Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам жылы» аясында Астана қаласында «Құрбан айт – мейірім мерекесі» атты рухани мерекелік кеш өтті.
Мерекелік шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Кеш ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды көріністермен басталды. Фойеде күйшілер күй тартып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ұлттық нақыштағы көрме-жәрмеңке өтті.
Іс-шара барысында Бас мүфти жамағатты қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл ұлық мейрамның мұсылман жұртшылығын мейірімге, жанашырлыққа, бауырмалдыққа және ізгі амалдарға үндейтінін атап өтті.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесін ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрімізге сай өткізуге баса назар аударып отыр. Бұл – дініміз бен дәстүрімізді насихаттаудың орайлы сәті деп санаймын. Сондықтан баршамыз белсенділік танытып, айт мейрамын жоғары деңгейде өткізуге атсалыссақ, бұл бастама келер ұрпаққа үлгі әрі үнемі жалғасын таба беретін игі дәстүрге айналады деп сенемін.
Қасиетті айт күндері әр шаңыраққа береке, әр отбасыға амандық тілеймін. Алла Тағала шалған құрбандықтарыңызды, жасаған дұға-тілектеріңіз бен игі амалдарыңызды қабыл етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаратқан Иеміз халқымызға бақ-береке, мол ризық, ынтымақ пен татулық нәсіп етсін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Бас мүфти биыл жарияланған «Ислам және адал қоғам жылы» аясында жүзеге асырылып жатқан рухани-ағартушылық, қайырымдылық және тәрбие бағытындағы жобаларға тоқталып, қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Кеш аясында қайырымдылыққа негізделген «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында жас бүлдіршіннің еміне 2 500 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілсе, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 913-інші баспана кілті табысталды. Сонымен қатар Астана қаласы әйел-қыздар секторы «Музыкалық жас көрермен театрымен» бірлесіп «Ағайын тату болса» атты тағылымды қойылым ұсынды.
Мерекелік кеште жыршы Елмұра Жаңаберген Тұрмағанбет Ізтілеуов пен Қарасақал Ерімбет шығармаларын орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады. Бұдан бөлек, дін мен дәстүр тақырыбында викториналық сауалдар қойылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.


















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
27.05.2026
468
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру