Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АБАЙ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 22.03.2021 3647 0 пікір
АБАЙ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ (ФОТО)

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Құндызды елдімекенінде «Байтөлек қажы» атындағы мешіт ашылды. Ауыл халқының жәрдемімен бой көтерген құлшылық үйінің ресми ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Ресми шара барысында Діни басқарма Төрағасы Алла ризалығына жетелейтін амалдар соның ішінде мешіт салудың сауабына тоқталды.

«Абай елі, Семей жұрты қазақ руханиятында өзіндік орны бар мекен. Ауызбіршіліктің үлгісі сақталған. Оған себеп аядай ауыл тұрғындары осындай керемет мешіт салыпты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», – дейді. Шариғи тұрғыдан алсақ, «Алла Тағалаға иман келтірген мұсылмандар намаз оқып, құлшылық жасайтын қасиетті мекен» дегенге саяды. Бұл жер мұсылман баласының Алла Тағаладан дұға-тілектер сұрап, пенделік қателіктеріміз үшін кешірім мен тәубеге келер мекен. Міне, қадірменді жамағат, мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылғандай, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Бүгінгі осынау сауапты іске демеу білдірген бауырларымызға Алла Тағала жәннатта бұдан да қайырлы үй нәсіп етсін. Осы ауданның жамағатына бұл құлшылық үйі берекелі болсын дегім келеді. Құтты болсын!» деді Бас мүфти.

Сауапты істің басы-қасында жүрген Құндызды ауылының тұрғыны, екі дүркін Қазақстан барысы Айбек Нұғымаров мешіттің жаңадан бой көтеруінде әрбір ауыл азаматының қолтаңбасы барын айтты. Тіпті мешіт сәулетшісі де осы ауылдың тумасы екенін жеткізді.

110 адамдық мешіт 2 айға жуық уақытта толықтай салынып біткен. Бұған дейін бұл жерде көне құлшылық үйі болыпты. Ауыл тұрғындары ескі ғибадат үйін қанша жөндегенімен, намаз оқуға жарамсыз күйге жеткен. Осылайша ауыл жастары асарлатып демде жаңа мешітті жамағатқа салып берді.

Ашылу құрметіне арнайы шақырылған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт имамына қасиетті Құран мен кәдесый, оған қоса Құндызды ауылының ұйымшыл азаматтарына алғыс хат табыстады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру