Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ ЖӨНІНДЕ ОНЛАЙН СҰХБАТ БЕРДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 05.04.2021 3397 0 пікір
БАС МҮФТИ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ ЖӨНІНДЕ ОНЛАЙН СҰХБАТ БЕРДІ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында өткен AntikorLive онлайн сұхбатына қатысты.

Бас мүфти жемқорлықтың қоғамға тигізер зиянынан бөлек, шариғатта қатаң тыйым салынған үлкен күнәлардың бірі екенін атап өтті.

«Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 42-аятында: «Олар жалған сөз тыңдауға құмар, арам нәрсені жеуге әуес. Егер алдыңа дауласып келсе, қаласаң, араларында билік айт, қаласаң, олардан сырт айнал. Сырт айналсаң, олар саған титтей де зиян тигізе алмайды. Ал олардың арасында билік айтсаң, әділ үкім шығар. Шүбәсіз, Алла әділетті жандарды жақсы көреді» деген. Бұл аятты тәпсірші ғалымдар арам жеушілер дегенді өзгенің мал-мүлкін иемдену, ақысын жеу деп түсіндірген. Яғни, адамдар өзінің мансабын, басқа да басымдықтарын пайдаланып, өзгенің мал-дүниесін нақақтан, арам жолмен алуы күнә екендігін жоғарыдағы аят сіз бен бізге айтып отыр. Ал енді пайғамбарымыздың хадисіне келер болсақ, «лауазымды қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық арам жолмен келген жалақы» деген сөз бар. Яғни біреудің лауазымын пайдаланып, соған сыйлық беріп, өз мақсатына жеткізгісі келетін адам және сол лауазымын пайдаланып, адамдардан арам жолмен пара алған адамның жағдайын пайғамбарымыз осылай сипаттап берген» деді Бас мүфти.

Жемқорлықтың тек бір адамға ғана емес жалпы халыққа зияны тиетінін айта келе, бұл күнәнің ақыретте ауыр азапқа ұшыратып, осы дүниеде мемлекеттің, елдің дамуына кедергі болатынын тілге тиек етті.

Еске сала кетелік, AntikorLive – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің онлайн-жобасы. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуы, Агенттіктің осы саладағы атқарып жатқан жұмыстары және жобалары, қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыру және т.б туралы ой бөлісетін алаң. Бүгінгі күнге дейін жобаға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Елшілер, қоғам белсенділері, түрлі саладағы танымал сарапшылар мен мәдениет-өнер өкілдері, блогерлер және т.б қатысты. Антикор жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық тәжірибемен бөлісу мақсатында Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін сұхбатын ұйымдастыруда.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру