Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Туыстық қатынас – мұсылман міндеті | жұма уағызы

08.10.2019 3772 0 пікір


 

Тақуалық сөзі «уиқая» түбірінен шығып, сақтану, қорқу деген мағыналарды білдіреді. Дінімізде «тақуалық» сөзі арнайы «Алладан қорқу» деген мағынада қолданылады. Құдайдан қорқатын адамды «тақуа» деп атаймыз. Ғалымдардың айтуынша араб тілінде «тақуалық» ұғымы Алладан басқа табынатын пұттар секілді нәрсе үшін қолданылмайды екен. Яғни, «Пәленше өзінің пұтынан тақуалық етіп қорқады» деп айтылмайды.

 

Алла Тағала Құран Кәрімде:

"يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلَا تَمُوتُنَّ إِلَّا وَأَنتُم مُّسْلِمُونَ".

«Ей иман келтіргендер, Алладан лайықты түрде қорқыңдар әрі тек мұсылман күйлеріңде ғана жан тәслім етіңдер»[1], – деп өзінің құлдарын тақуалыққа бұйырады.

 

Адам баласы жұмаққа көбіне тақуалығы мен көркем мінезі үшін кіреді.

 

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَكْثَرِ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ فَقَالَ: "تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ".

 

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) айтады: Бір күні Алланың елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың жәннатқа кірулеріне көбіне не нәрсенің себепші болады? – деген сұрақ қойылғанда Ол: «Алладан қорқу және көркем мінез», – деп жауап берді.[2]

 

Әбу Һурайра (р.а.) тақуалықты былайша тәмсілдеп жеткізеді.

 

عَنْ سُهَيْلِ بْنِ أَبِي صَالِحٍ، عَنْ أَبِيهِ قَالَ: قَالَ رَجُلٌ لأَبِي هُرَيْرَةَ: "مَا التَّقْوَى؟ قَالَ: أَخَذْتَ طَرِيقًا ذَا شَوْكٍ؟ قَالَ: نَعَمْ قَالَ: فَكَيْفَ صَنَعْتَ؟ قَالَ: إِذَا رَأَيْتُ الشَّوْكَ عَدَلْتُ عَنْهُ أَوْ جَاوَزْتُهُ أَوْ قَصُرْتُ عَنْهُ قَالَ: ذَاكَ التَّقْوَى".

 

Суһайл ибн Әби Солихтан, ол өзінің әкесінен жеткізуі бойынша әкесі былай деп хабар берген: Бір кісі Әбу Һурайрадан (р.а.) «Тақуалық дегеніміз не?», – деп сұрапты. Әбу Һурайра (р.а.): «Сен тікенді жолмен жүріп көрдің бе?», – деп сұрайды. Әлгі адам: «Иә», – деп жауап береді. Сахаба: «Сол кезде не істейтін едің?», – десе, жаңағы кісі: «Тікенді көрсем, одан айналып өтемін, қадамымды одан асырып немесе жеткізбей басамын», – дейді. Сонда Әбу Һурайра (р.а.): «Міне сенің солай етуің тақуалық болып табылады», – деген екен.[3]

Яғни, сахаба Әбу Һурайра (р.а.) тікенді жолды мысалға келтіре отырып, өмірімізде кезігетін күнә-қателіктерден айналып өтуімізбен арамнан сақтануымызды тақуалыққа балап отыр.

 

قَالَ بَعْضُ الصَّالِحِينَ: "حَيَاةُ الْإِنْسَانِ بَيْنَ أَرْبَعٍ: إِمَّا أَنْ يَكُونَ فِي طَاعَةٍ فَعَلَيْهِ بِالِاسْتِمْرَارِ، وَإِمَّا أَنْ يَكُونَ فِي مَعْصِيَةٍ فَعَلَيْهِ بِالِاسْتِغْفَارِ، وَإِمَّا أَنْ يَكُونَ فِي نِعْمَةٍ فَعَلَيْهِ بِالشُّكْرِ، وَإِمَّا أَنْ يَكُونَ فِي ابْتِلَاءٍ فَعَلَيْهِ بِالصَّبْرِ".

Бір салихалы кісі былай депті: «Адамның өмірі төрт жағдайдың арасында болады: Не ол тағат-ғибадатта болады. Бұл істе табанды болу керек. Не ол күнә жасауда болады. Бұл кезде истиғфар айтып, тәубе етуі керек. Не ол нығметтің ішінде болады. Бұл жағдайда ол шүкіршілік етуге тиіс. Не қиыншылыққа тап болады. Бұндайда сабыр етуі міндетті».

 

«Тақуа» сөзі Құранда 258 жерде қайталанады.

Жалпы, «тақуа» сөзі Құранда бес түрлі мағынады келген, олар: Таухид пен сенім мағынасында:

 وَأَلْزَمَهُمْ كَلِمَةَ التَّقْوَىٰ

 «...Оларға тақуа сөзін жүктеді...»[4]

 

Имам Табари осы аятты тәпсірлеп, мұндағы «тақуа» сөзінің мағынасы «Лә иләһә иллалла Мухаммад расулулла» деген.

 

Ықылас мағынасында:

 وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ

 

«...Кім Алланың белгілерін ұлықтаса; күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан»[5] Кімде-кім Алланың белгілерін (әмірлерін, шариғатын) орындап, оны шынайы түрде құрметтесе, әрі кемел түрде жүзеге асырса, бұл оның шынайы ықыласының белгісі.

 

Ғибадат және Аллаға мойынсұну:

 إِذْ قَالَ لَهُمْ أَخُوهُمْ نُوحٌ أَلَا تَتَّقُونَ

«Сол уақытта, олардың туысы Нұх (Ғ.С.): “Қорықпайсыңдар ма?”,- деді»[6]. Имам Шаукани аяттағы «қорықпайсыңдар ма?» деген сөзді: «Алла Тағаланың жазалауынан қорықпай ма? Алланың жазасынан Оған мойынсұну арқылы өздерін құтқармай ма?» деп тәпсірледі.

 

Алладан қорқу мағынасында:

 وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللَّهَ

 

«...Сендерден бұрыңғы кітап берілгендерге де, сендерге де: “Алладан қорқыңдар!”,- деп өсиет еткенбіз...»[7] Имам Табари: «Аллаға қарсы келіп, Оның әміріне қарсы шығып, тыйым салғанын нақақтан жасаудан жүректерің тітіркеніп қорықсын!» деп ашықтады.

 

Кей ілім иелері шынайы «тақуалық» деген жүректі де, денені де (тіл, қол т.б.) күнә атаулыдан сақтау деп түсіндірді. Себебі Құранда:

 

وَمَن يُطِعِ اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَيَخْشَ اللَّهَ وَيَتَّقْهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْفَائِزُونَ

 

«Кімде-кім Аллаға, Пайғамбарына бойұсынса, сондай-ақ Алладан қорқып, тақуа болса, міне солар жеңіске жеткендер»[8] Алла Тағала алдымен «бойұсынуды» және «қорқуды» айтты, кейіннен «тақуа болуды» қосты. Демек «тақуа болу» деген бойұсыну мен қорқудан бөлек нәрсе екенін аңғарамыз. Бұл күнә атаулының бәрінен алыс болу дегенді білдіреді.

 

Алладан шынайы қорқатын пенденің мынандай сипаттарға ие:

 

1. Ғайыпқа сенеді.

 

Алла Тағала Құран кәрімде:

 

"آلم (1ذَٰلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ ۛ فِيهِ ۛ هُدًى لِّلْمُتَّقِينَ (2الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ ..."

 

«Әлиф-ләм-мим. (1). Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. (2). Сондай олар көмеске иман келтіреді ...»,[9] – дейді.

 

2. Алла көріп тұрғандай құлшылық жасайды.

 

Бірде Жәбірейіл (а.с.) хазрет Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

 

"... قَالَ: مَا الْإِحْسَانُ؟ قَالَ: أَنْ تَعْبُدَ اللَّهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فَإِنَّهُ يَرَاكَ"

 

«Ихсан дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Ол: «(Ихсан дегенің) Алланы көріп тұрғандай немесе сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық жасауың»[10], – деп жауап қайырады.

Ихсан тақуалықтан туындайды. Неге десеңіз, хадиске сәйкес, Алланы көріп, Оның құзырында тұрғандай құлшылық ете білу үшін Алладан бек қорқу қажет. Ал қорқу үшін Алланы тануымыз керек. Құран Алланы танымаған шынайы түрде қорықпаған кәпірлер жайында:

"وَمَا قَدَرُوا اللَّهَ حَقَّ قَدْرِهِ ..."

 

“Олар Алланы шын мәнінде тани алмады»[11], – дейді.

 

Олар Алланы тани алмағандықтан Оған иман келтірмеді, азабынан қорықпады да. Осылай бола тұра олар қайдан құлшылық етсін?! Ал момын-мұсылман өзінің жасаған құлшылығы мәнді болу үшін Алланы тануға ұмтылады. Алланы таныған сәтте Оның құдіретін мойындап, Одан шын мәнінде қорқа бастайды.

 

3. Құдайдан қорқады.

 

Ғұлама ұстаздарымыздың айтулары бойынша Құран Кәрімнің ең алғаш түскен аяты "Оқы ..."[12] деп басталса, ең соңғы түскені "Қорқыңдар ..."[13] деп басталған. Демек, Исламның басы – ілім, ал аяғы – тақуалық!"

Бір яһуди кісі халифа Харун Рашиттен бір қажетін сұрамақ болады. Бір жыл бойы халифаның қақпасының алдында тұрып, кіре алмай жүреді. Сол себепті әлгі өтініші орындалмайды. Яһуди бір күні қақпаның алдынан кетпей тұрып алады. Қақпадан халифа Харун Рашит сыртқа шыққаны сол екен, яһуди шапшаң келіп алдына тұра қалып: «Ей мүминдердің әміршісі, Алладан қорық», – дейді. Бұл сөзді естіген халифа бірден атынан жерге түсе кетіп, сәждеге жығылады. Сосын, нөкерлеріне әлгінің қажетін өтеуге бұйрық беріп, тілегін орындайды. Харун Рашит кері оралғанда «Бір яһудидің сөзі үшін неге сәждеге жығылдыңыз?» деген сұрақ қойылады. Ол: «Жоқ, мен бар болғаны Алланың:

"وَإِذَا قِيلَ لَهُ اتَّقِ اللهَ أَخَذَتْهُ الْعِزَّةُ بِالْإِثْمِ فَحَسْبُهُ جَهَنَّمُ وَلَبِئْسَ الْمِهَادُ".

 

 «Ал қашан оған: «Алладан қорық!», - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәһар етеді. Оған тозақ жетеді, ол нендей жаман орын»,[14] – деген сөзін есіме алған едім», – дейді[15].

 

Байқасаңыз, мүминдердің әміршісі Харун Рашит өзге дін өкілінің оған: «Алладан қорық!» деген сөзін ести сала, Құдайдан қорқып, сәжде қылмаған жағдайда жоғарыдағы аятта меңзелген күнәһар адамдардың сабында болып қаламын ба, деп қатты уайымдағанын көруге болады. Ал бұл нағыз тақуа адамның әрекеті.

4. Құлшылықты құлшына орындайды.

 

Құлшылықтың төресі – бес уақыт намаз. Алла Тағала Құран кәрімде тақуа пендені намаз оқиды деп сипаттайды.

"... وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ ..."

«... олар намаз оқиды ...»[16], - дейді Алла.

Бұхар жырау бабамыз:

«Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа»,

- демекші, тақуа жан намазына бек мән береді.

 

Құлшылық пен тақуалық бір-бірінен ажырамас екі ұғым. Себебі, Құран Кәрімнің көптеген аяттарында Алла Тағала кез келген құлшылықты тақуалықпен байланыстырып отырады. Мәселен, оразаның парыз болуын білдірген аятта Алла Тағала:

 

"يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ"

 

«Ей иман келтіргендер, ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгені сияқты сендерге де парыз етілді, бәлкім (Аллаға қарсы келуден) қорқарсыңдар»[17], – дейді.

 

Ойымызды дәйектейтін тағы бір аят ол құрбандық жайында. Алла Тағала Құранда:

"لَنْ يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَٰكِن يَنَالُهُ التَّقْوَىٰ مِنكُمْ ۚ "

«Оның (құрбандықтың) еті де, қаны да Аллаға бармайды. Тек сендердің тақуалықтарың ғана Оған барады»[18], – дейді.

 

Бұл аяттан біз кез келген құлшылықтың Алла Тағалаға тигізер еш пайдасы жоқ екенін түсіндік. Құдірет иесі Алланың «Ол сондай сендердің қайсы біріңнің амалы жақсырақ екен деп, сендерді сынау үшін өлім мен өмірді жаратты»[19], – деуі құлшылық атаулының мұсылман адамнан тек сынақ үшін ғана талап етілетінін білдірсе керек.

 

5. Мұқтаждарға қарайласады.

Алла Тағала Құранда тақуа пендені қолы ашық жан ретінде сипаттайды:

"...وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ"

«(Тақуалар) біз өздеріне ризық қылып берген дүниеден (мұқтаждарға) жұмсайды».[20]

 

Әзірет Әлиге (р.а.) бір мұқтаж кісі келеді. Ол өзінің ұлы Хасанды (р.а.) анасы Фатимаға (р.а.) жіберіп, ақша сұратады. Ұлы әкесіне қайтып келіп: «Анам айтады, ұнға деп өзіңіз берген 6 дирһамнан басқа ақша жоқ екен», – дейді. Әли (р.а.): «Пенде өзінің қолындағыға емес, Алланың береріне нық сенбейінше иманы кәміл болмайды. Анаңа бар дағы әлгі ақшаны алып кел», – дейді. Содан баласы анасынан 6 дирһам алып, әкесіне береді. Әли (р.а.) ол ақшаны әлгі мұқтаждың қолына ұстатады.

 

Көп кешікпей Әли (р.а.) базарға барады. Ол жерден бір түйені көріп, иесінен құнын сұрайды. 140 дирһам екен. Сахаба 8 күнге қарызға сұрап еді, әлгі кісі береді. Түйені үйіне әкеліп, есігінің алдына байлайды. Өтіп бара жатқан бір кісі: «Бұл кімнің түйесі?», – деп сұрайды. Әли (р.а.): «Менікі», – дейді. Екеуі саудаласып, ақыры ол түйені Әлиден (р.а.) 200 дирһамға сатып алады. Әли (р.а.) 200 дирһамның 140 дирһамын базардағы саудагерге, ал 60-ын жұбайы Фатимаға (р.а.) беріп тұрып былай дейді: «Бұл жағдай Алла Тағаланың сүйікті Пайғамбарына (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсірген мына аятының растығын дәлелдейді», – деп, төмендегі аятты оқиды:

 

  "مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا ۖ "

 

«Кім бір жақсылық жасаса, оған сол жақсылығының он есесі беріледі».[21]

 

Байқасаңыз, хазрет Әлидің (р.а.) берген 6 дирһамы 60 дирһам болып, он есе көбейіп өзіне оралған екен.

 

6. Уәдесіне берік болады.

 

Алла Тағала Құран Кәрімде:

"بَلَى مَنْ أَوْفَى بِعَهْدِهِ وَاتَّقَى فَإِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَّقِينَ".

 

«Жоқ, кім де кім уәдесін орындап, тақуалық танытса, расында Алла тақуаларды жақсы көреді»,[22] – деді.

 

7. Басшыға бағынады.

 

Тақуа құл басшыға бағынуымен де ерекшеленеді. Мына төмендегі хадисте Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне тақуалықпен қоса басшыға бойсұнуды өсиет еткен.

Сахаба Ирбад ибн Сария (р.а.) айтты: «Алланың Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге көзге жас, жүрекке тебіреніс беретін әсерлі бір уағыз айтты. Біз: «Уа, Алланың Елшісі, бұл қоштасып жатқан адамның уағызындай болды ғой. Ендеше, бізге өсиет айтыңыз?», – дедік.

 

Ол былай деді: «Сендерге Алладан қорқуды, сондай-ақ, қара нәсілді бір құлды басшы етіп тағайындаса да, тыңдауды және мойынсұнуды өсиет етемін…».[23]

 

Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қай жерде болсаң да, Алладан қорық, жамандықтың артынша жақсылық жаса, істеген жақсылығың жамандығыңды жуып, шайсын. Әрі адамдармен жақсы қарым-қатынаста бол», – десе, дана халқымыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық», - деп тақуа пенденің қоғамға пайдасын меңзеп, құдайсыздың зиянынан сақтандырған.

 

Ал Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың құзырында ең құрметтілерің тақуалықты ұстанғандарың»[24], – деп тақуа жанның қадірін ұқтырады.

Тақуалық– Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Тақуалық – иманнан кейін тұратын мүмінге ғана тән дара қасиет. Алла Тағалам бойымыздағы тақуалықтыарттыра көр! Аумин.



[1] Құран, «Әли-Имран» сүресі, 102-аят.

[2] Ахмад, Ибн Мәжа және Тирмизи.

[3] Әл-Бәйһақи, «Әз-Зуһдүл-кәбир».

[4] Фатх сүресі 26-аят.

[5] Хаж сүресі 32 аят

[6] Шұғара сүресі 106-аят.

[7] Ниса сүресі 131аят

[8] Нұр сүресі 52 аят

[9] Құран, «Бақара» сүресі, 1-3 аяттар.

[10] Бұхари, Муслим.

[11] Құран, “Әл-Әнғам” сүресі, 91-аят.

[12] Құран, «Әлақ» сүресі, 1-аят.

[13] Құран, «Бақара» сүресі, 281-аят.

[14] Құран, «Бақара» сүресі, 206-аят.

[15] Әбулләйс әс-Самарқанди, «Бахруль-ъулум» тәпсірі, І том, 196-бет.

[16] Құран, «Бақара» сүресі, 3-аят.

[17] Құран, “Бақара” сүресі, 183-аят.

[18] Құран, “Хаж” сүресі, 37-аят.

[19] Құран, “Мүлік” сүресі, 2-аят.

[20] Құран, “Бақара” сүресі, 3-аят.

[21] Құран, «Әл-Әнғам» сүресі, 160-аят.

[22] Құран, «Әли Имран» сүресі, 76-аят.

[23] Тирмизи, Ибн Мәжа, Әбу Дәуіт.

[24] Құран, «Хужурат» сүресі, 13-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі