Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ АҚСАҚАЛДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 08.08.2023 4057 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ АҚСАҚАЛДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында облыстың ардагерлері, мешіт ақсақалдары және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

ҚМДБ Төрағасы ақсақалдардың қоғамдағы орны туралы айта келіп, өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі мүфтият жұмысы үшін ауадай қажет екенін айтып өтті.

“Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қарттың қасында береке бар» деген болатын. Біздің қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген жақсы сөз бар. Сондықтан сіздердің басып өткен жолдарыңыз, көрген-түйгендеріңіз талай жасқа жылдар бойы азық болары сөзсіз. Осыны ескере келе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құрдық. Кеңестің бірнеше мәжілісі өтті. Бірнеше аймақта Ақсақалдар форумын өткіздік. Мұның бәрі де мүфтият жұмысына тың серпін берді. Бүгін де міне, өздеріңізбен жүздесіп, сіздердің ойлы пікірлеріңізді тыңдап, кәдеге жарату мақсатында бас қосып отырмыз” деді.

Сонымен қатар Бас мүфти қоғамдағы түрлі шиелініскен мәселелерді мәміле аясында шеше алатын жандар ақсақалдар екенін алға тартты.
“Жастар қарияларға құлақ асады, жүйелі сөзге тоқтайды. Сондықтан жастарға тәлім-тәрбие беруде жүріс-тұрысынан даналықтың көркем үлгісі есіп тұратын дуалы ауыз ақсақалдарымыздың орны ерекше деп білемін” деген Бас мүфти ақсақалына қарап елі өсетінін, көргенін бойына түйетінін атап өтті.
Кездесуде Бақтияр Құсайынов, Құмар Қүрақов бастаған өңір ақсақалдары ҚМДБ Төрағасына ұсыныс-пікірін жеткізіп, Діни басқарма жұмысына сәттілік тіледі. Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің Аппарат басшысы Нұрділдә Ораз жүргізді. 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру