Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШЕТ ЕЛДЕРГЕ ЕТ ЭКСПОРТТАЙТЫН ҚАСАПХАНАЛАР ТЕКСЕРІЛДІ (ФОТО)

muftyat.kz 16.06.2022 3481 0 пікір
ШЕТ ЕЛДЕРГЕ ЕТ ЭКСПОРТТАЙТЫН ҚАСАПХАНАЛАР ТЕКСЕРІЛДІ (ФОТО)

Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Біріккен Араб Әмірлігіне үлкен көлемде ет экспорттайтын «Bio Agro Meat» және «ADS Groupе» қасапханаларында бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізді. Аудит шараларына жергілікті инспектор-контролер Қазбек Сарыбаев та қатысты.

«Bio Agro Meat» – Шымкенттегі БАӘ-не ет экспорттайтын бірегей кәсіпорынның бірі. Алдағы уақытта «QMDB Halal» таңбасымен тұтастай Парсы шығанағы елдеріне ет жеткізуді қолға алуда. Ал «ADS Group» қасапханасын сертификаттау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл қасапхана да Парсы шығанағы елдеріне ет экспорттаумен айналысады.

Аталған қасапханаларда жүргізілген аудит барысында мал бауыздауға қатысты қойылатын халал стандарты талаптарының орындалуы мен сақталуы назарға алынды. Малды қолмен әрі «Бисмиллаһ» айтып бауыздауы, мал сою барысында өткір, қалыңдығы мен ұзындығы стандартқа сай пышақ қолдануы, бір малдың көзінше өзге малды соймауы, қинамауы, малды бауыздағаннан кейін қан ағызу ұзақтығының бекітілген стандартқа сәйкес келуі, мал етін өңдеу, сақтау, сату, тасымалдау секілді процестің барлығында бекітілген талаптардың жүйелі жүзеге асуы ескерілді.

Қорытынды актіге сәйкес, тексеріс барысында халал стандарты талаптарын бұзу жағдайлары анықталмады. Сонымен қатар қасапхана қызметкерлеріне шариғат тәртібін сақтай отырып халал талаптарына сай мал сою жөнінде оқу-семинары өткізілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру