Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін атынан сөйлеудің жауапкершілігі

29.10.2019 3992 0 пікір
Дін атынан сөйлеудің жауапкершілігі

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мұхаммадке, жанұясына, сүйікті сахабаларына және оларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Жаратушы Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болғай! 

Дін атынан сөйлеудің жауапкершілігі жайлы жазардан бұрын, алдымен ислам дінінің білімге және ілімді көтеріп жүруші ғалым-ғұламаларға қаншалықты мән бергенін ұғынуымыз қажет.

Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің әрі ғалымның артықшылығы жайлы былай деген:

شَهِدَ اللَّهُ أَنَّهُ لَا إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ وَالْمَلَائِكَةُ وَأُولُو الْعِلْمِ قَائِمًا بِالْقِسْطِ

«Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып (осынау ақиқатқа куәлік етті)» . Назар аударатын болсақ, бұл аятта Алла Тағала алдымен өзін, кейіннен періштелерді, содан соң ілім иелерін ерекше атап отыр. Осының өзі білімнің нендей артықшылыққа ие екендігіне айқын дәлел.

Сонымен қатар Алла Тағала ілім иелерінің дәрежесіне қатысты былай деп айтқан:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ

«Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселейді» .

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала ғалымдардың дәрежесін иман келтірген пенделердің деңгейінен жеті жүз есе артық етіп берген. Ал екі дәреженің арақашықтығы бес жүз жыл» . Бұл жөнінде Жаратушы Иеміз былай деген:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

«Білітендір мен білмейтіндердің терезесі тең бе?»-деп айт» .

Ал енді білімнің артықшылығы жайлы баяндалған Алла Елшісінің (ﷺ) хадистеріне тоқталар болсақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жөнінде былай деген:   

مَنْ يُرِدِ اللَّهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ فِي الدِّينِ وَيُلْهِمْهُ رُشْدَهُ

«Кімге Алла Тағала жақсылық қаласа, дінді түсіне білетін қабілет береді және оны Өзінің тура жолына нұсқайды» .

Әбу Дарда (р.а.) риуаят еткен басқа хадисте Алла Елшісі (ﷺ) былай деген:

إِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ الْأَنْبِيَاءِ

«Расында ғалымдар, пайғамбарлардың мирасқорлары» .

Пайғамбарлардың дәрежесінен асқан ұлық дәреже жоқ және осынау дәрежені иеленіп отырған пайғамбарлардың мирасқоры болудан асқан мәртебе жоқ.

Сонымен қатар Әбу Дарда (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:

لَيَسْتَغْفِرُ لِلْعَالِمِ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ

«Аспандағылар мен жердегілердің барлығы ғалымға күнәләрының кешірілуін тілеп, истиғфар жасайды» . Ілім иесі өзінің міндеттерімен шұғылданып жатқан уақытта, аспандағы және жердегі періштелер мен жаратылыстардың барлығы оған истиғфар жасағаннан артық қандай мәртебе болуы мүмкін?!

 Пайғамбарымыз (ﷺ) келесі басқа хадисте былай деген:

خَصْلَتَانِ لا تَجْتَمِعَانِ فِي مُنَافِقٍ حُسْنُ سَمْتٍ وَفِقْهٌ فِي الدِّينِ ."

«Мұнафиқ адамда болмайтын екі сипат ол: көркем мінезділік және діндегі терең түсінік» . Хадистегі діндегі терең түсінік сөзінің мағынасы, ақырғы мәңгі дүниенің, алдамшы бұл дүниеден абзал екенін терең ұғыну. Егер ілім иесіндегі осы түсінік шынымен басым болатын болса, онда ол сол арқылы екіжүзділіктен ада болады.

Жоғарда келтірілген аяттар мен хадистерден байқағанымыздай. Ислам діні білім мен ғылымның өзін және сол ілімді жауапкершілікпен көтеріп жүретін ғалым-ғұламаларды ерекше қастерлеп бағалаған. Олай болса, исламдағы бұл екі қасиетті ұғымға ат-үстірт қарауға әсте болмайды. Өйткені адалдықты ту еткен осынау білім иелері, Алла Тағала тарапынан пайғамбарларға берілген аса ұлы аманатты өзгертусіз, бұрмалаусыз қаз-қалпында сіздер мен бізге жеткізуде.

Дін атынан сөйлеудің қауыптілігі:

Егер адамдардан дүние мәселелері жайлы сұралса, білмейтіндіктерінен еш қысылмастан мамандық иесіне жүгіну керектігін түсінеді. Алайда дін мәселесі жөнінде білім иесі болмаса да жеке пікірін айтуға құмар.

Білімсіз дін атынан сөйлеу - дінде тиым салынған. Себебі әлемдердің Раббысы бұған қатысты қатаң ескерту жасаған:

وَلاَ تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْؤُولاً

«Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе (яғни, білмегенді білдім, көрмегенді көрдім, естімегенді естідім деп айтпа)! Шындығында, адам баласы құлақ, көз және жүрек сынды дене мүшелерін қалай басқарып қолданғанына қатысты (Алланың алдында) жауапқа тартылады» .

Сондай-ақ басқа аятта мұндай істің азғындық жағынан, түрлі арсыз күнәлі істерден және Алла Тағалаға серік қосу амалынан да ауыр күнә екендігі былай баян етеді:

قُلْ إِنَّمَا حَرَّمَ رَبِّيَ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَالإِثْمَ وَالْبَغْيَ بِغَيْرِ الْحَقِّ وَأَنْ تُشْرِكُوا بِاللَّهِ مَا لَمْ يُنَزِّلْ بِهِ سُلْطَانًا وَأَنْ تَقُولُوا عَلَى اللَّهِ مَا لا تَعْلَمُون

«Оларға: «Раббым жария һәм жасырын істелетін азғындықтан, күнә атаулыдан, біреуге жөнсіз озбырлық көрсетіп, қиянат жасаудан, (пұттар сынды құдай екендігі жайлы) Алла Тағала ешбір дәлел түсірмеген нәрселерді Аллаға серік етіп қосудан және Алла жайлы өздерің нақты білмейтін нәрселерді айтудан тыйды»,-деп айт» .

Сонымен қатар діннің белгілі бір мәселелеріне байланысты шешім не пәтуә бергенде адалды арам, арамды адал деп үкім айту Алла Тағаланың атынан өтірік айтумен пара-пар екендігі жөнінде Жаратушы Иеміз былай деген:


«(Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен) тілдеріңнің өтірік сипаттауымен «Мынау адал, мынау арам» деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам деп үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар әсте мақсат-мұратына жетпейді (әсте оңбайды). (Ол кәпірлердің көксегені) болмашы дүниелік нәрселер. Ал ақиретте оларды жан төзгісіз азап күтуде» .

Сондай-ақ, жалпы адам баласы білмейтін нәрселерді әрдайым білетін кісілерден сұрауы қажет. Себебі Алла Тағала осынау өмірлік мызғымас қағида жайлы былай деген:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Егер өздерің білмейтін болсаңдар, онда дереу шынайы ілім иелерінен сұраңдар» .

Дін атынан сөйлеп, үкім айту аса үлкен жауапкершілікті талап ететіндігі және білімсіз пәтуә берудің ислам дінінде тыйым салынғандығы жайлы Алла Елшісінің (ﷺ) сүннетінде де көптеген дәлелдер бар.

Мәселен Абдулла ибн Амрдан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) дін атынан сөйлеудің жауапкершілігі жөнінде былай деген:

 إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبِضُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا يَنْتَزِعُهُ مِنْ الْعِبَادِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ حَتَّى إِذَا لَمْ يُبْقِ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالًا فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا . رواه البخاري

«Расында Алла Тағала адамдардан білімді өшіріп тастаумен емес, бәлки ғалымдардың дүние салуы арқылы алады. Осылайша бірде-бір ғалым қалмаған соң, адамдар өздеріне надандарды басшы етіп тағайындап, сауалдарының жауабын солардан сұрайды. Олар білімсіз пәтуа береді де, нәтижесінде өздерімен қоса өзгелерді де адастырады» .

Жоғарыда келтірілген хадистегі білім сөзімен мұрат етілген нәрсе – Алла Тағаланың кәләм шарифі Құран мен Алла Елшісінің саф сүннеті. Ғалымдар деп отырғаны осы білімді терең меңгерген адамдар. Білім арқылы адамдар Жаратушысына жақындаса, ал ғұламалар арқылы адамдар ілімге қол жеткізетіндерін әсте ұмытпаулары қажет.

Сондай-ақ діни мәселелерге қатысты пәтуә берген кезде де немқұрайлық танытуға болмайтындығы жайлы Алла Елшісі (ﷺ) былай деген болатын:

"مَنْ أُفْتِيَ بِفُتْيَا بِغَيْرِ عِلْمٍ كَانَ إِثْمُ ذَلِكَ عَلَى الَّذِي أَفْتَاهُ".

«Кімде-кім, білімсіз пәтуә берсе, күнәсі пәтуә бергенге жазылады» .

 Келесі аятта да Жаратушы Иеміз игілік ретінде берілген білім нығметіне адалдық таныта алмаған әрі сол ілімді тиісінше алып жүре алмаған ғалым-ғұламалар жайлы былай деген:

مَثَلُ الَّذِينَ حُمِّلُوا التَّوْرَاةَ ثُمَّ لَمْ يَحْمِلُوهَا كَمَثَلِ الْحِمَارِ يَحْمِلُ أَسْفَارًا بِئْسَ مَثَلُ الْقَوْمِ الَّذِينَ كَذَّبُوا بِآيَاتِ الله وَالله لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِين

«Тауратты (үйреніп, оны өзгелерге де үйрету және оның үкімдерін басшылыққа алып өмір сүру міндетін) арқалағаннан кейін оны тиісінше алып жүре алмағандардың мысалы бейне бір том-том кітап арқалаған есекке ұқсайды. Алланың аяттарына сенбеген қауымнің мысалы қандай жаман еді! Алла ондай залым қауымды әсте тура жолға салмайды» .

Сонымен қатар жоғарда аталған топқа қатысты Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерінде де небір қатаң ескертулер келтірілген.

Сондай-ақ Джәбирден (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ) білімнің екі түрлі болатындығын былай деп баян еткен:

الْعِلْمُ عِلْمَانِ : عِلْمٌ فِي الْقَلْبِ ، فَذَاكَ الْعِلْمُ النَّافِعُ ، وَعِلْمٌ عَلَى اللِّسَانِ ، فَذَلِكَ حُجَّةُ اللَّهِ عَلَى خَلْقِهِ" .

«Білімнің екі түрі болады. Жүректегі білім бұл – пайдалы ілім. Ал тілдегі білім бұл – Алла Тағаланың құлдарына қарсы қолданатын құжаты» .

Сонымен қатар Әбу Дарда (р.а.) амалсыз білімнің еш пайда бермейтіндігі жөнінде былай деген: 

لا تَكُونُ عَالِمًا حَتَّى تَكُونَ مُتَعَلِّمًا ، وَلا تَكُونُ بِالْعِلْمِ عَالِمًا ، حَتَّى تَكُونَ بِهِ عَامِلا

«Сен ілім үйербейінше білімді бола алмайсың және сол іліміңмен амал етпейінше, құр біліміңе бола, ғалым бола алмайсың» .

Расында, осы және басқа да келтірілген Құран аяттары мен Алла Елшісінің (ﷺ) хадистері – білімнің өзінде үлкен қауіп-қатердің жасырылғандығын растайды. Шын мәнінде ілім иесі өзін мәңгі тамұқ атты құрдымға да душар етуі мүмкін немесе мәңгі жұмақ атты рахатқа да жетелеуі мүмкін. Ақиқатында ілім иесі, білімнің түбіне түсу арқылы, шынайы бақытқа қол жеткізе алмаса, онда ол құтылу мүмкіндігінен де айырылып қалуы әбден мүмкін.

Бұл жөнінде Хасан әл-Басри (р.а.): «Ғалым-ғұламалардың білімі мен хәкімдердің даналығын жиған, алайда амалда ессіз ақымақтардың жолына ергендерден болмаңдар», деген.

Ілімге қатысты адамдардың жағдайына қатысты Халил ибн Ахмад (р.а.):

النّاسُ أَرْبَعَةُ نَفَرٍ: رَجُلٌ يَعْلَمُ وَيَعْلَمُ أَنَّهُ يَعْلَمُ فَذَلِكَ الْعالِمُ فَاتَّبِعُوهُ، وَ رَجُلٌ يَعْلَمُ وَ لَا يَعْلَمُ أَنَّهُ يَعْلَمُ فَذَلِكَ النَّائِمُ فَأَيْقِظُوهُ، وَ رَجُلٌ لَا يَعْلَمُ وَلَا يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يَعْلَمُ فَذَلِكَ الْجَاهِلُ فَاِجْتَنِبُوهُ، وَرَجُلٌ لَا يَعْلَمُ وَ يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يَعْلَمُ فَذَلِكَ الرَّاغِبُ فِي الْعِلْمِ فَعَلِّمُوهُ.

«Адамдар төрт түрлі дәрежеге бөлінеді: Біріншісі: білім иесі және білімді екенін білетін адам. Бұл – ғалым-ғұлама, сондықтан сендер оған ілесіңдер. Екіншісі: білімді әрі білімді екенін білмейтін адам. Бұл – ғапылдықта жүрген кісі, сондықтан сендер оны оятыңдар. Үшіншісі: білмсіз және білімсіз екенін түсінетін адам. Бұл – тура жолды көрсететін насихатты іздеуші, сондықтан сендер оны тура жолға бағыттаңдар. Ал төртіншісі: білмейтін және білімсіз екенін ұқпайтын адам. Бұл – ақымақ надан, сондықтан сендер одан аулақ жүріңдер», деген.

Шығыс даналарының бірі айтқандайын: «Әмірші әмірші болу керек, әскер әскер болу керек, әке әке болуы керек, бала бала болу керек сонда ел дамиды».

Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин ағамыз да: «Жазушы жазу керек. Саясаткер саясатпен айналыссын, қойшылар қойын бақсын» деген екен.

Халық арасында кең тараған «сауатсыз дәрігер жан алса, сауатсыз молда діннен шығарады», деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды дүние мен ақиретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астаң-кестеңін шығарады. Мұның соңы, Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады». Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Тауық сойса да, қасапшы сойсын» демекші дінді үйрету ісі басқа салалардағы сияқты арнайы мамандануды талап етеді. Дін саласын оқып зерттеу үшін адамдар көптеген өмірлерін жұмсайды. Тіпті ғалымдар дінді зерттеу жолында бүткіл өмірлерін сарп етіп кеткен болатын. Бұдан діннің күрделі сала екендігін, сондай-ақ, діннің атынан бір ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауапкершілікті іс екендігін аңғаруға болады. Ал елімізге келер болсақ, біздің елде ислам дінінің тағылымдарын насихаттап оларды үйрету арнайы маманданған мешіт имамдарына тапсырылған. Сондықтан да, дінді көшедегі әрбір көлденең келген көк аттылардан емес, осы мақсатта арнайы тағайындалған дін мамандары, яғни, мешіт имамдарынан келіп сұрау аса маңызды іс екенін ескергеніміз дұрыс болмақ.  




Әли Имран сүресі, 18-аят.

Муджәдәлә сүресі, 11-аят.

Имам әл-Ғазалидің «Ихйа ғулум ад -дин» кітәбі, 1-том, 15-бет, «ілімнің артықшылығы» тақырыбы.

Зумар сүресі, 9-аят.

Имам Бухари, имам Муслим және имам Табарани риуаят етті.

Имам Әбу Дауд, имам Тирмизи, имам Ибн Мәджә және имам Ибн Хиббан өзінің «Сахихында» риуаят еткен.

Имам Әбу Дауд, имам Тирмизи, имам Ибн Мәджә және имам Ибн Хиббан өзінің «Сахихында» риуаят еткен.

Имам Тирмизи риуаят етті.

Исра сүресі, 36-аят.

Ағраф сүресі, 33-аят.

Нахл сүресі, 116-117-аяттар.

Әнбия сүресі, 7-аят.

Имам Бухари риуаят етті.

Имам Ахмад пен имам Әбу Дәуід риуаят еткен.

Жұма сүресі, 5-аят.

Имам Тирмизи риуаят еткен.

Имам Ибн Хиббан «Раудатул уқала» еңбегінде және имам Байһақи «Мадхал» еңбегінде риуаят еткен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі