Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық аппаратының жиналысы өтті.
Жиында ҚМДБ Төрағасы мүфтият қызметкерлерін алдағы 30 тамыз – ҚР Конституциясы және 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады.
«Баршаңызды күнделікті тіршілігіміздегі айтулы дата – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке, бірлік пен татулық, бақыт пен табыс тілеймін. Жаратқан жанұяларыңызға жар болсын!
Мұсылмандардың алғашқы әміршісі болған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) ел басқару аманатын қолға алған сәтте мінберге шығып былай деген еді: «Ей, адамдар! Мен сендерге басшы болдым. Алайда, сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат...»
Ел басқаруда даналық жолды ұстанған кез келген басшы халықтың бірлігі мен берекесін, бейбітшілігі мен игілігін, ар-ожданы мен діни сенімін жоғары қойып, адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтірмеуге тырысқан.
Сондай-ақ келе жатқан жаңа оқу жылы да құтты болсын. Білім ізденуге талпынған әрбір шәкірттің талабына Алланың нұры жаусын. Сіздердің де мектепке, жоғары оқу орнына баратын ұл-қыздарыңызға Хақ Тағала пайдалы ілім нәсіп еткей, зейіндері ашылсын» деді Бас мүфти.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру