Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ-2020: ЖЫЛДЫҢ ЕЛЕУЛІ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 31.12.2020 1608 0 пікір
ҚМДБ-2020: ЖЫЛДЫҢ ЕЛЕУЛІ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы қызметіндегі осы жылдың елеулі жеті жаңалығын назарларыңызға ұсынамыз.

Бас мүфти сайланды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.

Бес мүфтидің басқосуы. Мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордада басқосып, бір үстел басында сұхбаттасты, Діни басқарманың болашағы жайлы ой бөлісті. Дін қайраткерлеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік медалмен марапатталды. Тарихи сәт таспаға жазылып, мүфтият мұрағатына берілді.

Имамдар форумы. Елордада имамдардың IV республикалық онлайн-форумы өтті. Тарихи басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жолдады. Президенттің құттықтау сөзі LED экранда бейне жазбада берілді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Елбасының ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Форумда «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» тұжырымдамасы құжаттары қабылданды.

«Халық арна» телеарнасы. Осы жылы ҚМДБ-ның төл телеарнасы – «Халық арна» ашылды. Арна «ОтауТВ» және ІD цифрлық телеарнасы арқылы хабар таратуда.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі. Бас мүфти бастамасымен ҚМДБ жанынан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылды. Бұл – ҚМДБ Орталық аппаратында ең ауқымды бөлім. «Ғаламтормен жұмыс» секторын, «Хикмет ТВ» телерадиостудиясын, muftyat.kz және өңірлік 21 сайтты біріктірген бөлім міндеті – Діни басқарманың 4 бағыт бойынша атқаратын қызметін үздіксіз насихаттау.

Діни оңалту бөлімі. ҚМДБ жанынан Діни оңалту бөлімі ашылды. «Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті діни ағымның арбауында кеткен азаматтарды оңалту, оларға діни кеңес беріп, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу. Осы бағыттағы жұмысымызды жандандыру мақсатында «Діни оңалту» бөлімін аштық» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қайырымдылық. Осы жылы ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 142 мұқтаж отбасыға пәтер кілті табысталды. Ал жоба жүзеге асқан сәттен бері 342 отбасы баспаналы болды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен, аймақтағы имамдардың ыждаһатты жұмысы мен демеуші азаматтардың көмегімен еліміз бойынша 1 жылдың ішінде 73 құдық, 43 көпір ел игілігіне берілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі