Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ТАРИХИ МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 30.12.2022 4842 0 пікір
БАС МҮФТИ ТАРИХИ МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Қостанай қаласында ғасырдан аса тарихы бар «Марал Ишан» мешіті жамағатқа есігін айқара ашты.

Қасиетті жұма күні құлшылық үйінің ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ақын Ақылбек Шаяхмет, профессор Аманжол Күзембайұлы және жергілікті жамағат қатысты.

Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы құттықтау сөзінде мешіт тәрбие мен тағылымның, имандылықтың ордасы дей келе облыста тағы да жаңа екі мешіт ашылатынын жеткізді.

Ал Астанадан арнайы келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті жұрттың қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді.

«Бүгін қасиетті Жұма күні жақсылықтың жаршысы боп отырмыз. Өздеріңіз соңғы алты жылда асыға күткен «Марал Ишан» мешіті қайта ашылды. Иә, бұл – тарихи мешіт. Келер жылы салынғанына 130 жыл толғалы отыр. Кезінде ел ішіндегі  Мінайдар болыс, Есентай қажы, Лекер қажы сынды қазақтың жанашырлары қаржы бөліп, елді ұйыстыруға мұрындық болды. Міне осылайша жұмыла кірісіп, осы мешітті салдырған. Ғасырлық тарихы бар құлшылық үйін қайта жөндеп, жамағатқа жағдай жасаған барша азаматтарға Алла разы болсын. Мешіт құтты болсын!» деді ҚМДБ Төрағасы.

Кейін ел ағалары сөз алып, көне мешіттің өткені жайлы баяндады. Қайта ашылған мешіттің тұсаукесер рәсімі жасалып, шашу шашылды. Артынша қонақтар мешітті аралап, ел ағалары батасын берді.

Тарихи деректерге тоқталсақ, 1893 жылы Қостанай мешітінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Мешіт аумағы – 844,3 шаршы метр, жалпы аумағы – 821,4 шаршы метр. Биіктігі – 4, 510; бір күмбезді, бір мұнаралы, күмбезінің биіктігі – 18,890, мұнарасының биіктігі – 22,745, 1000 адамға арналған.

Алла үйі 1930 жылға дейін халыққа қалтқысыз қызмет етті. Одан кейін жұмысшылар клубына айналды. Ұлы Отан соғысы жылдары онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980-1991 жылдары филармония залы болған. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылды. 1993 жылы жүз жылдық мерейтойы аталып өтті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру