Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әдет-ғұрыптың шариғаттағы орны | Жұма уағызы

14.03.2018 11125 0 пікір

Әр елдің өз әдет-ғұрпы бар. Алайда, ол әдет-ғұрыптың барлығы да дұрыс бола бермейді. Бірақ, бұл әдет-ғұрып дегенді толығымен шариғаттан шығарып тастау керек деген сөз емес. Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Жақсысын алуымыз керек. Ал, жаманынан қоғам боп арылуымыз қажет. Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы:

الْعُرْفُ وَالْعَادَةُ: مَااِسْتَقَرَّ فِي النُّفُوسِ مِنْ جِهَةِ الْعُقُولِ وَتَلَقَتْهُ الطّبَاع السّلِيمَة بِالْقُبُولِ

«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып»,-деп анықтама береді. Ал, ханафи ғұламасы Ибн Абидин:

«Әдет – қайталау сөзінен алынған. Қайта-қайта орындала берумен ел арасында танымал және қалыптасқан жайт»,-деген.

Жалпы, әдет-ғұрыптың дұрысы да, бұрысы да бар. Сондықтан, әдет-ғұрыпқа бір жақтама қарауға болмайды. Ендеше, әдет-ғұрып мәселесін кеңірек түсіну үшін Ислам тарихындағы бір-екі оқиға тоқтала кеткеніміз жөн болады. Бұл Үмму Һани Фахита Әбу Талибқызы бин Абдумутталиб бин Һашим есімді әйелдің оқиғасы. Бұл әйелдің тегіне қарап ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере ағасының қызы және Әлидің қарындасы екенін білеміз. Ислам дінін қабылдамай тұрып Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мүшріктердің қорлауынан үнемі қорғап жүретін. Үмму Һани Фахита Фатх күні мұсылман болды. Осы күндері бір оқиға орын алды. Бұл тарих беттерінде мәңгіге сақталып қалды. Һижраның сегізінші жылы рамазан айында Алла Тағала пайғамбарына үлкен жеңіс сыйлады. Бұл қасиетті Мекке шаһарының фатхы еді. Бұл күні адамдар лек-легімен мұсылман боп жатты. Бәну Махзум руынан екі мүшрик Үмму Һанидің үйіне қашып келіп, жан сауғалады. Олардың ізінше Әли келіп, оларды өлтірмек болды. Алайда қарындасы ол кісілерге қорған болатындығын жеткізді. «Жиуар», яғни қорған болу, қорғау жаһилиет дәуірінен бері қалыптасқан әдет-ғұрыптың бірі еді. Болған оқиғаның мән-жайын айтып жөн сұрамақ болып Үмму Һәни Пайғамбарға (с.ғ.с.) барды. Алла елшісінің (с.ғ.с.) шаңырағы биіктеу жерде орналасқандықтан Фахитаны көре сала:

مَرْحَباً بِأُمِّ هَانِئٍ

«Уа, Үмму Һани! Қош келдің!»,-деп қарсы алды. Үмму Һани: «Уа, Алла елшісі! Мен қайын жұртымнан екі кісіге қауіпсіздік уәде етіп, қорған болдым. Алайда, Әли оларды өлтірмекші»,-деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):

قدْ أَجَرنَا مَنْ أَجَرتِ يَا أُمَّ هَانِئ

«Сен қорған болған адамдарға біз де қорған болдық»,-деді. Міне, бұл Бұхариде жазылған оқиға. Демек, Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерімен жаһилиет дәуірінен бері келе жатқан «Жиуар» әдет-ғұрпын Исламға қайшы емес екенін айтуда.

«Жиуар» жаһилиет заманында бұл әдет-ғұрып бойынша пана сұрап, жан сауғалап келген адам қылмыс жасаған кісі болса да оны қорғау абыройдың ісі болатын. Басқаша айтқанда, пана сұрап келген адамды қорғай алмау ең үлкен масқара тірлікке баланды. Өйткені, пананы тек абыройлы және күш-қуаты бар әулеттен сұрайды. Ал, бұл әдет-ғұрыптың үдесінен шыға алмау бүтін әулетке дерлік сүйегіне қара таңба болатын. Сондықтан, ағайын-туыс боп пана сұрап келген адамды қолына қару-жарақ алып та қорғаған кездер болды. Ислам келген соң, бұл әдет-ғұрыптың жақсы тұсын сақтап адамилыққа қайшы жақтарын жойды. Яғни, қылмыскер немесе залымға қорған болуға тыйым салынды. Тіпті, Әнас бин Малик (р.а.) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

انْصُرْ أَخَاكَ ظَالِمًا أَوْ مَظْلُومًا» فَقَالَ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَنْصُرُهُ إِذَا كَانَ مَظْلُومًا، أَفَرَأَيْتَ إِذَا كَانَ ظَالِمًا كَيْفَأَنْصُرُهُ؟ قَالَ: «تَحْجُزُهُ، أَوْ تَمْنَعُهُ، مِنَ الظُّلْمِ فَإِنَّ ذَلِكَ نَصْرُهُ

«Бауырыңа залым болса да, зұлымдық көрсе де жәрдем бер,-деген. Сонда біреу: Уа, Алла елшісі! зұлымдық көрсе жәрдем беремін, алайда залым адамға қалай жәрдем бермекпін?,-деп сұрады. Сонда, Алла елшісі (с.ғ.с.): Оны зұлымдық жасауына жол берме, міне бұл сенің оған жәрдемің болмақ»,-деді.[1]

Имам Науауи: Хадистегі қауіпсіздік мұсылманның басқа дін өкіліне қауіпсіздік беруі. Мұсылмандардың бірі қауіпсіздік берсе, басқалары оны бұзуына тыйым салынады,-деген. Тирмизи де: Мұның мағынасы білім иелерінің көзқарасында мұсылмандар қауіпсіздік кепілін барша адамға беру құқығына ие»,-деген. Демек, бұл әдет-ғұрыптың негізі Ислам дінінде сақталған.

Фиқһ ғылымында:

الْعَادَةُ مُحْكَمَةٌ

«Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, ханафи мазхабында Әбу Ханифаның пәтуасына оның шәкірттерінің пәтуалары бір қарағанда қайшы келетін тұстары болды. Оның сыры Әбу Ханифа өз заманының әдет-ғұрпына ал, шәкірттері өз заманының ғұрпына сүйенді. Мәселен, Әбу Ханифа куәлік мәселесінде жаза және кек алу мәселесінен басқа жағдайда куәлардың сырты әділдігімен шектелді. Өйткені, хадисте: «Мұсылмандар бір-біріне тең»,-деген сөзін басшылыққа алды. Бұл үкім сол заманға сай болды. Өйткені, қоғамның басым бөлігін ізгі адамдар құрады. Ал, Әбу Ханифаның екі шәкірті имам Әбу Юсуф және имам Мұхаммед заманында өтірік айту ел ішінде белең алды. Сондықтан, Әбу Ханифаның пәтуасына жүгіну қоғам ішінде ақиқат орнатуға тиімсіз болды. Сондықтан, ол екеуі куәлардың әділ және шыншыл екенін дәлелдеу керектігін талап етті. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің: ескі және жаңа екі мазхабы болды.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бірақ кейбір салттардың шығу тарихы беймәлім және қоғамға аса бір пайдасы жоқ, қала берсе әлеуметтік тұрғыдан қиындау салттар да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. «Той Құдайдың қазынасы» деп той жасаудан жарысып жатады. Көбіне көп тойлар қарызға барып жасалады. Мұның халыққа керегі бар ма? Дүркіретіп той өткізіп, артынан жоқшылық көріп отырудың не керегі бар? Көрпеңе қарай көсіл демекші, жасау керек боп тұрса шағын ғана етіп жасап, ертеңгі де күнді ойлаған дұрыс емес пе? Ал, енді қазақтың көптеген өнегелік және тәрбиелік мазмұнға ие керемет салт-дәстүрлері бар. Мұндай әдет-ғұрыпты жастарға насихаттау сіз бен біздің міндетіміз. Біз діни тұрғыдан, ал тіл мен этнография мамандары ол салттардың шығу тарихы мен мұрат-мақсатын жіті түсіндіру керек. Әйтпесе, ауылдан алыс өскен немесе қазақи ортадан оқшауланып өскен жастар түсінбегендіктен әдет-ғұрыпқа шекесімен қарауы мүмкін.

Сондай салтымыздың бірі ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы. Бұл Наурыз мерекесіне хазірет Әли (р.а.) және Муғауия (р.а) сынды сахабалардың қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің атуынша имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазірет Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп сұрағанда, Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен. Сахаба Әлиге (р.а.) наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған. Бұл оқиғаларды Имам әл-Миззи, әл-Ғуззи, әл-Қасим, әл-Файрузабади, әз-Зәбиди және т.б. ғалымдар өз кітаптарында жазып қалдырған. Әбу Ханифаның атасының мұсылман бола тұра наурыз мерекесіне орай хазірет Әлиге арнайы тәтті тағам ұсынғаны көп нәрсені аңғартады.

Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген», – деген дерек келтіреді. Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбанның «әл-Муссаннаф» кітабындағы мынадай мәлімет айтылады. Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса, алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген. Бұл – сахих хадис. Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Ал, отқа табынушылардың сойған малдарын жеуге шариғатта рұқсат жоқ.

Ақ пен қараны ажырата білген бабаларымыз жақсыны алып, жаманын тастап, уақыт пен ұлттық иммунитет сүзгісінен өткізіп, осы уақытқа дейін ғасырлар бойы наурыз мейрамын атап өтуі бекерден емес. Қазіргі наурыз мерекесіне назар аударатын болсақ, формасы мен мазмұны мүлдем бөлек. Яғни, мерекенің формасы мен мазмұнында отқа табыну, құдайға серік қосу, ислам шариғатына қайшы келетін амал жасау кездеспейді. Керісінше, «Көрісуден» бастау алатын бұл ұлыс мейрам – адамдардың қыс уақытынан аман шығып, бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, кішілерге ілтипат білдіретін атаулы күн. Туыстық қатынасты жалғайтын, көршілердің бір-біріне қонаққа барып, сыйлық алып, сылық беріп, амандық сұрасатын ғұрып. Ал бұл, өз кезегінде адамдар арасын жақындастырып, жүректеріне мейірім, сүйіспеншілік ұялатып, бауырмашылықты арттыратыны сөзсіз. Дініміздің талабы да осы.

"كَانَ -عَلَيْهِ الصَّلاةُ وَالسَّلامُ- إِذَا غابَ الرَّجُلُ عَنْ الْمَسْجِدِ ثَلاثاً, سَأَلَ عَنْهُ؛ فَإِنْ كانَ مَرِيضاً عَادَهُ, وَإِنْ كانَ مُسافِراً دَعَا لَهُ, وَإِنْ كانَ حَاضراً زارهُ"  –  أبو يعلى عن أنس بن مالك

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) егер мешітте бір кісіні үш рет көрмесе, ол туралы сұрастыратын; ал егер ауру-сырқат болса, жағдайын білуге оған баратын; сапарда жүрген болса, ол үшін дұға жасайтын; көз алдында жүрген болса, оны зиярат ететін еді».[2] Әнәстан жеткен келесі бір хадисте:

"ما زَارَ رَجُلٌ أَخَاهُ في اللهِ شَوْقًا إِلَيْهِ ، وَرَغْبَةً فِي لِقَائِهِ ، أَوْ حُبًّا لِلِقَائِهِ ، إِلَّا نَاداهُ مَلَكٌ مِنْ خَلْفِهِ : أَلَا طِبْتَ ، وَطابَتْ لَكَ"  –  البزار عن أنس

«Қайсыбір кісі діндегі бауырын сағынып, онымен кездесуді қалап, немесе онымен кездесуді жақсы көріп зиярат ететін болса, артындағы періште оған: «жақсылық істедің, саған да жақсылық болады» дейді»,[3] - делінген. Демек, наурыз мейрамында бір-біріне қонаққа барып, жағдайларын сұрастырғандар – жоғарыда келтірілген сүннет амалын тірілтушілер деуге толық негіз бар.

Әдетте, наурыз мейрамында қонақ күтіп алушылар ең дәмді, ең тәтті ас әзірлесе, қонаққа барушылар өздерімен бірге ең әдемі, ең бағалы сыйлықтарын ала жүретіндері мәлім. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Наурыз мерекесін тойлау кезінде, келген қонақтарға наурыз көже беріліп, әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге баратын болған. Осы орайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисіне назар аударсақ:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ الْإِسْلَامِ خَيْرٌ قَالَ تُطْعِمُ الطَّعَامَ وَتَقْرَأُ السَّلَامَ عَلَى مَنْ عَرَفْتَ وَمَنْ لَمْ تَعْرِفْ

Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте: «Бір кісі Пайғамбардан (с.ғ.с.) «исламның қайсысы жақсы (исламда қай амал хайырлы)» деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «(адамдарды) тамақтандыруың, танитын және танымайтын адамға сәлем беруің»[4] деп келтіріледі. Бұл керемет хадистен түсінетініміз, адамдармен сәлемдесіп, оларды тамақтандыру – исламдағы ізгі амалдардың бірі. Ал сыйлық беруге келетін болсақ:

تَهَادَوْا فَإِنَّ الهَدِيَّةَ تُذْهِبُ وَحَرَ الصَّدْرِ

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық сыйлаңдар. Расында сыйлық іштегі қас-дұшпандықты, ашу-ызаны, уәсуәс жаман ойларды кетіреді»[5] деген.

Наурыз мерекесі туыстық қатынасты нығайтуға да зор мүмкіндік. Өйткені, дәл осы күні туыстар бір-біріне хабарласып, жағдай білісіп, ізгі көңіл-ілтипаттарын білдіреді. Араздасқандар болса, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласып жатады. «Әнфәл» сүресінің 1-ші аятында Алла Тағала:

"فَاتَّقُوا اللَّهَ وَأَصْلِحُوا ذَاتَ بَيْنِكُمْ"  –  سورة الأنفال الآية: 1

«...Ендеше, егер мүмін болсаңдар, Алладан қорқып, араларыңды жарастырыңдар...» деп ескертеді.

 Ал хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

" مَن سَرَّهُ أن يَبسُطَ اللهُ عليه في رِزْقِهِ، أو يَنْسَأ في أثرِه، فَلْيَصِلْ رحمه"  –  أخرجه البخاري ومسلم وأبو داود عن أنس بن مالك

«Кім Алла оның ризығын арттыруын, немесе күнәсін кешіруін қаласа, онда туыстық қатынасты нығайтсың»[6] деген. Тағы басқа хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.):

"...وَمَنْ كانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ والْيوم الآخِر، فَلْيصلْ رَحِمَهُ..."  – 

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, туыстық байлансты жалғасын»[7] деді.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген халқымыздың дана сөзі осы наурыз мерекесі кезінде орындаған ізгі істерінің нәтижесінде пайда болған. Қыстан аман шыққан шаруа адамының арқасы кеңіп, қолынан айыр-күрегін тастамайтын, жергілікті бұлақтардың жағалауын мал баспайтындай етіп қоршап, табиғат байлығын қамқорлыққа алған.

Қадірлі жамағат! Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бірақ дінге де қайшы емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн шуағына бөленіп, көктемнің келуімен жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскендер бірін-бірі құшақ жая, риясыз қарсы алып, шын ықыласпен игі тілектер айтады. Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы. Сондай-ақ, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі азаматты тәрбелейтін ұлттық мейрам. Қорыта айтқанда, әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған салт-дәстүрі бар. Бабалар сабақтастығымымен, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан наурыз мейрамы – қазақ халқының төл мерекесі. Сондықтан, осынау бір атаулы күнде бір-бірімізге мұсылман бауыр ретінде қонаққа барып, қал жағдайымызды сұрасып, сыйлық ұсынып, ізгі тілектер тілегеніміз үшін Алла алдында сауапқа бөленуімізге үміт етеміз!

 

[1] Бұхари хадистер жинағы

[2] http://www.nabulsi.com/blue/ar/te.php?art=6093

[3] http://www.nabulsi.com/blue/ar/te.php?art=6093

[4] Бұхари хадистер жинағы

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] Бұхари хадистер жинағы

[7] Бұхари хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру