Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕРІКТІЛЕР – НАҒЫЗ ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 05.12.2023 1458 0 пікір
ЕРІКТІЛЕР – НАҒЫЗ ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

 

Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Халқымызда: «Он адам жүрген жерде із қалады, Мың адам жүрген жерде жол қалады» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, еріктілер – ізгі істерге із бен жол қалдырып жүрген қайырымды жандар. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, жақсылық жасау – қанымызға сіңген қасиеттің бірі. «Асар», «жылу жинау» сынды дәстүрімізде бар ғұрыптар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жас буын өкілдерін ізгілікке үндеп келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осынау игі дәстүрімізді жаңғырту мақсатында мүфтият жанынан Дін мен дәстүр бөлімін ашты. Сонымен қатар «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмыс бағыттарының бірі – салтымызда сақталған қайырымдылық іс-шараларды сөзбен әрі іспен көбірек насихаттау. «Зекет және қайырымдылық» қоры ел жастарын игі іске ынталандыру мақсатында осыған дейін екі рет «Қайырымдылық жаршылары» форумын өткізді.

Алла Тағала қасиетті Құранда «Мәида» сүресінде: «Ізгі істерде бір-біріңе жәрдемдесіңдер», – деп әмір еткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күллі адамзатқа жолдаған өсиетінде ең жақсы адамның бойындағы ізгі қасиетін тілге тиек етіп: «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдалы болғандары», – деген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еріктілер туралы: «Расында, жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы  мен ақ батасы – соның айқын дәлелі. Әрқайсыңыз – шынайы құрметке лайықты нағыз отаншыл азаматсыздар. Мұны еш күмәнсіз, нық сеніммен айтуға болады» деп атап өтті.

Алла Тағала сіз бен бізді айнала-төңірегімізге пайдалы болған мұсылмандардан еткей. Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру