Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ» IV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР САЙЫСЫ БАСТАЛДЫ (LIVE)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.10.2020 2211 0 пікір
«ӘДЕМІ ӘУЕЗДІ АЗАНШЫ» IV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАНШЫЛАР САЙЫСЫ БАСТАЛДЫ (LIVE)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай «Әдемі әуезді азаншы» IV республикалық азаншылар жарысы Маңғыстау облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы облыстық Бекет ата мешітінде өтіп жатыр. Еліміздің әр облысы мен ірі қалаларынан 20-ға жуық азаншы бақ сынайтын бәсекеге ҚМДБ Төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Діни басқарма өкілдері мен аудан-қала имамдары қатысуда.

– Азанды күнде еститініміз рас. Кейде жай әуезді әуен екен деп қабылдаймыз. Кейде мән бермейміз. Ол Иманның әсілін, Исламның болмысын қамтиды, яғни құдірет те, күш те, басқару да, билік те, әр бір істің тағдыры қамтуында болған Алланы бүкіл нәрселерден ұлықтайды. Сол арқылы адамдарды тек Аллаға құлшылық қылуға, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ілесуге шақырады. Азаншы әрбір кісіні намазға шақырады. Бақытқа бастар жолға шақырады, яғни сені Аллаға жолықтырар сәтке шақырады. Біле білсек, азан Аллаға ұнайтын сөздің ең сүйкімдісі екен. Оған дәлел Құран Кәрімнің мына аяты: «Шын! Мен Мұсылмандарданмын», - деп, Аллаға шақыра отырып ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?». Еліміздің әр түкпірінен оза шауып, әуезімен таңқалдырған азаншылардың бүгінгі республикалық дәрежедегі сайысы сәтті өтсін! Азан үні жамағатымызды ізгілік пен бірлікке, Алланың разылығына шақыра берсін! - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Азаншылар сайысы алғаш рет 2009 жылы елордада, содан кейін Алматы мен Ақтөбе өңірлерінде өткен болатын.

–Елімізде осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған сайысты көрермендер «Aqtau TV» телеарнасы арқылы тікелей эфирде, сонымен қатар ҚМДБ-ның «Хикмет студиясы», облыстық «Бекет ата» мешітінің YouTube арналары арқылы онлайн режимде тамашалауға мүмкіндік алды,-дейді ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.

Құранның күміс сүрелерін әуезді үндерімен шарықтата оқитын азаншылардың сайысына ҚМДБ-ның «Қажылық» бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов, «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының директоры Садуақас қари Олжабай, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы Төлеби Оспан, І-ІІ Республикалық азаншылар жарысының жеңімпазы, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің азаншысы Әли қари Қазақ және Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі Ақтаев Рамазан төрелік етуде.

Айта кетелік, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстауға сапары аясында облыс имамдарының қатысуымен өткен семинарға, азаншылардың құрметіне арналған қайырымдылық іс-шарасына, сондай-ақ, Ақтаудағы Әбіш Кекілбаев атындағы өлкетану мұражайымен танысып, қалалық мешіттің ірге тасын қою және «Ел үлесі – пәтерге» жобасының аясында мұқтаж отбасына пәтер сыйлау рәсіміне қатысады. 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі