
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түні елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне барып, жамағатқа уағыз айтты.
«Қадір түнінің артықшылығы» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Қадір түні – құлшылық ғибадаттың сауабы еселенетін, жер бетіне періштелер түсіріліп, дұға-тілектер қабыл болатын түн. Бұл түннің артықшылығы турасында Алла Тағала қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде:
«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух (Жәбірейіл періште) Раббыларының әмірімен жер бетіне түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», – деп айтқан.
Алла Тағала бұл сүреде қадір түнінің мың айдан да қайырлы екенін айтты. Мың айда 83 жыл 4 ай болатындығын ескерсек, Қадір түніндегі ғибадат-құлшылығымыз 83 жыл ғибадаттың сауабына тең болмақ. Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай» деді ҚМДБ Төрағасы.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру