Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САДАҚАНЫҢ ЕҢ АБЗАЛЫ – ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 03.10.2020 5474 0 пікір
САДАҚАНЫҢ ЕҢ АБЗАЛЫ – ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

  

Қадірлі ұстаздар!

Баршаңызды мерейлі мерекелеріңіз – ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатты істеріңізге береке тілеймін!

Адам баласының ойлау жүйесі қалыптаса бастаған сәтте әр нәрсені танып-білуге талпынады. Білім адам кеудесіне өздігінен қонбайды. Ата-ананың тәрбиесі, ұстаздың үйретуі, ізгі достардың көмегі арқылы баланың білім көкжиегі кеңейіп, дүние-танымы арта бастайды.

«Адамның адамшылығы ұстаздан» деп Хәкім Абай айтқандай, бойына парасаттылық пен байсалдылық, даналық пен көркем мінез қалыптастыра білген немесе өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен кез келген тұлға ұстаз тәрбиесін алып, тәжірибе жинайды. Өмірдің осы бір ғибратты сәттері әркез жалғаса бермек. Өйткені, ұстаздық ету – өз уақытыңды аямау. Аллаға ұнамды істердің барлығына мол сауап жазылады. Солардың ішінде адам тәрбиелеудің маңызы үлкен. Тәрбие ісі – абыройлы жұмыс.

Ұстазға құрмет көрсету – адамгершіліктен. Тәрбие беруші тұлғаны ардақтап, оған сый-құрмет көрсету де – сауапты іс. Хазіреті Әли (оған Алла разы болсын): «Кім маған бір әріп үйретсе, оның құлы болуға дайынмын» деген екен. Ал мәзһабымыздың негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа ұстазына деген құрметін былай жеткізеді: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан әдепсіздік болмасын деп ұстазым Хамидтің үйіне қарай аяғымды созып жатқан емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздан кейін ата-анаммен қос ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін». Біз бұдан ұстазға деген құрметтің үздік үлгісін көреміз. Ұстазын қадірлей білген адам өзгеге де құрмет көрсете алады.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» деген.

Байыптылық пен байсалдылық – мұсылманға тән сипат. Ұстаздарымыз шәкіртке білім беріп қана қоймай, оны ұстамдылыққа, даналыққа үйретуі қажет. Ұстамды адам қандай жағдай болса да ұтылмайды.

Көп жағдайда садақа ұғымын біреуге қаржылай көмектесу, оған қайырымдылық жасау деп түсініп, осындай оймен шектеліп жатамыз. Садақа сөзінің мағынасы терең, ұғымы кең. Садақаның ең абзалы – ұстаздық ету. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» деген. Алланың бізге берген қабілетін ілім үйретіп, шәкірт тәрбиелеуге жұмсағанымыз – садақа жасағанымыз.

Тағы бір хадисте айтылғандай, «адам қайтыс болғанда амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам».

 Артына ілім қалдырған адам үшін шәкірті әрдайым дұға жасап, жақсылық тілеп жүреді. Сондай азаматтардың қатары көбейсін деп тілейміз.  

Алла Тағала барша ұстаздарға жар болып, ізгі амалдарының сауабын еселеп жазғай. Әмин!    

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру