Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ МАРОККОДАҒЫ ӘЛ-ҚАРАУИН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 12.12.2022 2588 0 пікір
БАС МҮФТИ МАРОККОДАҒЫ ӘЛ-ҚАРАУИН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Марокко Корольдігіне жұмыс сапарымен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғашқы кездесуін Фес қаласынан бастады. Мұнда Діни басқарма Төрағасы әлемдегі ең көне университеттің ректоры доктор Амал Жәләл мырзамен кездесті. Оқу ордасының басшысы ҚМДБ делегациясын жылы қабылдап, ілтипат көрсетті.

«Бұл университет 859 жылдан бері үздіксіз білім беріп келеді. Біздің оқу орнымыз дәстүрге сай ашықтық саясатын ұстанамыз. Әлем елдерінен келем деушілер үшін есігіміз ашық. Болашақта Сіздердің Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өзіңізді арнайы университетпен толық танысуға шақырамын» деді ректор.

Өз кезегінде Бас мүфти оқу ордасының басшысына алғысын білдіріп, болашақта екіжақты шәкірт тәрбиелеу, тәжірибе алмасу жағын атап өтті.

«Ислам діні адам баласын үнемі білім алуға жетелейді. Сондықтан дінімізде ең алғашқы түскен Құран аяты да «Оқы! Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталды. Сіздің тараптан болған ыстық ықыласыңызға алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен тұрақты келісім аясында бірлесе ынтымақта жұмыс істеуге дайынбыз. Біздің Марокко еліндегі зияратымыздың негізгі бағыты да сол – екі ел арасындағы рухани байланыстарды арттыру. Әл-Қарауин әлемдегі ең алғашқы университет болғандықтан мұсылман елдері арасында да қызығушылық тудырады. Мыңжылдық тарихы бар оқу ордасында еліміздің шәкірттері келіп оқыса дейміз. Алла Тағала білім ордасына береке беріп, шәкірттердің зейіні ашылсын» деді Бас мүфти.

Екіжақты кездесуден соң ҚМДБ Төрағасы ілтипат кітабына ізгі тілегін қалдырды. Кейін ректор университеттің көне қолжазбалар бөлімін көрсетіп, түпнұсқада сақталған мыңжылдық тарихы бар кітаптармен таныстырды. Сондай-ақ Бас мүфти бастаған делегация университеттің ескі кешенін аралап, бүгінгі тынысынан хабардар болды.

Айта кетейік Әл-Қарауин оқу орны Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең алғашқы университет әрі үздіксіз жалғасып келе жатқан білім беруші кешен ретінде кірген. Әл-Қарауин университінің негізін 859 жылы Қайруан қаласынан қоныс аударған меценат Мұхаммед әл-Фиһридің қызы Фатима әл-Фиһри қалаған. Әл-Қарауин университеті мен мешіті Фес қаласында орналасқан. Университте грамматика, шешендік өнер, логика, медицина, математика, астрономия, химия, тарих және география секілді пәндер оқытылған. Әл-Қарауин университетінде ислам ақидасы мен фиқһына баса назар аударылады. Сонымен қатар француз және ағылшын тілдері де қатар оқытылады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру