Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА НАСИХАТ АЙТТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 08.09.2024 3004 0 пікір
БАС МҮФТИ ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА НАСИХАТ АЙТТЫ

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бақытты отбасы – дәстүр құндылығынан» тақырыбында өткен іс-шараға қатысып, мешітте ақ некесі қиылған жас отбасыларға насихат айтты.

«Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, керемет насихат айтады. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)...» делінген. Ибн Аббас осы аятты: «Олар сендер үшін жанға жайлылық, рақат, тыныштық, сендер де олар үшін дәл сондайсыңдар», – деп тәпсірлейді.

Алла Тағала бұл аятта ер мен әйелді киімге теңеу арқылы көп нәрсені астармен жеткізуде. Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.

Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Игі іс-шарада Бас мүфти тұсаукесер рәсіміне қатысып, бүлдіршіннің болашағы үшін дұға жасап, сый-сияпат берді.

Айта кетсек, жыл басынан бері Астана қаласы бойынша мешіттерде 3 мыңға жуық жас жұбайлардың некесі қиылған. Сонымен қатар мешіттерді Отбасылық кеңес беру орталықтары жұмыс істейді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру