Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ШЫМКЕНТТЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 02.11.2022 3903 0 пікір
БАС МҮФТИ ШЫМКЕНТТЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесуге мемлекет және қоғам қайраткерлері – Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев, Шалатай Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нұркөз Жаңабаев т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.

Рухани басқосу ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының рухына қасиетті Құран хатым дұғасын бағыштаудан басталды.

«Мен осы ретте өздеріңізбен той өткізу әдебіне қатысты пікірлескім келеді. Тойда қариялар алдында түрлі қылық көрсетіп, анайы билеу, әдепсіз ойындардың ұйымдастырылуы сіз бен бізді бей-жай қалдырмасы анық. Осы ретте тойды ұйымдастырушы азаматтарға айтарым: қуанышты бөлісудің өзіндік әдебін сақтасақ дегім келеді. Сіздер де осы мәселені өз орталарыңызда айта жүрсеңіздер деген тілегім бар. Екіншіден, ел ішінде ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол беріп жатқан жандар аз емес. Осы мәселеге де қарияларымыз назар аударып, қоғамның қаперіне сала жүрсе. Зәулім кесене тұрғызуға, аста-төк ас беруге жұмсалған артық шығын қайырымдылыққа, халықты ағарту ісіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Зиялы қауым өкілдері Бас мүфти көтерген мәселені қолдайтынын білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Басқосуда жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, имамдардың білімін жетілдіру, ас беру, зират көтеруде ысырапқа жол бермеу т.б. мәселелер талқыланды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру