, рухани дамуына үлкен үлес қосқан кейбір ағартушы ғұламаларымызға жеке-жеке тоқталып өтетін боламыз.

 

Бірінші: Абай Құнанбаұлы

Абай Құнанбаев (1845-1904) – ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, аудармашы, қазақтың бас ақыны. Абай он жасқа келгенде, әкесі Құнанбай оны Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған-ды. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай Семей қаласындағы «Приходской школге» түсіп орысша да оқи бастаған. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады. Ахмет Риза медресесі – ХІХ ғасырда Семей қаласында орналасқан Ислами дәстүрлік оқу орны болған. Онда жастарға адами, рухани және табиғи пәндер бойынша дәрістер оқылған.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының «Қайтқанда» дейтін тараумен басталуының да өзіндік мағынасы бар. Өйткені роман осы тараумен басталу арқылы жазушы Абайдың данышпандығына, ақындығына ең бірінші жігер берген медреседе алған имандылық тәрбиесі екендігін айтқысы келген.  Шынымен де Хакімнің шығармашылығын оқып отырып, өлеңдері мен қара сөздерінде көптеген қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін жұмыр әрі жұмсақ түрде, қазақ халқына түсінікті ұғымда жеткізгендігін байқауымызға болады.

Мысалы:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті, – дейтін өлеңде Абай хакім Жаратушының адамзатты махаббатпен жаратқандығын және адамдар да Алла Тағаланы барлығынан артық жақсы көруі керектігін айтқан. Өйткені, қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 165-аятында:

وَالَّذِينَ آمَنُوا أَشَدُّ حُبًّا لِلَّهِ

«Ал мүминдер, Алланы (барлығынан) артық жақсы көреді», – делінеді.

Тағы бір өлеңінде:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөзі айырылмас, – деп «рас» сөзін үш мәрте қайталап айту арқылы Алла Тағаланың әрі Оның кітабының еш күмән келтіруге болмайтын ақиқат екендігін білдірген. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

أَنْتَ الْحَقُّ وَقَوْلُكَ الْحَقُّ

«(Уа, Аллам!) Сен ақиқатсың, Сенің сөзің де ақиқат», – деп айтқан.

Ақын шығармашылығында дінімізде айтылған жақсы қасиеттерге, көркем мінезге шақырып, жаман мінез құлықтан сақтандырған. Әсіресе, мақтаншақтық, көзбаяушылық сияқты істерден бек сақ болу керектігін жазып, ақыреттік жазасының да ауыр екендігін ескертеді. Мысалы, отыз бесінші қара сөзінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) риякерлік жайындағы хадисін былай деп жазған: «Махшарға барғанда Құдай Тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай Тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді. Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарп қылдыңдар?» – деп. Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарп қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді.

 

Екінші: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы. Ол бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы, 24 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Құдайберді қайтыс болған соң, Абайдың тәрбиесінде болады. Өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін игереді. Абай қайтыс болған соң, ақын аға өсиетімен қажылық сапарға барып, Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысады.

Шәкәрім қажы өз шығармаларында адамның кемелденіп, рухани дамуының негізі ретінде имандылық жолын ұсынады.

Мысалы, ақынның «Үш анық» атты еңбегі ұждан мәселесін талдауға арналған. Сол кітапта: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – мұсылман жолы», – дейді.

Ал «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін Алла Тағалаға иман келтіру ұғымынан бастап: «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, Онан басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бәрінің шындығына анық ықыласпенен нанбақ», – деп жазады. Ойшылдың бұл еңбекті жазудағы мақсаты жұртының Исламды дұрыс түсініп және дұрыс бағыт алуын мұрат тұтқан. Бұл еңбекті ана тілімізде жаза отырып, ұлтымыздың дүниетанымына сай дін құндылықтарын түсіндіре білген. Ақынның көптеген өлеңдерінде иманның адам бойында жақсы сипаттар қалыптастыратындығы, имансыздық жаман істерге бастайтындығы айтылады. Мысалы, ақын:

Адамның ең асылы

Қиянатсыз ақ бейіл.

Ең зиянкес жасығы,

Тайғақ мінез екі тіл.

Сөз, мінезі құбылса,

Ар, иманы жоқ деп біл.

Аулақта жемтік сыпырса,

Оны ойыңмен айуан қыл, – дейді.

Сонымен қатар ақын бабамыз дінді бұзып, оның құндылықтарын бұрмалағандарды қатты сынаған. Сондай бір өлеңінде:

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

Інжіл, Құран – бəрі айтып тұрса дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін үйтіп дұшпан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар, – деп айтқан ой толғамдары қазіргі күнімізде де өте үлкен әрі маңызды мәселе. Себебі, асыл дініміз ешуақытта бөлінуге шақырмайды. Керісінше бірлікке, бауырмалдыққа шақырады. Ал жік-жікке бөліну Алла Тағаланың кітабын дұрыс түсіне алмай, оны бұрмалаушылардың себебінен орын алуда.

 

Үшінші: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. «Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» деп ақынның өзі айтқандай, 5 жасынан бастап-ақ молдадан хат таныған.  Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады.

Одан соң ислам ғылымының нәрін шашқан «Көкiлташ» медресесінде білім алған. «Көкiлташ» медресесі қазақ даласындағы көптеген азаматтардың діни сауат ашуына айтарлықтай үлес қосқан оқу орны. Мәшһүр бабамыз осы медресені аяқтағаннан кейін бірнеше жыл бала оқытумен айналысады. Мәшһүр-Жүсіп бабамыз шығармашылығында имандылық, пайғамбарлар қиссасы, ақырет, рух, нәпсі және де басқа да тақырыптарды қозғайды. Ақынның артында қалдырған шығармалары 13 томдық жинақ болып жарық көрді. Дін туралы Мәшһүр Жүсіп «Шайтанның саудасы», «Соқыр, саңырау және жалаңаш», «Жарты нан хикаясы», «Мәшһүрдің 46 жасында сөйлегені» сияқты т.б. үгіт өлеңдер жазды.

Ғұлама өзінің Алла Тағалаға деген сенімі турасында: «...Мен Құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге – «Құлақпен естіген танық, көзбен көрген – анық». Көзім көрмей нанбаймын», – дейді. Сондықтан көпшілікті де имандылыққа шақырып:

Сөйледім қадіри хал білгенімше,

Қылайық хаққа тәубә өлгенімше.

Тілеңіз жалғыз хақтан жарылқасын,

Көңілі жер қойнына кіргенімше, – деп жазады. 

 

Қисса

Мәшһүр Жүсіп дүниеге келген қыста 1861 жылы Баянауылда қыс қатты, жыл ауыр болып, ел жұтап қалады. Ел аузында «Тауықтың жұты» аталған қиындықтан Көпей сопы бір ат, бір сиырдан басқа малынан түгел айырылып, Қызылтаудан көшіп, Баянауылға келіп орнығады. Мақсаты «Адамға мал, дүние жолдас емес, ғылым жолдас екен. Бейнетпен жинаған көп малдан не пайда, қандай рахат көрдім? Баянауыл мешіт, медреселі жер ғой, Мәшһүрді тілі шығып, оқуға әлі келетін күн болса, оқытайын» деген оймен көшіп келеді.

Мәшһүр Жүсіп беске толғанда Баянауыл қаласындағы Нәжімеддин хазіретке баласын оқытпақшы болып, торы атына Мәшһүрді мінгестіріп діттеген жерге жетеді. Молданың үйіне жақын жерге орналастырып: «Сен осы үйде қаласың, жатып оқисың!» – деп қалдырып, атына мініп келген жолымен ақырын басып көшенің соңына жете бергенде артына бұрылса, дауысын шығара жылауға бата алмастан, жүгіріп келе жатқан баласын көреді.

Бес жасар жалғызын іштей қимаса да «Үйде өскен бұзау өгіз болмас» деген шешіммен «Кейін қайт! Қал! Оқы! Сені оқысын деп қалдырдым!» – деп бишікпен бір-екі жасқай ұрып, кейін қарай қорқытып айдайды.

Баласының адам болуын қалаған Көпей сопы жүрегі езіліп, жаны ашып тұрса да бес жасар Жүсіпті медресеге дейін қайта қуалап барады. Келсе, қақпа жабылып қалған екен. Аттың астына тапталып қалудан қорыққан бала  Мәшһүр қақпаның астынан еңбектеп кіреді.

Мінекей, кезінде Қамар хазіреттің медресесінде күзетші болып орналасып, соның ақысына баласына білім алып берген Көпей қарттың бейнеті қазақтың маңдайына біткен Мәшһүр Жүсіптей ұлымен ақталды. Сонымен қатар жанкештілікпен оқытқан бір баласының білімі қазаққа талай жылдық азық болғанын, әлі де сезбесе керекті.

 

Қадірменді жамағат!

Ағартушы бабаларымыз көпшіліктің сауатын арттыруды, рухани тәрбиелеуді өз өмірлерінің төл уазипасы етті. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِنَ الشِّعْرِ حِكْمَةً‏

«Расында өлеңде даналық бар», – деп айтқанындай өз шығармашылықтарында, өлең жолдары арқылы, имандылықты насихаттады.

Бұқар жырау бабамыздың: «Діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?» – деп, айтқанындай олардың әр қайсы дініміздің құндылықтарын айтып қана қоймай, іс-жүзінде де жүзеге асырды.

Сондықтан әр замандағы ойшылдар мен ағартушылардың асыл дінімізге қосқан үлесі орасан зор екендігін талай тарих беттерінен айтуға болады. Қай замандағы болмасын даналарды алып қарасақ, қазақ ауыз және жазба әдебиетінде дінді жырлап, Алласын ұлықтап, қалам тербемеген тұлға жоқ.

Мұсылмандықты барлық жағынан шырқау шыңына жеткізіп жырлаған ақын-жырауларымыздың өлең шумақтарының мәніне үңілер болсақ, рухани азық болар көп дүниені табарымыз анық. Сол бабалар мұрасы асыл дініміздің қағидаттарын жырға қосып, бүгінгі ұрпаққа өлшеусіз мол мұра қалдырды.

Зар заман ақындары да, қазақ жазба әдебиетінің алғашқы өкілдері асыл дініміздің аясында қазақ халқын білімге, оянуға жетелеп, шариғат асылдарын өлең-жырларына арқау етті. Мысалға, атақты Шортанбай бабамыз:

Ақиретте жалған жоқ,

Таразысы басқа бір бөлек...

Өлшеулі күнің жеткен соң,

Бұйрық дәмің біткен соң,

Төстіктей қазған бір жерге.

Қырыңнан кіріп сыйғаның...

Сираттың желі соққанда,

Ораза-намаз панаң-ды,

Тіршілікте есіңе ал,

Өлгенде жанға пайданы, – деп, бұл дүниенің уақытша ғұмыр екендігін, өткінші жалған екендігін ескертіп, үгіт қылады.

Сыр бойының тумасы Қабан ақын болса «Азырақ сөз сөйлейін ауызға алып» өлеңінде Алла Тағаланың шеберлігін дәріптейді. Он сегіз мың ғаламды жоқтан бар еткен Жаратушы сол ғаламда бір-біріне ұқсамайтын жан-жануар мен жәндікті шексіз құдіретімен, асқан шеберлігімен жаратқандығын айта келіп, сондай-ақ тілі мен ақылы бар адамзат қана емес, Алла Тағаланы жан-жәндіктің бәрі де еске алып, пәктеп, ұлықтайтынын айтып, Құрандағы:

تُسَبِّحُ لَهُ السَّمَاوَاتُ السَّبْعُ وَالأرْضُ وَمَنْ فِيهِنَّ وَإِنْ مِنْ شَيْءٍ إِلا يُسَبِّحُ بِحَمْدِهِ وَلَكِنْ لا تَفْقَهُونَ تَسْبِيحَهُمْ إِنَّهُ كَانَ حَلِيمًا غَفُورًا

«Жеті қабат аспан мен жер және ондағы күллі жаратылыс атаулы Алланы кемшілік атаулыдан пәктейді. Оны мадақтамайтын әрі ұлықтамайтын бірде-бір жаратылыс жоқ. Алайда сендер олардың айтқан мадағын түсіне алмайсыңдар» («Исра» сүресі, 44-аят) деп келген аятты өз жырына қосып, былайша толғайды:

Қисапсыз құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей,

Аллаға жалбарынар зікір салып.

Мақұлық жан-жануар, шаяны бар,

Болғанда бірі – семіз, біреуі арық,

Біреуіне біреуін ұқсатпастан,

Тәфәуітімен жаратқан жаббар халиқ.

Шал ақынның жырларына да назар салсақ, Ислам шарттарын, о дүние мен бұл дүниені байланыстырып, өз замандастарына қарата былайша насихат айтады:

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы Алланы ойыңа алсаң.

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң.

Бұл дүниеден өткен соң,

Шын дүниеге жеткен соң..

Көтеріп көрге салған соң,

Көр қараңғы болған соң,

Кімнің жақсы-жаманын,

Бір жаратқан хақ білер.

Бабаларымыздың әр жырындағы жолдарға мән беріп қарайтын болсақ, ең әуелгі түп мағына ретінде Алла Тағаланың кәләмін негізге алғандығын көреміз. Бұл дегеніміз бабаларымыздың асыл дінімізді қаншалықты терең түсініп әрі оны өмірлерінде шынайы жүзеге асырғандығын анық байқатады.

Ендеше, тарих мойындаған ата-бабаларымыздың еңбектерін талдау, зерттеу, білу арқылы біз дәстүрлі дінімізді танимыз, көкжиегімізді кеңейтеміз. Сондықтан да олардың өшпес мұрасы біздің жоғалмас жауһарларымызға айналуы тиіс.

Алла Тағала бізді дініміз бен дәстүрімізді қадірлеп, бабаларымыздың сара жолын жалғастырар ұрпақтардан болуымызды нәсіп етсін! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру