Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СЕМЕЙДЕ АЙМАҚТЫҚ АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 23.09.2022 2406 0 пікір
СЕМЕЙДЕ АЙМАҚТЫҚ АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін Семей қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары ақсақалдарының «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» аймақтық форумы өтті.

Форумға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Діни басқарма жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен жергілікті имамдар қатысты.

Айтулы жиын Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, кейін ҚМДБ-ның жыл басынан бері атқарған негізгі жұмыстары бейнеролик түрінде көрсетілді.

Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Телманұлы қарияларымыздың қоғамдағы орны мен тәрбиенің тірегі туралы айта келе форум жұмысына табыс тіледі. ҚМДБ Төрағасы өз сөзінде ұлттың ұлт боп сақталуы, бала тәрбиесіндегі бабалар жолы, ұлағатты ұрпаққа ақсақалдың көрсетер керемет образы жайлы баяндамасында атап өтті.

«Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Онда қарттық жаспен өлшенбейді, көрген-білген, түйгенмен өлшенеді. Ал Сіздердің осы жастағы көрген-түйгендеріңіз талай жасқа жылдар бойы азық болары сөзсіз.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам», – деген болатын. Хәкім Абай да «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді. Сондықтан әр азамат «Қазақстан» атты алып ғимаратқа бір кірпіш болып қаланып, сол орында өз міндетін ұқыпты, мұқият, тиянақты, адал атқаруы ләзім. Осы ретте біз қазақ халқында ежелден қалыптасқан Аталар институтын қайта жаңғыртуымыз қажет деп білемін. Бұл институт қазіргі қалыптасып келе жатқан Жаңа Қазақстанды көтеру тұрғысынан пайдалы болады деп сенеміз.

Өмір мектебінің сан түрлі сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет.Себебі біз болмысымыздан бір сөзбен ердің құнын кешірген, қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған халықпыз. Сол себепті сіздерді ел мүддесі үшін бірігіп қызмет етуге шақырамын. 

Өздеріңіз жақсы білесіздер, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ел азаматтарының басым көпшілігінің қолдауымен Ата заңымызға өзгерістер енгізілді.Енді мемлекеттігіміздің тұғырнамасы түбегейлі өзгермек.

Бүгінгі алқалы жиын да елімізді, елдігімізді дамыту жолында серпін береді деп білемін. Әрдайым бірлігіміз бекем болып, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетуді Алла нәсіп етсін» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар форумда ел ағалары Жабал Ерғалиев, Абдулла қажы Жолдас, Манарбек Мұхаметжанов, Асан Омаров, Рашид Бектеміров, Зейнолла Тоқаев сынды елге белгілі ақсақалдарымыз сөз сөйлеп, форумның мәнін аша түсті.

Жиын соңында қатысушылар бір ауыздан ақсақалдар мектебін жаңғыртуға күш салатынын жеткізді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру