Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАРДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 05.10.2022 2748 0 пікір
БАС МҮФТИ ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАРДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен елорда имамдарына арналған «Діни үдерістердегі модернизациялық аспектілер» тақырыбында арнайы семинар өтті. Семинар жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімінің орынбасары Есет Берікұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Астана қаласының «Дін істері жөніндегі басқармасы» ММ басшысы Нұрдаулет Әлмұханов және қала имамдары қатысты.

Маңызды жиында алғы сөз алған Бас мүфти ҚМДБ жұмысына тоқталып, діни оңалту және имамдарды жоғары біліммен қамту мәселесін тілге тиек етті. Наурызбай қажы Тағанұлы қазіргі уақытта діни жоғары білімді имамдардың көрсеткіші 65 пайызға жеткенін атап өтті.

«Біз бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының даму стратегиясы құжаты қабылдадық. Ендігі меже – Жаңа Қазақстандағы ҚМДБ бағыттарын, яғни 2022-2027 жылдарға арналған даму стратегиялық бағдарламасын қабылдап, қазіргі заман тенденцияларын ескере отырып, жаңа тәсілмен қызмет ету. Соның бірі, бүгінгі жиынға арқау болған сала – діни оңалту. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті діни ағымның арбауында кеткен азаматтарды оңалту, оларға діни кеңес беріп, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу» - деді Бас мүфти.

Сонымен қатар семинарда сөз алған Ержан Болатқанұлы имамдардың біліктілінін арттыратын жұмыстар министрлік тарапынан да қолға алынатынын жеткізді. Одан бөлек ҚМДБ қабылдаған «Ас беру», «Зират пен зиярат» құжаттарын және дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу бағытындағы жұмыстарды халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды.

Бір күндік семинарда ҚМДБ ұстаздарымен қатар белгілі теологтар, SMM мамандары, экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері арнайы дәріс өткізбек.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру