
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында Әбу Ханифа медресе-колледжінің шәкірттеріне дәріс оқыды.
«Аллаға махаббат» тақырыбында дәріс оқыған Бас мүфти: «Рухани кемелдіктің негізі болып табылатын ихсанға жету үшін әрбір жан әуелі өзінің жаратқан Иесі Алланы тануы тиіс. Алланы танып, Оған иман келтірген пенденің Хақ Тағалаға махаббат қоймауы мүмкін емес. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ал иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді», – делінген («Бақара» сүресі, 165-аят). «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» – деп Хәкім Абай жырлағандай, Алланы жақсы көруге тырысуымыз керек.
Алланы жақсы көруден асқан мәртебе жоқ. Көркем мінез, ізгі амал, жақсы қасиеттердің бәрі де – Алланы жақсы көру арқылы пайда болатын жемістер. Алланы бәрінен артық жақсы көру мәртебесіне Алланың сүйікті құлдары ғана жете алады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла оларды жақсы көреді, олар да Алланы жақсы көреді», – деп сипатталады («Мәида» сүресі, 54-аят). Қорыта айтқанда, Алланы жақсы көретін сипатқа ие болуды жазғай» деді.
Дәріс соңында ҚМДБ Төрағасы медресе-колледж шәкірттерімен еркін сұхбаттасып, игі тілегін білдірді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру