Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.08.2023 2864 0 пікір
БАС МҮФТИ ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепное ауылындағы жаңа мешіттің ашылуына қатысты.

«Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 52 мешіт бар. Оның 4-еуі Орал қаласында болса, 13-і – аудан орталықтарында, 36-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Бүгін міне, Орал қаласының іргесінен бой көтерген жаңа мешіттің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Аллаға шүкір, бүгінде елімізде мешіт саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 2800-ге жуық мешіт бар. Әлі салынып жатқан мешіттер де жетерлік. Батыс Қазақстан облысында оннан астам жаңа мешіт салынуда. Мұның бәрі Алланың рақымының арқасында іске асып жатыр деп білеміз. Алла сансыз шүкір айтамыз!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти сонымен қатар мешіт салудың сауабы мен мешітте атқарылатын құлшылықтарға тоқталып: «Өздеріңіз білесіздер, мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Себебі мешіттеріміз тек құлшылық жасайтын орын ғана емес. Мешіт – діни сауат ашатын, сәбилерге азан шақырып ат қоятын, жаңадан отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиятын, дүниеден өткен аяулы жандарға Құран оқытып, дұға бағыштайтын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасалатын, қиналған адамдарға рухани қолдау көрсететін мейірім мекені. Ендеше, бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы мешіттің де іші жамағатқа толып, дін Исламға лайықты қызмет етуін тілеймін!» деді ҚМДБ Төрағасы.

Наурызбай қажы Тағанұлы сонымен қатар жамағатқа жаңа мешіттің бас имамы қызметіне Ерлан Кенжиннің тағайындалғанын хабарлап, құлшылық үйінің бой көтеруіне атсалысқан Ғимран Биболатұлы, Ершат Қуанұлы, Азамат Рысқұлұлы, Нұрлыбек Аралбайұлына алғыс хат табыстады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру