Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛМАТЫДА «QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 19.09.2026 399 0 пікір
АЛМАТЫДА «QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі басталды. Көрменің ресми ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Биыл жаңа форматта ұйымдастырылған ауқымды шара ҚМДБ-ның негізгі қызмет бағыттарын, мекемелері мен жобаларын, сондай-ақ отандық және шетелдік халал индустрия өкілдерін бір алаңға тоғыстырып отыр.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Биыл көрменің ауқымын кеңейтіп, “QMDB EXPO-2026” атауымен жаңа форматта ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – Діни басқарманың сан қырлы қызметін халыққа кеңінен таныстырып, діни-ағартушылық, қайырымдылық, ақпарат, баспа, қажылық, халал индустриясы, уақып, цифрландыру және әлеуметтік бағыттарда жүзеге асып жатқан жұмыстарды бір алаңда көрсету. Сонымен қатар бұл көрме отандық және шетелдік кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуына мүмкіндік береді», – деді.

Биылғы көрмеге онға жуық мемлекеттің дипломатиялық өкілдері, елшілер мен консулдар қатысуда. Көрме алаңында жүзге жуық компания өз өнімдері мен қызметтерін көпшілік назарына ұсынуда. Қатысушылардың басым бөлігін отандық кәсіпорындар құрайды.

Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай және Тәжікстаннан келген компаниялар өз өнімдерін таныстыруда. Халал саласы бойынша Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген сала өкілдері де көрмеге қатысып, халал индустриясын дамыту бағытындағы бастамалар аясында тәжірибе алмасуда.

Айта кетейік, «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі 19-20 қыркүйек күндері Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 42 мекенжайындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында өтеді.











Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру