Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕДРЕСЕ ШӘКІРТТЕРІН БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 01.09.2023 1868 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МЕДРЕСЕ ШӘКІРТТЕРІН БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ (ФОТО)

Бүгін елордадағы «Астана» медресе-колледжіне арнайы барған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздар мен шәкірттерді білім күнімен құттықтап, білім алудың маңызы жайында насихатын жеткізді.

«Хақ Тағаланың қасиетті кітабымыз Құран Кәрім алғаш түскен сәттегі бірінші бұйрығы: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы» деп келген болса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз» деп өсиет еткен екен.

Ислам діні – ілім-білімге баса назар аударған дін. Асыл дініміз шариғат ілімін де, дүниелік ілімді де үйренуге шақырады. Өйткені құс қос қанатынсыз ұша алмайтыны секілді, адам баласының да дүниелік және ақыреттік ілімсіз ұшпаққа жетуі, екі дүниеде де бақытты болуы екіталай. Әрине, білім алу, білімді болу және оның шыңына жету бір күнде бола қоятын нәрсе емес. Оған мықты ықылас, табандылық және төзім, яғни сабыр қажет. Бабаларымыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған.

Білім алудың маңызы, оның артықшылығы жөнінде аят-хадистер өте көп. Солардың бірінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала біреуге жақсылық қалаған болса, оған шариғат ілімін үйренуді жеңіл етеді» дейді. Тағы бір хадисте Алла Тағаланың білім алу үшін үйінен шыққан мұсылман құлына көп жақсылық жазып қоятыны, оның жолына періштелер қанат жаятыны жөнінде баяндалған.

Құрметті шәкірттер! Әсіресе, медресе қабырғасында білім алуға енді келіп жатқан іні-қарындастарымызға айтарым, білім алуда ықыласты және төзімді болыңыздар» деді Бас мүфти.

Шәкірттерді 1-курсқа қабылдау іс-шарасынан соң Наурызбай қажы Тағанұлы медресе ұстаздарымен кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайы мен биылғы оқу жылына дайындығы, білім бағдарламасы жайында сөйлесті.

Айта кетейік, «Астана» медресе-колледжіне биыл 40 ұл, 42 қыз қабылданды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру