Бүгін, қасиетті жұма күні Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хаты табысталды. Алғыс хатты Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы табыстады.
Бұған дейін Сержан Тұрақбайұлы Индер ауданында Жайық өзеніне батып бара жатқан баланы құтқаруға атсалысып, сын сағатта батылдық пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен болатын.
Осыған орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерінің адам өміріне араша болған азаматтық ісіне ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хат жолдады.
«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Кім бір жанды құтқарса, бүкіл адамзатты құтқарғандай болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) деп, адам өмірін сақтап қалудың қадір-қасиетін айрықша баяндайды.
Сын сағатта батылдық пен жанашырлық танытып, суға батқан баланың өмірін сақтап қалуға атсалысқан ерлігіңіз үшін Сізге өз атымнан және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Сіздің бұл әрекетіңіз – ізгілік пен имандылықтың, дін қызметкеріне тән жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі», – делінген Бас мүфтидің Алғыс хатында.
Алғыс хат жұма уағызынан кейін жамағат алдында табысталып, Сержан Тұрақбайұлының игі ісі көпшілікке үлгі ретінде атап өтілді.
Айта кетейік, сондай-ақ Сержан Тұрақбайұлына Индер ауданы әкімінің міндетін атқарушы Фархат Шахметов атынан да Алғыс хат табысталды.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
18.09.2026
1637
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру