Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2021: БІР ЖЫЛДА 445 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 29.12.2021 2250 0 пікір
ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2021: БІР ЖЫЛДА 445 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ

ҚМДБ «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығы мамандары жыл басынан бері 445 кәсіпорынды жаңадан сертификаттаудан өткізіп, 100 қасапшыға арнайы куәлік берді. Бүгінде 1000-нан астам кәсіпорын, 630 қасапшы «QMDB HALAL» сертификатымен өнім өндіруде.

Еліміздегі ең ірі сауда орындарының бірі саналатын 165 «MAGNUM» дүкеннің ет және шұжық сөрелеріне «QMDB HALAL» белгісі берілді. Сондай-ақ Ресей Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түркіменстанда орналасқан шетелдік кәсіпорындардан да келіп түскен өтініштер қанағаттандырылып, сертификат табысталды. Жыл бойы 2574 рет тексеріс жұмысы жүргізілді.

Биыл «Халал Даму» мамандары 2 халықаралық, 4 отандық конференцияға қатысты. Бас мүфти бастамасымен сапалы маман даярлау мақсатында «Халал Даму» мекемесі жанынан ашылған оқу орталығында 50-ге жуық семинар-тренинг өткізіліп, оған 800-ге жуық технолог, экспедитор, ветеринар, азық-түлік қауіпсіздігі мамандары қатысты.

2021 жылдың 27 мамырында Алматыда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен халал өнімдердің алғашқы ең ауқымды жәрмеңкесі өтті. 11-12 қазан күндері Шымкент қаласында «QMDB HALAL» сертификатын алған өнімдердің халықаралық «HALAL EXPO-2021» көрмесі өтті. Көрмеге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің және отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, халал индустриясындағы белді кәсіпорындар мен халықаралық сертификаттау органдары қатысты.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру