Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ҚАДІР ТҮНІНДЕ ОНЛАЙН БАҒДАРЛАМА ҰСЫНДЫ (ВИДЕО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.05.2021 1064 0 пікір
ҚМДБ ҚАДІР ТҮНІНДЕ ОНЛАЙН БАҒДАРЛАМА ҰСЫНДЫ (ВИДЕО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір түнінде «1000 айдан қайырлы Қадір түні» онлайн бағдарламасын ұсынды.

Пандемия жағдайына байланысты былтырғыдай биыл да көпшілік Құран хатым дұғасына онлайн қосылып, уағыз-насихатты мешіттен емес, эфир арқылы тамашалады.

Онлайн бағдарламаға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы мен бөлім басшылары қатысса, профессор Дихан Қамзабекұлы, айтыскер-ақын Аманжол Әлтай, ақын Ауыт Мұқибек пен дінтанушы Рақымжан Рәшімбетов Қазақ елін мың айдан қайырлы Қадір кешімен құттықтады.
Алдымен тікелей эфирде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қадір түні жайлы насихат айтып, жүрекжарды тілегін жолдады. Сондай-ақ Рамазан айы кірген күннен бастап оқылған Құран хатымның арнайы дұғасын жасап, елімізге амандық, бейбіт заман тіледі.

Бұдан кейін наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы зікір, салауат және тасбих айтудың артықшылығы жайында сұхбат берсе, ҚМДБ бөлім басшылары Қанат Алшынбаев, Смайыл Сейтбеков, Батыржан Мансұров пен Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл «Құлшылық пен ықылас-ниет», «Кешірім тілеудің маңызы», «Мүміннің Рамазаннан кейінгі сипаты», «Рамазан айындағы зекеттің пайдасы мен хикметі» тақырыптарында насихат айтты.

Онлайн бағдарлама мүфтияттың ресми YouTube арнасы мен Instagram парақшасы арқылы өтіп, тікелей эфирден жалпы саны 20000 көрермен тамашалады. «Халық арна» эфирінен де беріліп, бір жарым сағатқа созылған бағдарламаны тележурналист Еркін Шәкірұлы жүргізді. Сұхбаттар мен уағыз-насихаттар арасында Рамазанға қатысты роликтер мен Қадір түнінің дұғасы көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, тікелей эфирде сағат 22:45-тен бастап «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Мың айдан да қайырлы қадір түні» атты 2,5 сағаттық бағдарламасын ұсынса, ҚМДБ-ның Алматы, Талдықорған мен Шымкент қаласындағы, Жамбыл мен Атырау облысындағы өкілдіктері әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн бағдарлама өткізді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі