Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Мешіттер тазалығы қатаң қадағалауда

Ақтау қалалық "Бекет ата" мешітінің баспасөз қызметі 26.03.2020 119 0 пікір
Маңғыстау: Мешіттер тазалығы қатаң қадағалауда

Маңғыстау облысының мешіттерінде коронавирус індетінен сақтану мақсатында сақтық шаралары қолға алынып, тазалық жұмыстары жүргізілуде. Өйткені коронавирустан сақтанудың жолы – тазалық сақтап, адамдардың шоғырлануын болдырмау.

Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарында 35 мешіт бар. Облыс орталығындағы Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Есік-терезелер арнайы химиялық жуу құралдарымен тазаланып, ғимаратта қауіпсіздік толық сақталған.

– Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап облыстың барлық мешітінде сақтық шаралары бірден қолға алынды. Мешіттер күніне бір рет арнайы құралдармен дезинфекцияланып, бірнеше рет тазалап жуылады. Жұма намазы тоқтатылып, жамағаттың мешітке келуі азайды. Мешіттер тазалық жұмыстарына қажетті барлық құралмен толық қамтамасыз етіді, – дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев әлемге қатер төндірген дертпен күресте тұрғындарды ауызбіршілік пен сабырлық сақтауға шақырды. Мұнайлы ауданындағы «ар-Рахман» мешітінің бас имамы Зиядолла Емілдің айтуынша, мешітте тазалық жұмыстары жанданып, сақтық амалдары күшейтілген. Халық ең көп шоғырланған аудан саналатын Мұнайлыдағы орталық мешітте уағыздар уақытша тоқтатылып, жамағатпен жұмысқа шектеу қойылған.

Сақтық-қауіпсіздік шаралары мен тазалық жұмыстары Жаңаөзен қаласындағы және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған аудандарындағы барлық мешітте толығымен қолға алынған. Барлық қызметтердің жүргізілу барысы Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың қатаң қадағалауында.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі