Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЖЫЛЫҚ МАУСЫМЫН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 14.02.2023 2373 0 пікір
ҚАЖЫЛЫҚ МАУСЫМЫН ҰЙЫМДАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ (ФОТО)

Елордада 2023 жылдың қажылық маусымын ұйымдастыру бойынша өкілетті мемлекеттік органдардың және туроператорлардың қатысуымен арнайы жиын өтті.

Жиынға ҚМДБ, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің және биылғы қажылық маусымында қажылық орындарын алған 18 туроператордың басшылары мен өкілдері қатысты.

Аталмыш жиынның мақсаты – 2023 жылғы қажылық маусымын отандастарымыз үшін қолайлы және жоғары деңгейде ұйымдастыру.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен арнайы кездесіп, биылғы қажылық жұмыстарын оңтайландыруды талқылаған болатын.

Туроператорлармен жиналыс барысында наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы «Қажылық-2023» маусымына байланысты қажылық бағасын барынша арзандатуға қатысты туроператор тарапынан нақты қадамдар жасау жолдарын ұсынуды сұрады.

Өз кезегінде 2023 жылы қажылық құлшылығын ұйымдастыруға мүмкіндік алған 18 туристік фирма еліміздегі қажылық бағасының жоғары болуының себептеріне қатысты ұсыныс-талаптарын жеткізді.

Атап айтқанда туроператорлар қажылық бағасының қымбат болуының басты себептерінің бірі – жылда айтылып келе жатқан чартерлік әуе рейстерінде бағаның жоғары болуы. Сонымен қатар конкурста тиісті қажылық орындарын алмаған кейбір турфирмалар арзан бағада қажылыққа адам жинап, халықты адастырып жатқаны сөз болды. 2022 жылғы қажылық маусымында да кейбір турфирмалар қажылық жасауға заңсыз әрі шариғи негізі дұрыс болмайтын туристік виза арқылы бірнеше азаматты алып барып, халықты әуре-сарсаңға салған болатын. Осы мәселелерге байланысты ҚМДБ мен тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан тоқтау салу жолдарын қарастыруды жиналысқа қатысқан турфирма өкілдері сұрады.

Жиналыс барысында «Қажылық-2023» маусымына дайындық шараларының  ертерек басталуы әлемдік тәжрибенің озық үлгісі екендігі жайында айтылды. Туроператорларға биыл қажылыққа ниет еткен азаматтардың Рамазан айының соңына дейін немесе мүмкіндігінше ертерек тіркелуін ұйымдастыру және сәуір айының аяғына дейін электронды жүйе арқылы алынатын Мекке мен Мәдина қонақүйлері, Мина, Арафат төлемдерін жасау қажеттігі Корольдіктің Қажылық және ұмра министрлігінің басты талаптарының бірі екендігі ескертілді.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен қажылық орындарын алған 18 туроператор арасында келісімшарт түзілді. Аталмыш келісімшартта екі тараптың міндеттемелері белгіленді. Атап айтқанда ҚМДБ тарапынан Қазақстан қажылық миссиясы құрылып қажылық маусымын ұйымдастыру жұмыстарына көмек көрсетуге және Республикамыздағы аудандық, қалалық, облыстық статустағы мешіттерде қажылық сапарына байланысты семинарлар, дәрістер ұйымдастыру секілді біршама міндеттер жүктелді.

Ал, туроператорларға діни құндылықтар мен қажылық амалдарын орындауда Ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мәзһабы және имам Матуриди ақидасы бойынша Ислам дінін насихаттауды ұйымдастыру, көрсетілетін қызмет сапасы қажылық пакетіне және Қазақстан Республикасының заңнамаларының талаптарына, санитарлық-гигиеналық ережелері мен нормаларына сәйкестендіру және туроператор қызметкерлері Діни басқарма бекітпеген бөгде тұлғалардың қажыларға уағыз-насихат жүргізуіне жол бермеу секілді бірқатар міндеттер жүктелді.

Жиын қорытындысында биылғы қажылық маусымын Қазақстан мұсылмандары үшін барынша жоғары деңгейде ұйымдастыру басты талап екендігі қаперге алынды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру