Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ – ҚАРАҒАНДЫ ӨҢІРІНДЕ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 27.02.2023 2089 0 пікір
БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ – ҚАРАҒАНДЫ ӨҢІРІНДЕ

Өткен аптада ҚМДБ Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Нұрлан Қайырбеков Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.

Нұрлан Евфратұлы бірінші кезекте Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №31 мекемесінің 7 жасағында және теологиялық оңалту жұмыстарының кабинетінде «Дәстүрлі дінді түсіндіру» тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жазасын өтеушілердің арасында діни радикализм мен фанатизмнің алдын алу еді.

Кездесуде жазасын өтеушілерге дәстүрлі діннің ел бірлігіндегі, рухани тұтастықтағы маңыздылығын айтып, ата-баба ұстанған жолдың ізімен жүруге насихат етті. «Мұсылман бірлігі – дәстүрлі дініміздің негізгі мақсаты» деп айрықша атап өтті. 21 жазасын өтеуші қатысқан бұл кездесуде дін маманы өзіне қойылған сауалдарға тиісті жауап беріп, күмәнды мәселелердің түйінін тарқатып берді.

Сонымен бірге, РАНТ мүшесі Қарағанды Орталық мешітінде құптан намазынан соң уағыз айтты. «Ізгі қоғам – мұсылмандық сипаты» тақырыбында құптан уағызын жүргізген бөлім меңгерушісі Ханафи мәзһабы, Матуруди сенім мектебі аясында шариғи сұрақтарға жауап беріп, дәстүрлі дініміз арқылы қоғамда ізгі қоғамды қалыптастыру қажеттігін басып айтты.

Мұнан соң, бөлім меңгерушісі Қарағанды техникалық университетіне ат басын тіреді. Студенттермен «Дәстүрлі діннің маңызы» тақырыбы аясында сұхбат өткізген Нұрлан Евфратұлы – шәкірттердің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарына тұшымды жауап берді. Бірізділікті және бірлікті насихат еткен бұл шарада сұрақ-жауап ретінде әңгіме өрбіді.

Сондай-ақ, қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген іссапар соңында РАНТ мүшесі Орталық мешітте «Кісі ақысын жеу – үлкен күнә» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Ешкімнің ала жібін аттамау, біреудің хақысына кірмеу қажеттілігі жайында айтқан Нұрлан Евфратұлы Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне кеңінен тоқталды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру