Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 23.09.2023 1625 0 пікір
БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Бүгін Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Медресе – қазақ ғалымдарының алтын ұясы» тақырыбында өткен конференцияда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, арнайы баяндама жасады.

Бас мүфти өз сөзінде Ислам діні келгендегі алғашқы медреселердің пайда болуы, Ардақты Пайғамбарымыз заманындағы медреселердің тарихи рөлі, Ислам тарихында алғашқы кездері мешіттердің құлшылық орнымен қатар медресе қызметін де атқарғаны жайында айтып өтті. 

«Алланың жер бетіндегі үйі мешіт, оның дінін үйрететін медресе уақыт өте қазақ далысынан да жүздеп ашылды. Сол мешіт пен медреседе бабаларымыз алғашқы діни сауатын ашып, ұрпағын оқытып, имандылыққа тәрбиеледі. Абай атамыз «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегендей бабаларымыз білім көзінің бастауын медресемен байланыстырған. Орта Азия мен Қазақстанда білімнің, ғылымның, мәдениеттің қайнар бастауы VIII-XII ғасырларға жататынын ескеруіміз керек. Ондағы оқыту мен сабақ жүргізудің өзіндік дәстүрі қалыптасып, ол бірнеше ғасырға дейін үзілмей жалғасын тауып, жаңашылдықпен дамыды.

Мұсылман мектептері мен медреседегі шәкірттер діни сауат ашумен қатар философия негіздері, математика, музыка, құқықтану, медицина саласынан білім алып, білікті маман ретінде қалыптасып, қоғамдық ортаға белсене араласқаны белгілі. Олай дейтініміз әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина, Омар Хайям, Қашқари, Науаи, Ұлықбек секілді атақты ғалымдар негізгі білімді медреселерде алған. Яғни, медресе Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында елеулі рол атқарды.

Қазақ еліндегі мектеп, медреселердің дамыған кезеңінің бірі 19-шы ғасыр мен 20-шы ғасырдың басы деуге болады. Осы кезеңдегі ел өміріндегі елеулі оқиғалар¬дың барлығы да ақын-жыраулардың шығармаларында өзінің көркемдік ше¬шімін тапқан. Бұл дәуірдегі ақын-жа¬зушылардың, білікті азаматтардың бәрі дерлік медреседе білім алып, өмірлік көзқарасы қалыптасқан, ел қамын ойлайтын қайраткер дәрежесіне дейін көтерілген еді. Бүгінгі таңда ҚМДБ-ға қарасты медреселердің барлығы медресе-колледж дәрежесіне жетіп, шәкірттеріміз Діни басқарма мен Оқу-ағарту министрлігі бекіткен жоспарға сай білім алуда» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар конференцияда Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шәмшәддин Керім, Төрәлі Қыдыр одан өзге Мақсат Тәж-Мұрат, Батқытжан Сатершинов, Құлмұхамед Махамбет, Мұхан Исахан және Бижан Илесбеков сынды ғалымдар қазақ жеріндегі алғашқы діни оқу орындары, қазіргі медреселердің білім беру жүйесі, XIX-XX ғасыр басындағы жаңа әдісті медреселердің тарихы турал толыққанды баяндама жасады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру